Қоғам • 20 Желтоқсан, 2021

Әнмен емдеудің де әдісі бар

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ән десе әр кез адамның рухани азығы, жан дүниенің жарық шашқан сәулесі, жүрек қылын шертетін жұмбақ құбылыс деп қарайтынымыз бар. Ол да рас. Алайда әннің тек жан азығы болып қалмай, тәнді сауықтыратын, ол аз десеңіз түрлі дерттен оңалтатын да қасиеті бар болып шықты. Әсіресе, сөйлеу, есту қабілетінде тұтығу, кекештену секілді кемістігі бар жандарды әнмен емдеу әдісі пайда болды. Алыс-жақын, шетелде емес, өз Отанымызда осындай емдеу тәсілін меңгерген маман бар.

Әнмен емдеудің де әдісі бар

Қазақ халқының абыройын әлем жұрт­шылығы алдында асқақтатып жүр­ген әйгілі өнер жұлдызы, отандасымыз Димаш Құдайбергенді білмейтін қазақ кемде-кем. Оны ерекшелеп тұрған – дауысы әрине. Тіпті Димашты «дауысы алты октавалық адам» деп атайтындар ­да аз емес. Яғни бір өзі бір емес, бірнеше октаваны еркін игерген тұлға. Ол туралы айтылып жатқан пікір мен беріліп жатқан баға аз емес. Соның ең қызық­тысы – тыңдармандарының «Димаштың да­уысымен емделемін» дейтін пікірі болса керек. Алғаш осы тектес жазбалар­ды оқығанда әншіге деген махаббаттың әсе­рі ғой деп мән бермеген болатынбыз. Ке­ле-келе мұндай пікірдің де жаны бар де­ген ойға қалып отырмыз.

Неге? Жуырда вокал мұғалімі бала­лар­дың сөйлеу мен есту қабілетінің бұзы­луын өзінің авторлық әдісі бойынша емдейтінін естіп, таң-тамаша болдық. Бүгінгі медицинада балалардың есту және сөйлеу қабілетінің бұзылуы күрде­лі мәселеге айналды. Ол бүлдіршіннің әлеуметтік бейімделуі мен қарым-қаты­нас жасау кезінде айқын байқалады. Көп жағдайда мұндай балалардың ата-анасы да, балалардың өзі де бұдан арылу мүмкін емес деп ойлайды. Ал мұндай жағдайда шығармашылықпен айналысу тіптен мүмкін емес.

Есесіне, ересек оқушылармен салыс­тырғанда балалардың вокал педаго­гикасының бірқатар ерекшеліктері бар. Егер осы саладағы кәсіби мамандар дұ­рыс тәсілдерді қолданып, балалармен ұйым­даса жұмыс істесе, әлі қалыптаса қоймаған бала ағзасын түзеуге болады. Егер сөйлеу қабілетінде кемшілігі бар оқушыларға келсек, бұл мәселені уақытында шешу үшін невропатологқа, логопедке, вокал мұғаліміне жүгінуіңіз керек. Ал вокал терапиясының көме­гімен баланың сөйлеу қабілетін түзе­ту – шығармашылыққа ұмтылған бал­дырғанның өміріне оң әсер етуі мүмкін. Музыкамен шұғылдану, ән айту – мұндай балалармен жұмыс істеуге оң әсер ететін тиімді психокоррекциялық, емдік әдістер. Алайда педагог мұндай оқушылармен ұзақ және тиімді жұмыс тәжірибесі бар маман болуы керек.

Сондай-ақ педагогтың вокалдық тера­­­пияның тетіктері мен әдістерін мең­гер­ген, маңызды білім иесі болуы да үлкен рөл атқарады. Мәселен, Ләйлә Болат­бек – сондай білікті мамандардың бірі. Дауысты, тембрді, интонацияны тұжы­рымдау ісінде көпжылдық тәжіри­бесі бар. Ол дауыс қою мен сөйлеу кеміс­тіктерін түзетудің жетекші маманы ғана емес, есту қабілеті бұзылған бала­ларды оқытудың да әдістемесін әзір­леген кәсіби маман. Оның өмірлік тәжірибесінде осындай проблемалары бар жасөспірімдер жетіп артылады. Олар дертпен күресуде айтарлықтай серпіліс жасап, шығармашылықта өз мүмкіндіктерін айқын көрсете білді. Бала күнінен есту аппаратын тағуға мәжбүр болған шәкірттерінің бірі бү­гінде пианинода еркін ойнап, ән айтады. Ал оның тағы бір шәкірті кекештенуден толық айығып кетті.

– Бастапқыда есту және сөйлеу қабі­­летінде кемшіліктері бар балалар ме­нің сабағыма қысылып, қорқып ке­леді. Алайда әлеуметтік емес, басқа да маман­дардың бірлесе өткізген сәтті тү­зету сабақтарынан кейін, сондай-ақ қол жеткізген оң нәтижелерден соң оқушы­ларымның көңілдері көтеріліп, көздері жанып, өмірлері оң бағытта өзгеруде. Бұл балалық армандар­дың орындалатын сәті, – дейді Ләйлә Болатбек.

Айта кетерлігі, қазір Ләйләнің талантты шәкірттері вокал байқауларына сәтті қатысып жүр. Мұғалімнің және ол жұмыс істейтін мектептің ендігі мақсаты – осындай кәсіби маманның көмегіне мұқтаж, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан есту және сөйлеу қабілеті нашар балалар үшін тегін оқи алатын арнайы сынып ашу.