Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» және ІІ дәрежелі «Барыс», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов өмірінің өнегелі тұстары көп.
Алла тағала әу бастан нығмет берген, Темірхан Досмұхамбетов отыздың бел ортасында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанып, одан әрі Жоғарғы Кеңестің депутаты, екі мәрте Спорт және туризм министрі, екі мәрте Президенттің Іс басқармасының басшысы, Астана қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Темірхан Мыңайдарұлы – тәуелсіз Қазақ елінің аяғынан қаз тұрып, әлемге таныла бастаған тұсында қара нардай қайрат қылып, бейнет кешкен үлкен тұлғаның бірі. Елбасының қасында жүріп, Астана құрылысына білек сыбана араласты, жас қазақ мемлекетінің еңсесін көтеруіне атсалысты. Саясаттың қыр-сырына қанықты. Мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.
Енді біз Досмұхамбетов өмірінің өнегесі мол тұстарынан әңгіме шертіп көрейік.
Ұстазға араша
Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. 1975 жылы күтпеген жерден бапкері Асқар Асубаевтың басына бұлт үйірілді. Алматы денешынықтыру институтының күрес кафедрасында қызмет істейтін оның үш шәкірті бір милиция қызметкерін соққыға жығып, түрмеге түседі. Ол кез Кеңес Одағы Коммунистік партиясының дүркіреп тұрған шағы. Асқар Асубаев партия мүшесі болатын. Институттың партия ұйымы үш шәкірті бұзақылық жасаған жаттықтырушыны жиналысқа салып, бастауыш партия ұйымының жетекшісі Финогенова оған қатты шүйлігеді. Ол Асубаевты партия қатарынан шығару керек дейді.
Ұстазының басына түскен жағдайды естіген Темірхан Досмұхамбетов оны ертіп, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Қаркен Ахметовтің алдынан бір-ақ шығады. Ахметов – ұзақ уақыт қазақ спортын басқарған, елге танымал азамат. Болған оқиғаға қаныққан ол бірден Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соғады.
– Асқар Асубаев мықты балуандар баптап жүрген жаттықтырушы, – дейді Қаркен Ахметұлы аудандық партия комитетінің басшысына. – Ол шахматшы дайындап жүрген жоқ, айқасқа түсетін жігіттерді баулып жүр. Спортшылар қателікке ұрынған екен. Олар заң жүзінде жазасын алады. Шәкірттері үшін жаттықтырушыны қатты жазалаудың қажеті бола қоймас...
Ұзамай Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі өтеді. Сонда Финогенова жаттықтырушыны партия қатарынан шығару туралы ұсынысын тағы ортаға салады. Сол кезде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы сөз сұрап, Асқар Асубаев шәкірттерінің аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатынын, әсіресе, көшедегі тәртіпті қадағалайтын ерікті халық сақшылары қатарында самбошылардың көп екенін айтып, жаттықтырушыны қолдап шығады. Өзге бюро мүшелері де Асубаевты партия қатарынан шығаруға келіспейді. Көптің пікірін асықпай тыңдаған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жиналысты қорытып, нәтижесінде Асқар Асубаев партия қатарында қалумен қатар, институттағы жаттықтырушылық қызметін одан әрі жалғастырады.
Міне, 26 жастағы жас жаттықтырушы Темірхан Досмұхамбетов қалалық партия комитетінің хатшысына жол тауып, ұстазына осылайша араша түседі.
Мәскеуді мойындату
Самбо күресінің отаны Ресей екені белгілі. Тұңғыш әлем чемпионы Давид Рудман негізін қалаған Мәскеудегі «Самбо-70» кәсіпқой мектебі күрестің осы түрінен ондаған жаһан жеңімпазын дайындады. Орыс мемлекетінің астанасында орналасқан атақты мектептің самбошылары 1977 жылы Темірхан Досмұхамбетов баптаған қазақ балаларына есе жіберіп қойды. Сол жылы Мәскеу қаласының ашық біріншілігінде оның төрт шәкірті чемпиондық тұғырға көтеріліп, қазақ балуандары командалық есепте бас бәйгені жеңіп алды. Мұндай биікке бұрын-соңды одақтас республикалардың ешқайсысы жетіп көрмеген еді.
