Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2021

G-Global. XXI ғасыр әлемі: «Отбасы банк» және онлайн формат

316 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Пандемияның пайдасы не десе, сөз жоқ цифрлану процесін жеделдеткенін айтар едік. Алдағы 5-10 жылдың күн тәртібінде тұрған онлайн форматқа ауысу жоспары айналасы бір жылда орындалды. Клиенттен айырылып қалмас үшін көптеген компаниялар түсінікті әрі тиімді IT өнімдерді нарыққа алып келді. Бәсекелестік тудырды. 2020-2021 жылдар нағыз қаржылық-техникалық төңкерісімен есте қалмақ. Таяуда ғана елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жобасына айналған «G-Global. XXI ғасыр әлемі» атты II халықаралық онлайн-конгресс өтті. Конгрестің «Қаржы секторының келешегі: цифрлы инновациялар және қаржылық экожүйелердің дамуы» атты сессиясы қаржы секторы мәселе­ле­ріне арналды.

G-Global. XXI ғасыр әлемі: «Отбасы банк» және  онлайн формат

Форумда ірі қаржы ком­па­нияларының топ-менед­жер­лері қаржылық техноло­гия­лар­дың дамуы, цифрлы ипотека, экожүйелер, цифрлы ва­лютаның пайда болуын тал­қы­ла­ды. Пандемия кезінде жұмыс бағытын індет тудырған талапқа орай бейімдеп, клиенттерге қашықтан қызмет көрсетуді үйлестіре білген компанияның бірі – «Отбасы банк». Форумға қатысқан аталған банктің Бас­қар­ма Төрағасы Ләззат Ибра­ги­­мованың айтуынша, класси­к­алық банк үлгісінен онлайн-сервиске дейінгі жол – цифрландыру баянына айналған ұлы кезең іспетті.

– Клиенттеріміз қызметтердің онлайн форматқа көшірілгенін қалайды. Біз пандемия талаптарына дайын болдық және алдын ала қашықтан оқыту қызметін енгізе бастадық. Оның аясында видео арқылы банктің барлық өнімдері бойынша курстар, диалогтық тренажерлер бар. Сондай-ақ бір күннің ішінде контакт орталықты қашықтан қыз­мет көрсету ре­жіміне көшір­дік. Видеобанкинг пилотты жобасы іске қосылып, Quanysh чат-боты жұмыс істей бас­­­тады. Ал карантин басталған мезетте командалық рухты көте­ріп, ұжымды жұдырықтай жұ­мыл­­дыру қажет болды. Пан­де­мия уақытында алғаш болып клиент­тердің ай сайынғы төлемін ке­йінге қалдыруды енгіздік. Видео­банкинг операторларының саны 8-ден 100-ге дейін көбейді. Видео-сервис арқылы жасалатын опе­рация саны 1-ден 7-ге дейін арт­ты, – дейді Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Банк пандемия кезінде алғаш болып интернет-банкинг арқылы несиені қайта құрылымдау мүм­кіндігін берді. 2020 жылдың сә­уірінде өтінімдер қабылдана бас­тап, ол өтінімдер смс арқылы расталды және ешқандай құжат талап етілмеді. Қысқа уақытта арнайы платформа әзірленіп, табысынан айырылған және әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лар­дың онлайн режімде несие төлемін кейінге шегеру мүм­кін­ді­гі пайда болды. 125 мың адам интернет-банкинг қызметін пайдаланды, несие төлемін кейінге шегеруге 29 046 өтінім түсіп, оның 29 037-сі өңделген.

«Отбасы банк» – «Бәйтерек» холдингінің құрамына енетін толыққанды мемлекеттік банк және біз өз имиджіміз үшін жа­уаптымыз. Әлем өзгеріп жатыр және біз қазір әсіресе, ипотека бойынша жаңаша негіз қа­лып­тас­тыруымыз керек. На­рық­тағы ең ірі ойыншы болуымыз бізді осыған міндеттейді. Күн сайын 500-ге жуық несие береміз, 2 миллиондай клиентіміз бар. Банктің цифрлы эволюциясы біртіндеп жүзеге асты. Алдымен мамандар қолайлы ипотекалық өнімдер жасады, филиалдық және агенттік желі құрды» дейді Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Басқарма басшысының айтуынша, банктің оқыту бағдар­ла­масынан өтіп, көпшілікке депозит ашуға, алғашқы жарнаны тиімді жинауға көмектескен қа­ра­пайым қазақстандықтар агент­тік желілердің консультант­та­рына айналған. Мұндай қар­жы көмекшілеріне деген сұ­ра­ныстың өскені сонша, 2013 жылы банкте 226 консультант болса, қазір олардың саны 1 649 адамға жетіпті. Олар тіпті шалғай ауылдар мен кәсіпорын ұжымдарына барып ақшаны сауатты жинаудың қыр-сырына баулыған. Қазір депозиттен кейінгі операциялардың 56 пайызы, депозит ашу процесінің 27 пайызы видеобанкинг арқылы жүзеге асырылады.

