Театр • 21 Желтоқсан, 2021

Алтайдан ауған ел

2152 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігімен қатар келген Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының 30 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында астана төрінде үш күн қатарынан «Алтайдан ауған ел» қойылымының премьерасы өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтарын елең еткізген айтулы өнер оқиға­сы – «қаллекиліктердің» ұлық мейрамға жасаған үлкен тартуы.

Алтайдан ауған ел

«Алтайдан ауған ел» – Халифа Алтайдың қойылым аттас кітабы мен Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» шығармасының желісінде театртанушы Мирас Әбілдің сахналық нұсқасымен көрерменге жол тартты. Спек­такльдің қоюшы режиссері – елі­міздегі үздік режиссерлердің бірі, «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сый­лығының лауреаты Фархат Молдағали.

Қиын-қыстау кездерді бастан кеше жүріп, тағдырдың сан қи­лы ауыртпалығына мойымай, Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жол, қаралы көште қанқұйлы тағдыр кешіп, бозбала боп аттанып, Тәуелсіздік алған туған еліне ақсақал боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай бас кейіпкердің біріне айналған бұл қойылым қиямет қайым күндерді, зұлмат жылдарды өткерсе де, қазақ халқының адамдықтан айнымай, тектілігін жоғалтпағанын, діні мен ділін, дәстүрі мен салт санасын берік ұстанғанын сөз етеді.

Оқиға өзегіне жер-жаһан­ның жиырмасыншы ғасырдағы ең ауыр һәм ұзақ көші арқау болған спектакль ғасырлар бойы күресіп, азаттыққа ұмтылған ұлтымыздың еркіндік жолындағы ауыр да азапты кезеңін суреттейді. Азат басы бұғауға бағынбай, бостандық үшін шыбын жанын құрбан етіп, тізерлеп өткенше тік тұрып өлуді артық көрген жаны сірі халық­тың ұлы ерлігі шын мәнінде бүгінгі ұрпақ үшін тағылым болар тарихтың қасіретті де қатпарлы парақтарының бір парасы.

– Бұл спектальдің бас кейіп­кері – Көш. Бұл жай көш емес, кәдімгі бір кездегі Кеңес өкіме­тінің қысымына, зорлығына, әді­­­лет­сіздігіне шыдамай Алтай асып намыс буған көш. Бұл жай көш емес, сонау ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған, сол еркін­­дік­ке талпынған жұрттың көші. Еркіндікке ұмтылған көш. Бодандыққа көнбеген көш. «Соған көнбейміз» деп намысын ажалынан артық тұтқан көш. Біздің буын алдымыздағы аға, баба буын мен қазіргі жастардың алдын­да өзімізді үлкен борышкер санаймыз. Сондықтан да өз басым осы жауапкершілікті терең се­зініп, қатты тебірендім. Бұл сезім көрермендерді де бейжай қал­дырмайды ғой деп ойлаймын, – дей­ді қойылымда бас кейіпкер Халифа Алтайдың ақсақал шағын кейіптеген, бүгінде өзі де қазақ сахнасының ақсақалына айнал­ған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов.

Рас, спектакльдің негізгі сю­жеті де, кейіпкері де Көштің өзі­не айна­лып кеткен. Мұнда да­ра­­ланып алға шығар негізгі ке­йіп­кер жоқ. Барлығы біртұтас өр­біп, қанды көштің қаралы кү­­йін, қайғылы бояуын беруге қыз­­мет еткен. Режиссер Фархат Мол­дағали сол мақсат негізінде қо­йылым түзген. Қанды көштің азап пен арпалысқа толы атмосферасын беруде әр детальға дейін ойластырылғаны көзге бірден көрінеді. Сол мақсатқа жету үшін спектакльді жетелеуші музыка мен сценографияның, жарық қою­дың да қатпарларына терең бойлап, жіті зерделенгені байқала­ды. Нәтижесінде, жүрегі бар пенде­нің жан әлемін тырнамай өтпейтін, сезімге алапат әсер етер, тіпті ішкі көңіл пернелерін бір сәтке де бейжай қалдырмай, ауыр күйге бөлейтін, сол көшке актерлермен бірге залдағы көрермендерін де ілестіріп алып кетер өнер деңге­йінде тамаша атмосфера түзе ал­ған. Бұл – сөзсіз қойылымның үлкен жетістігі.

Осы тұста, әсіресе, режиссер Фархат Молдағали мен сурет­ші Қанат Мақсұтовтың сахна кеңіс­тігін барынша ұтымды пайдалана алғандығын да атап өту маңыз­ды деп санаймыз. Өйткені Алтай асып, тұзды шөл Такламакан мен Гималайдан әрі өтіп, Үндістан мен Пәкістанға жетіп, Түркияға табан тіреп тоқтайтын бас-аяғы 6 мың шақырымға созылған адамзат тарихындағы ең алыс көштің ауқымын сахнада жеткізу оңай емес. Бірақ суреткерлік шешім осының қиюын келістіріп, оңтайлы жолын тапқан. Қойылымның көркемдік шешімдері нанымды, көңілге құрмет орнықтырады.