– Қазақ университетінің балуандары Рудманның мектебінен басым түсті, деген хабар құлағыма тиісімен Досмұхамбетовтің жаттығу залына әдейі бардым, – дейді Асқар Асубаев сол күндерді еске алып. – Барсам, аядай ғана күрес залында жаттығу қызып жатыр екен. Жаттығу біткен соң Темірхан шәкірттерін ортаға жинап, әрқайсысына мінездеме бере бастады. «Сен осы бетіңнен танбасаң, әлем чемпионы боласың», деді тапалдау келген қара балаға. «Сен әлем чемпионы... сен Еуропа чемпионы... сен СССР чемпионы боласың». Осылайша бірнеше баланы кезек-кезек орнынан тұрғызып, бір жағы қайрап, бір жағы келешек күндерге үміттендіріп, жалынды сөз айтты. Ол тұста қазақ самбошылары Кеңес Одағын мойындата қоймаған еді. Бізден әлем, Еуропа чемпиондары шыға қоймаған кез. Досмұхамбетовтің сөзі сол кездегі мықты деген спорт мамандарының өзіне бос қиял болып естілуі мүмкін-тін. Қазір қарап отырсақ, Темірхан Мыңайдарұлы ұядай ғана залда қарадомалақ бауырларын баптап жүріп, жастығына қарамай күрес шыңына құлаш сермеген екен.
Арада үш жыл өткенде, 1981 жылы 18 жастағы Айтжан Шаңғараев ересектер арасында Кеңес Одағының чемпионатын ұтып алып, Досмұхамбетовтің бапкерлік білігінің жоғары екенін дәлелдеді. Ол – самбодан КСРО-ның ересектер чемпионатын ұтқан бірінші қазақ балуаны. Айтжан одан әрі Еуропаны мойындатты, Әлем кубогын жеңіп алды. Оның өкшесін басып, әлем чемпионы Мәден Қалиеков шықты. Одан кейін дзюдо майданында Бостан Жаңбырбаевтың бағы жанды. Ол 1987 жылы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Одақ чемпионатының жүлдегерлері Қайрат Шаңғараев, Валентин Погодин, Владимир Мукамелов, Дүниежүзілік студенттер ойындарының жеңімпазы Зиядин Исабеков... Айтып-айтпай не керек, Досмұхамбетовтің ҚазМУ-дің шағын залында жаттығатын самбошылар командасы Қазақстан мен Кеңес Одағының айтулы жарыстарында сан мәрте топ жарды. Бұл команда 1979 жылы дзюдо күресінен Бүкілодақтық студенттер ойындарының жеңімпазы атанды.
Иә, «Ұстаздан шәкірт озар», деген сөз осындайда айтылса керек. Бапкер бен шәкірттің бірін-бірі риясыз көңілмен сыйлағаны қандай жақсы. Темірхан Досмұхамбетов қандай биік лауазымға қол жеткізсе де, Асқар Асубаевтай ұстазынан ешқашан алыстаған емес. Қуанышында қасында болады. Ағасы қиналса, қолын созады. Сонау 1969 жылы басталған сыйластыққа әлі күнге дейін қылау түскен жоқ.
Қаркен ағамен танысу
Темірхан Досмұхамбетовтің қазақ спортының сол кездегі басшысы Қаркен Ахметовпен танысуының өзі қызық болды.
Әскерден жаңа келген жас жаттықтырушы ҚазМУ-дің күрес залында қырық шақты баланы күреске баулып жатқан. Бір кезде денесі тығыршықтай, дөңгелек жүзді кісі кілем шетіне келіп: «Әй, қайдасың?» деп еркінси үн қатты. Досмұхамбетов болса: «Жарты сағаттан кейін қолым босайды, сосын сөйлесейік», – деп жаттығуын жалғастыра берді.
