Білім • 19 Желтоқсан, 2021

Отандық ғылымның отыз жылы

732 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің ең үлкен табысы – тоқырау жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған отандық ғылымды сақтап қалғанымыз. Рас, бұл салада біз көп дүние жоғалттық. Алайда «орнында бар оңалар» дегендей, ғылымның кейбір бағыттарында жоғары жетістіктерге жетіп үлгерсек, кей бағыттарда жоқтың орнын толтыруға ұмтылдық.

Отандық ғылымның отыз жылы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

35 мыңнан аса өнертабыс

Әуелі сандарды сөйлетейік. Сан сапа­ға жетелейді. Білім және ғылым ми­нистр­лігі жанындағы Ғылым коми­теті­нің ақпаратына сүйенсек, 1992-2021 жылдар аралығында Қазақстанда өн­ді­ріске енгізу үшін 36 306 ғылыми әзір­леме жасалған. Соның ішінде 2 183-і – ме­дицина және денсаулық сақтау;

1 123-і – металлургия; 1 038-і – химиялық тех­нологиялар мен өнеркәсіп; 689-ы – машина жасау; 453-і – энергетика; 654-і – геология; 98-і – электротехника; 159-ы электроника және радиотехника саласында өндіріске енгізілді.

1991-2016 жылдар аралығында елі­мізде өнеркәсіптік меншік объек­ті­леріне 40 мыңнан астам патент беріл­ген. Оның ішінде 35 001 өнер­табыс; 1 782 пайдалы модель; 2 978 өнер­кәсіптік үлгі; 706 селекциялық жетістік патенттеліпті.

Ғылым саласында 22 665 адам жұмыс істейді. Оның 18 228-і – маман-зерттеуші. 35%-ның ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар, бұл – 1 883 ғылым докторы, 4 324 ғылым кандидаты, 1 755 PhD және 62 бейіні бойынша доктор.

Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева: «Ел экономикасына елеулі әсер етуі мүмкін ғылым жетістіктерін айрықша атап өтуге болады. Отандық ғылым жетістіктерінің бірі – бериллий алу технологиясы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары улы газдардың бөлінуімен қатар жүретін, үлкен энергия шығынын және металды балқыту кезінде отқа төзімді қымбат жабдықты пайдалануды талап ететін жоғары температуралық процесті алып тастау мүмкіндігін тапты. Жаңа технологияларды енгізу негізінде бірегей электр-физика-химиялық қасиеттері бар бериллий оксидінен 150-ден астам жаңа өнім алуға мүмкіндік туды», дейді.

Алпауыт елдер қызығып отыр

«Қазақстандық ғылымның 30 жылда жеткен жетістіктерін тізбектей берсек болады. Ал тек соңғы жылдардағы өнертабыстарды атасақ, ең әуелі жаһан­дық проблеманы өз бетімізше шеше ала­ты­нымызды дәлелдеген отандық вакцина ойымызға оралады. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген QAZVAC бүгінде қолданысқа енгізіліп үлгерді. Осы тізімді әрі қарай Ұлттық биотехнология орталығының коронавирус штамдарын анықтауға арналған ПТР-тесті, Микробиология және вирусология институтының ауыл шаруашылығына арналған биологиялық өнімдерді жасау технологиясы, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институ­тының эндопротездеу көмегімен жамбас хирургиясындағы инновациялық әдістері, А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының синтетика­лық және өсімдік шикізатынан жасалған жаңа отандық дәрілік заттары, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техни­калық университетінің мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдау кезіндегі энергияны үнемдеу технологиясымен жалғастыруға болады», дейді Ж.Құрманғалиева.

 

Халықаралық базада 14 268 еңбек жариялаған

Елімізде ғылыми метриясымен айналысатын санаулы маманның бірі профессор Болат Кеңесов өзінің талдау қорытындыларын ұсынды. Біз дәл осы сарапшының сараптамалық зерттеулерінің нәтижелеріне кеңірек тоқталғанды жөн көрдік. Себебі ол кейбір детальдарын тереңірек түсіндіреді.