Алтайдан Анадолыға дейін созылған бұл көштің ауқымы ғана емес, тарихы да соншалықты ауыр, қасіретті. Ал сол азапты жолдағы тауқымет тартқан тағдырлардың қасіретті жағдайын жеткізу, сон­дай-ақ режиссер мен драматургия негізін түзушілерге де аз жа­уапкершілік жүктемейді. Осы тұр­ғыдан келгенде жас болса да жа­сампаз, іргелі істерге ұмтылыс жасап жүрген талантты театр­танушы Мирас Әбілдің еңбегін айрықша атап өткіміз келеді. Ес­телікке негізделіп жазылған де­рек­ті шығармаларды сахна тіліне аударып, көркем әрекетке құру­да, драматургиялық желі түзуде, яғни сахналық нұсқасын жасауда Мирас замандасымыз ­табыс­ты қадамдарға барған. Әсіресе, шы­мылдық ашылған сәтте әр ке­йіп­кердің аузымен айтылып, па­рал­лельді өрбитін тағдырлар көш құрамындағы сан алуан күй мен талайлы тағдырларды таныстырады. Сол арқылы негізгі оқиғаға бойлатады.

 Әйтсе де, көрермен ретінде бір ғана көңіл толмаған жайт – спек­такль финалын беруде дерек­тілікке, ақпаратқа басымдық беріп, әу бастағы көркемдік мақса­тынан айырылып қалғаны. Шы­ғармашылық құрамның Алтайдан ауған қазақтардың тағдырымен таныстырғысы келгенін, сол мақ­сат жолында статистиканы да сахнадан сөйлету шешімін түсінуге тырысқанымызбен, қабылдай ал­мадық. Өйткені көркем қойылым есеп жүргізетін немесе кейіпкер­дің өмірі жолын әр деталіне дейін тәптіштеп баяндайтын құрал емес. Ол – кітаптың еншісіндегі шаруа. Ал сахнаның талабы басқа. Ол есепті де, хронологияны да көтере алмайды, есесіне көркемдік шешімнің кез келгеніне зәру. Қойылымның финалында осы жағы олқы түсіп жатқандай се­зілді. Соның салдарынан да спектакль не деректі шығарма емес, не көркем туынды емес, эклектикаға ұшырағандай әсерде қалдырды.

Одан бөлек спектакльде финал көп. Әрқайсысы да қажет көрін­генімен, қойылым талабын ақта­майды. Режиссер мен инсцени­ровка авторы тарапынан осы жағы қайта қарастырылса, мүм­кін қойылымның сипаты да бас­қа қырынан ашылып, әлі анық­талмаған жанры да нақтылана тү­сер ме еді. Қалай десек те шығар­ма сахнаға шыққаннан кейін дра­матургияның көркемдік талаптарын да ұмытпаса деген тілек қалды көкейде.

Алайда бұл жалпы спектакльге жұмылдырылған шығармашылық құрам еңбегі мен ізденісін жоққа шығармаса керек. Тілектес Мей­рамов, Қуандық Қыстықбаев, Нұр­кен Өтеуілов, Нартай Саудан­бекұлы, Жәнібек Мұсаев, Айнұр Бермұхамедова, Сая Тоқман­ға­лиева, Жанат Оспанов, Қобыланды Болат, Инабат Әбенова бастаған әртістер ізденісі тәнті етті. Әсі­ресе, сөзі аз болса да Нартай Саудан­бекұлы мен Инабат Әбенова ойы­нындағы әке мен бала қарым-қаты­насы сәтті ашылды. Көрген жан­ның жүрегін шымырлатпай жібермейді. Сол секілді Айнұр Бермұхамбетованың сомдаған Ана бейнесі де көңілге берік орнықты. Сайдың тасындай шебер актерлер ойыны тамаша ансамбльде тақырып ауқымы үлкен, тарих үшін қасіретті, ауыр жолды сахнада өз деңгейінде сөйлете алды. Осы үшін де Қаллеки театры ұжымын толассыз қошеметтеуге болады. Таланттар шоғырланған іргелі ұжым бұған әбден лайық.

Отыз жылдық тарихы бар Қ.Қуанышбаев атындағы мемле­кет­тік академиялық қазақ музы­калық драма театрының үш күн дүркіреп өткен театр мерейтойы аясында, сонымен қатар театр­дың негізін қалаған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ж.Омаровтың 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. «Режиссер Жақып Ома­ров» атты кітап пен театрдың 30 жылдығына арналған шежіреге толы фотоальбомның тұсауы ке­сіліп, қалың оқырманға жол тарт­ты. Театр ішінен ашылған жәді­герге бай музейдің ашылуы да қы­зықты қойылыммен қатар, ­театр тарихымен танысқысы келе­тін көрермендерге тамаша тарту болғаны сөзсіз.