Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2021

Мал ұрлығы өршіп тұр

8654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мал ұрлығына қарсы заң күшейгенімен, төрт түліктің қолды болуы тыйылар емес. Әсіресе тоғыз жолдың торабында тұрған аудандардан сиыр, жылқы жиі жоғалады. Жуықта Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының 33 жастағы тұрғыны жайылымнан 18 бас жылқысының жоғалғанын айтып, Ұлан ауданының полиция бөліміне жүгінген. Мал иесінің айтуынша, жылқылары жайылымда жүрген жерінен жоғалып кеткен. Бір апта бойы малды өз бетімен іздеген. Ұрының ізіне түсе алмаған соң құқық қорғаушылардан көмек сұраған.

Мал ұрлығы өршіп тұр

Арыз түсе сала іске кіріскен полицейлер Жанұзақ ауылы маңынан қолды болған жылқыларды тауып, иесіне қайтарып берді. «Қайтқан малда қайыр бар» деген иесі полицейлердің іс-қимылдарына риза. Алғысын жау­дырды. Іздеу шамамен 10 күнге со­зыл­ған. Автожолдар мен ет өнімдерін өткізу орындары жедел жабылып, күдікті көліктер түгелдей тексерілді. Полицейлердің айтуынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Мал ұрлығының немесе жоғалудың алдын алу үшін Полиция департаменті мал иелерін қора-қопсыларын жөндеп, малды қараусыз қалдырмау керектігін айтады. Сондай-ақ малды таңбалап, тіркеуді де ұмытпаған жөн. Өкінішке қарай, жол бойында қараусыз мал көп. Қараусыз жүрген соң да қолды ету оңай. Бір жағынан қараусыз жүрген мал иесіне де айыппұл бар. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы кезінде «айып тұрағына» 2 115 бас мал қамалған екен. Айта кетсек, 15-24 қараша аралығында Шығыс Қазақстан облысы аумағында «мал ұрлығы» жедел алдын алу профилактикасы өткізілді. Үш күн ішінде ғана мал ұрлығына қатысты 17 қылмыс ашылған. Криминалдық полицейлердің арқасында 66 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды: 40 жылқы, 26 ірі қара. 148 азамат мал жаю ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік­ке тартылды. Мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 571 автокөлік, 427 ша­руа қожалығы мен мал бағатын орын, мал және ет өнімдерін өткізетін 197 базар, дүкен, павильон тексерілді. Тексеру кезінде ветеринария саласынан да бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды.

Сондай-ақ «Мал ұрлығы» респуб­ликалық жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Абай аудандық поли­ция бөлімінің қызметкерлері мал ұрлы­ғымен айналысқан қылмыстық топты ұстаған. Үш адамнан құралған топ Абай ауданының тұрғындары екен. Полиция қызметкерлері олардың 2020 жылдан бастап 14 бас жылқы ұрлағанын анықтады. Шығын сомасы 5 млн теңгені құрады. Бұл ұрлық жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде ашылды. Күдіктілердің бірінің қыстағын тексеру кезінде заттай дәлелдер, яғни малдың терілері мен тұяқтары табылды.

Мал ұрлығы фактісі бойынша қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті сот­тың санкциясымен қамауға алынды. Ол кінәлі деп танылған жағдайда оған 7 жылға дейін бас бостандығынан ­айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал қыл­мыстық топтың өзге мүшелерінің осы іске қаты­сы анықталуда.

– Жайылымнан ұрлықтың алдын алу үшін жұмыстар тұрақты түрде жүр­гізіледі. Қараусыз қалған мал – ұры­лар үшін олжа. Тұрғындар осыны түсі­ніп, малына ие болуы керек. Байқа­ғанымыздай, малдың көбі жайылым­нан жоғалады. Ал оларды іздеу – үл­кен жұмыс. Баса айта кетерлігі, иесіз малдың ав­токөлік жүргізушілеріне де қауіп төн­діретінін ұмытпауымыз керек, – дейді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.

10 күн ішінде мал ұрлығына қатысты 33 қылмыс ашылған. Естеріңізге сала кетсек «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне қыл­мыс­тық, қылмыстық іс жүргізу заңнама­сын жетілдіру және жеке адам құқық­тары­ның қорғалуын күшейту мәселе­лері бо­йынша қолданысқа енгізіл­ген және заң­ды күшіне енген өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» за­ңында мал ұрлығына қатысты жаза қа­таң. Нақтылап айтсақ, мал ұрлығы дәлел­денген жағдайда қылмыскер­дің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есеп­тік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айып­пұл салынады немесе 5 жылға дейін­гі мер­зімге бас бостандығы шектеле­ді. Қыл­мыстың ауырлығына қарай 7 жыл­­ға дейін де бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Сондықтан да ниеті бұзықтар заңсыз әрекетке бармас бұрын қатаң жаза барын есте ұстауы керек. Айтып өткендей, мал иелері де сақ бол­ғандары жөн.

 

Шығыс Қазақстан облысы