Күрес • 20 Желтоқсан, 2021

Балғын балуандар белдесті

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының іргесінде орналасқан Талғар қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақ күре­сінен әлем және Азия чемпио­натының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еркін Сайдақовтың жүлдесіне арналған жас­өспірімдер арасында рес­пуб­ликалық турнир өтті.

Балғын балуандар белдесті

Аталған жарысқа еліміздің 11 облысынан келген 25 команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында Талғар аудандық спорт басқармасының басшысы Аман­жол Нұғманов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жанындағы Өнер және мәдениет институтының директоры Тоққожа Мұ­қажанұлы, грек-рим күресінің хас шебері Нұртан Жұмабеков, №2 балалар спорт мектебінің директоры Айгүл Орал­­бекқызы, ауыр атлетикадан әлем чем­пионы Жасұлан Қыдырбаев және Еркін­нің ата-анасы Мұқаш Сайдақов пен Гүл­­сара Мұқанова құттықтау сөздерін айтып, балғын балуандарға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған жарыс барысында балуандар 10 салмақ дәрежесі бойын­ша түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласының өкілдері бірінші орын алса, екінші орынға Қызылорда облысының спортшылары табан тіреді. Ал үздік үштікті Алматы қаласының өрендері қорытындылады. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдар, кубоктар және баға­лы сыйлықтармен марапатталды.

Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иман­ғалиевтің айтуынша, осындай жарыс­тардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны абзал. Біріншіден, бұл – халық­аралық аренада ел мерейін асқақтатқан спортшыға деген құрмет. Екіншіден, түрлі бәсекелерге жиі қатысқан жас балуандардың шеберлігі ар­тып, олар психологиялық тұрғыдан да шың­дала түседі.