Арада жарты сағаттай уақыт өткенде, әлгі кісі залға қайта кірді. Қасында университет денешынықтыру кафедрасының меңгерушісі Семен Либерман бар. Бойы сырықтай Семен Лазаревич тәпелтек, бейтаныс кісінің алдында елпеңдеп, әлсін-әлсін иіледі.
– Сен қайдан боласың? – деді бейтаныс кісі мұны кілем шетіне шақырып.
– Қостанайданмын, – деді жас жаттықтырушы саспай.
– Қазақстандағы мықты жаттықтырушылардың бәрін білемін. Сені неғып білмеймін? – деді әлгі кісі жылыұшырай сөйлеп.
– Білмедім.
– Сен маған ұнадың. Сені көп адам жақсы жаттықтырушы дейді. Танысып қояйық, республикалық Спорт комитетінің төрағасы Қаркен Ахметов деген ағаң боламын.
...Қазақ спортының тарихындағы екі әйгілі басшы қарапайым ғана күрес залында осылайша танысып еді.
Шапағат шуағы
Ағайынды Нұрғожа, Айтжан, Қайрат Шаңғараевтардың аналарынан басқа арқа сүйер ешкімі жоқ-тын. Досмұхамбетов үшеуін де бауырына тартып, боз кілемде қатар баптады. Айтжан қазақ самбошыларынан бірінші болып Кеңес Одағының ересектер чемпионатында жеңімпаз атанумен қатар, КСРО халықтары спартакиадасында екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нұрғожа Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанып, одақтық ірі жарыстардың талай бәйгесін алды. Күрестің үш түрінен спорт шебері. Ал Қайрат болса, КСРО біріншілігінің екі дүркін жүлдегері. Әкелері ерте қайтыс болып, аналары теміржолда жұмыс істеген ағайынды үш балуан жас кездерінде тұрмыс тауқыметін көп тартты. Бұлардың жағдайын жан-тәнімен түсінген Темірхан балуандардың анасына ұлдарының тағдырын өзіне тапсыруын өтінді. Және мұнымен шектелмей, Қайратты бауырына басқысы келетінін айтты. Жүрегі нәзік ана шыдамай, жылап жіберді. Досмұхамбетов кішкентай Қайратты қолынан жетектеп, зайыбы Сәуле екеуі тұратын жатақханаға алып келді. Көңілдің кеңдігінен аядай бөлме үшеуіне тарлық жасаған жоқ. Арада үш ай өткенде, Қайрат анасын сағынып, үйіне қашып кетті. Ертеңіне ұстазынан ұялып, күрес залының табалдырығынан әрең аттаған. Ағасынан кешірім сұрады. Бапкері еш ренжіген жоқ. «Түсінемін. Бәрі жақсы болады», деді жұдырықтай баланы бауырына қысып тұрып.
Кезекті КСРО чемпионаты қарсаңында Қайрат жол апатына ұшырап, жұлын омыртқасына зақым келді. Өмір мен өлім арпалысқа түскен алмағайып сәтте Темірхан ағасы тағы да көмекке келді. Білікті нейрохирург дәрігер тауып, шәкіртінің операциясының сәтті болуын тіледі. Сосын Қайрат аяғынан тұрып кеткенше, бір жыл бойы халін сұрап, жәрдем беріп тұрды.
Күрес балаларды шыңдап қана қойған жоқ, оларға күнделікті азық болды. Досмұхамбетов шәкірттеріне студент асханасынан тамақ ішетін талон алып беретін. Жақсы күрескен балаларға өзі жатақханада тұрып жатса да, жалақысының жартысына кезек-кезек спорттық киім әпереді. Ал шәкірті Мәден Қалиеков әлем чемпионы болғанда шаттанғаны соншалық, жігіттерге дастарқан жаю үшін үстіндегі қымбат бағалы былғары курткасын арзан бағаға сатып жіберді.
