Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2021

Жалған шот-фактура жасаған фирмалар анықталды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Қаржы министрлігі жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан 8 000-нан астам күндік фирмаларды анықтады. Бұл туралы мәжілісте ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалған шот-фактура жасаған фирмалар анықталды

Ерұлан Жамаубаев қашықтықтан әкімшілендірудің ең тиімді құралы «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу болғанын хабарлады. Оның айтуынша, жүйе салықтардың жиналуын жақсартуға, салықтық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жалған кәсіпкерлік белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Жүйе іске қосылған сәттен бастап шамамен 800 млн шот-фактура жазылды. Ол бұзушылықтарды қашықтықтан анықтауға және бұзушылықтар туралы хабарламалар шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 550 млрд теңгені субъектілер тексеруге шықпай бюджетке дербес төледі», деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрлігінің басшысы талдау барысында жалған шот-фактураларды жазатын күндік фирмалар да анықталғанын айтты.

«Қазір мұндай салық төлеушілердің 8 мыңнан астамы бар. Бұл компаниялар бойынша айналымдар шамамен 2,8 млрд теңгені құрады. Қажет болған жағдайда осы компаниялар бойынша ақпарат қаржы мониторингі агенттігіне беріледі. Егер қылмыстық компонент болса, агенттік қызметкерлері тергеу жүргізіп, істерді сотқа береді», деп қосты ведомство басшысы.