«Бүгінде олардың функциясы тек депозит ашумен шектелмейді. Ең тәжірибелі банк консультанттары несие өтінімдерін қа­былдап, ол бойынша алдын ала мақұлдау шығара алатын да бол­ды. Берілетін қаражаттың мөл­шерін білгеннен кейін осы құжат арқылы қазақстандықтар 2 ай бойы баспана іздей алады. Қазір берілген займдардың 18 пайызы осы онлайн қызметтің еншісіне тиеді», деп дерек келтіреді Бас­қарма төрағасы.

Банктің IT-блогының сынаққа сақадай-сай болуы банкті қыз­меткер тапшылығынан құтқарып қалған. Өйткені індеттің «Отбасы банк» қызметкерлерін айналып өтеріне ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан дер уақытында қолға алынған видеобанкинг бүкіл ұжымға артылар міндетті ойдағыдай атқарып шыға алды және оның мүмкіндіктері қа­зір жетілдіріліп жатыр. Банк қыз­меткерлері үйде отырып-ақ клиенттерге қызмет көрсетуін жал­ғастыра берді. Осылайша қаржылық ұйым өзінің қызмет тізбегін бұзып алған жоқ.

Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың халыққа арнаған Жол­д­ауында зейнетақы қо­рын­дағы артық ақшаны пайдалану мүмкіндігін ұсынғаны белгілі. Бұл шара қазірдің өзінде көп адамның игілігіне жарап үлгерді. Осыған орай бағдарламаның бас операторы болу міндеті де «Отбасы банктің» мойнына жүктелді. Ауыр да маңызды міндетті ұжым ойдағыдай атқара алып жатыр деуге толық негіз бар. Осы жылы «Отбасы банк» біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану бойынша арнайы платформа (enpf-otbasy.kz) әзірледі. Банктің өңірлік даму және сатылым департаментінің директоры Рахиля Балтабаеваның айтуынша, осы платформаны жасау үшін аутсорсингке бір де бір тиын берілмеген. Платформа – банк IT-мамандарының еңбегі.

«Қазір 300 мыңнан астам қазақ­стандық зейнетақы жинақ­тарын пайдаланды. Олардың 12 пайызы қаржысын емделуге жұмсаса, 88 пайызы зейнет қаржысын баспана мәселесін шешуге бағыттады. Яғни «Отбасы банкіне» ипо­текалық займ бо­­­йынша үлкен клиент ағыны ке­ліп қосылды. Бұл өнімге деген сұ­раныстың көптігі әсерінен Bas­pana Market бірегей сервисі іске қосылды. Мұнда сатушы мен сатып алушы кездесіп, өз процестерін бастай алады. Ол жерде тұрғын үйді таңдап, пәтер брондап, өз шоты туралы толық ақпар алады», дейді Рахиля Балтабаева.

Жалпы, қазір интернет-бан­кинг арқылы 25 операция онлайн форматта жүзеге асады екен. Оның ішінде депозит ашу, депозиттен кейінгі қызмет көр­сету, аударымдар жасау, түрлі анық­та­малар алу қызметтері бар.

Ләззат Ибрагимованың сөзіне қарағанда, келешекте банктің цифр­лы қызмет көрсету жүйесі түбе­гейлі өзгеруі мүмкін. Себебі заманауи қажеттіліктер соны талап етеді.

– Үйде отырып ипотека рәсім­деу қазір де жүзеге асып жатыр. Елімізде цифрлы ипотеканы іске асырып жатқан бірнеше сервис те бар. 2022 жылы біз де бұл процесті толықтай аяқтаймыз. Осы жерде айта кетер нәрсе, ци­фрлы трансформация үшін жыл­дамдық өте маңызды. Ме­ніңше, банктердің келешегі функ­­циялардың бөлінуімен және моноөнімді банктердің өркен­деуімен маңызды. Өйткені бір блок шағын және орта бизнес­пен, келесісі корпоративті клиенттермен, үшінші бөлім жеке тұлғалармен жұмыс істейтін универсалды банкте аса үлкен жыл­дам­дықтағы процестерді үл­геріп қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз тұрғын үй жинағының жабық жү­йе­сі болғандықтан тек тұрғын үй секторында жұмыс істейміз, қазір 2,5 миллиондай салымшымыз бар, тиісінше жұмыс процесін бұдан ары тереңдете түсіп, тұрғын үй саласына қатысты экожүйе аясын кеңейте түскіміз келеді, – дейді Л.Ибрагимова.

Егер 2021 жылдың қыркүйе­гіне дейін азамат ипотека рәсім­деу үшін банк бөлімшесіне 9 рет келсе, қыркүйектен бастап 1-2 рет бару ғана жеткілікті болды. 2022 жылы ипотека мәсе­лесімен банк бөлімшесіне бару­дың мүлде қажеттілігі болмайды. Яғни консультация беру және өтінімді алдын ала мақұлдау; баспананы бағалау; QR хабарландыру алу; сатып алу-сату келісімін рәсімдеу; банкке тиісті құжаттарды ұсыну; ке­лісім­шартқа және займ беруге қол қою процестері түгел он­лайнға көшіріледі. Қысқасы, бізді цифрлы дәуірдің теңдессіз жа­ңа­лықтары күтіп тұр. Оның барлығы банк қызметін сапалы етуге және клиент уақытын үнемдеуге бағытталған.