Жолдасбековпен жүздесу
Бір күні кафедра меңгерушісі Семен Либерман мен спортклуб бастығы Темірхан Досмұхамбетовті университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков өзіне шақыртты. Ректорға барар алдында Семен Лазаревич: «Ректор сені университеттің Ыстықкөлдегі лагеріне директор етіп тағайындайды. Лагерьдің екі коттеджін және асханасын жөндеу керек. Сен ректордың алдына бірінші рет бара жатырсың. Ол кісі бірінші жолы ешкімнің қолын кері қақпайды. Құрылысқа қажетті материалды көбірек сұра», деп Досмұхамбетовке сметаны екі еседей артық жаздырды.
Екеуі ректорға кірді. Жолдасбеков Досмұхамбетовке Ыстықкөлдегі лагерьге басшы құтаймай жүргенін, демалыс орнының студенттер мен ұстаздар үшін өте маңызды екеніне тоқталды. Сөзінің соңында ректор осы уақытқа дейін спорт клубын биік деңгейге көтерген Досмұхамбетовке өзінің зор сенім артып отырғанын жеткізді. Темірхан ректорға алғыс айтып, сметаны алдына қойды. Оны қолына алған Жолдасбеков: «Қызметке енді кіріскен жас маманның мені алдағаны жараспайды. Мен математикпін», деп шатырды жөндеу үшін неше шифер керектігін, шиферді қағуға қанша шеге қажеттігін табан астында санап шықты. Сөйтті де: «Мұны сен өз ойыңнан жазған жоқсың, – деп жанарын төмен салып, қысылып тұрған Досмұхамбетовке қарады. – Бұлай жаздырған Семен Лазаревич. Сіз неге жас маманды алғашқы күннен өтірік айтуға үйретесіз?!».
Бір жылда Ыстықкөлдегі лагерьдің үш басшысы орнынан босап, төртінші басшы болып қызметке кіріскен Темірхан жергілікті қырғыз ағайындармен тіл табыспайынша, шаруаның алға баспайтынын жақсы түсінді. Шыны керек, алғашында бұл жерден береке тауып, жаңа ортаға сіңісіп кететініне сене қоймаған. Уақыт өте келе Ыстықкөл басшыларымен, өрт сөндіру, электр жарығы, техникалық бақылау, санэпидемстанса секілді қызмет орындары жетекшілерімен сыйласып, көл жағасындағы ипподромда мереке кездерінде самбо, дзюдо және бокстан шеберлік жекпе-жектерін ұйымдастырды. Досмұхамбетов лагерьде күрес секциясын ашты. Секцияға қазақ студенттерімен бірге жергілікті қырғыз балаларын да тартты. Содан бастап, ыстықкөлдіктер қазақтарды сыйлайтын болды.
ҚазМУ-дің Ыстықкөлдегі лагерін жеті жылдай басқарған Досмұхамбетов республикалық «Еңбек резервтері» спорт қоғамының төрағасы болып сайланды. Бұрын қатардағы спорт қоғамының бірінен саналған ұйым елдегі ең ірі әрі мықты спорт қоғамына айналды.
Түйін
Адам баласы тағдырына тәуелді. Темірхан Досмұхамбетовтің тағдыр-талайына қазақ спортының нардың белі қайысар жүгін арқалау жазылыпты.
Сондықтан да болар, біз кейіпкеріміздің негізінен спорттық өміріне қатысты сөз қозғадық. Ол кісінің саясаттағы жолы да талай әңгімеге арқау болары анық.
Бекболат ТІЛЕУХАН.
АСТАНА.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысыТемірхан Досмұхамбетов пен Монако князі, бобслейден 5 мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан Альбер ІІ Сочидегі Қазақ үйінде.