«1991 жылдан 2020 жылға дейін қазақстандық ғалымдар Web of Science (WoS) деректер базасындағы Science Citation Index Expanded (SCIE), Social Science Citation Index (SSCI) және Arts and Humanities Citation Index (AHCI) сілтеме индекстерінде индекстелетін 14 268 мақала мен шолуды жариялады. Мұндай мақалалар мен шолулар­дың ең көп саны жаратылыстану ғылымда­­ры (9 766), инжиниринг және технологиялар (3 917), медицина және денсаулық сақтау (1 894) және әлеуметтік ғылымдар (1 121) бойынша жарияланды. Қазақстандық ғалымдар жыл сайын WOS негізгі үш индексінде индекстелетін журналдарда жариялаған мақалалар мен шолулардың саны 50 есе өсті (40-тан 1 998-ге дейін). Қазақстандық ғалымдардың мұндай жарияланымдардың бүкіләлемдік санына қосқан үлесі 0,0069-дан 0,090%-ға дейін өсті. Ал Қазақстан ғылыми жарияланымдардың саны бойынша әлемде 109-дан 75-орынға көтерілді. WOS негізгі үш индексіндегі мақалалар мен шолулар саны бойынша еліміз гуманитарлық ғылымдар (58), инжиниринг және технологиялар (65), жаратылыстану ғылымдары (70) және әлеуметтік ғылымдар (71) бойынша әлемдегі ең жоғары орындарға ие болды. Дегенмен медицина және денсаулық сақтау, сондай-ақ ауылшаруашылық ғылымдары бойынша әлемдегі позиция айтарлықтай төмен, яғни 90 және 92-орынға тұрақтап тұрмыз», дейді сарапшы Б.Кеңесов.

Профессор Б.Кеңесовтің талдау деректеріне қарағанда, 1997 жылдан 2020 жылға дейін WOS бірінші квартилінің ең беделді журналдарында отандық ғалымдар жариялаған мақалалар мен шолулардың жалпы саны 3 089 құрады. Қазақстандық ғалымдар жыл сайын жариялайтын осындай журналдардағы мақалалар мен шолулардың саны 16-дан 610-ға дейін (38 есе) өсті, ал ел 116-дан 84-орынға шықты. Мұндай мақалалар мен шолулардың ең көп саны жаратылыстану ғылымдары (2 139), инжиниринг және технологиялар (1 039), медицина және денсаулық сақтау (460) бойынша жарияланды. WOS базасындағы бірінші квартильге кіретін журналдардағы мақалалар мен шолулардың үлесі WOS негізгі үш индексіндегі мақалалар мен шолулардың жалпы санынан 10,3-тен 32,7%-ға дейін өсті. Бұл жарияланымдардың сапасы мен сұранысының өсуін көрсетеді.

Ендігі кезек – дәйексөздерде. Ғылыми метрикада дәл осы бөлік ғалымның, сол арқылы белгілі бір елдегі ғылымның әлеуетін анықтауға негіз болады. Ғылыми еңбекке неғұрлым көбірек сілтеме жасалып, одан сөйлемдер мен деректерді алса, соғұрлым нәтиже жоғарылай береді. Және ғылыми өнім­нің өміршеңдігі арта түседі. Соны­мен тәуелсіздік жылдарынан бері жа­рия­ланған ғылыми материалдардың мазмұны қаншалықты маңызды, өзге зерттеушілер үшін пайдалы болды? Бұл сұраққа сарапшы Б.Кеңесов: «1991 жылдан 2020 жылға дейін жарияланған және SCIE, SSCI және AHCI индекс­телген қазақстандық ғалымдардың мақалалары мен шолуларынан 153 300 дәйексөз алды. Әлемде ең көп дәйексөз келтірілгендердің 1%-ына қазақстандық ғалымдардың қатысуымен дайындалған 133 мақала мен шолу, топ 10%-ына 864 мақала мен шолу кірді. 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін жария­ланған қазақстандық авторлардың мақалалары мен шолуларының қа­лыпқа келтірілген дәйексөзділігі (CNCI) (авторлар саны 10-нан аспайтын жария­ланымдар ғана ескерілген) 1,00 орташа әлемдік деңгейде 0,72 құрады. Жарияланымдардың орташа қажеттілігін көрсететін осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 107-орында тұр», деп жауап берді.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар