Спорт • 22 Желтоқсан, 2021

Саңлақтар сапында сайысқа түседі

204 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Келесі жылдан бастап Astana Qazaqstan Team атауымен халықаралық жарысқа қатысатын қазақстандық велоклуб жақында команданың ресми тұсаукесерін жасап, БАҚ өкілдеріне жаңадан жасақталған құрамын таныстырды. Бірер жыл бұрын «Астана» сапында жасындай жарқылдап, «Тур де Франс», «Джиро д’Италия», «Испания Вуэльта» секілді әлемдік маңызды турларда үздік шыққан велошабандоздар Винченцо Нибали мен Мигель Анхель Лопес қазақстандық командаға қайта оралды. Сондай-ақ тізімнен бірнеше қазақстандық жас спортшыларды да байқап қалдық. Соның бірі – Нұрберген Нұрлықасым.

Саңлақтар сапында сайысқа түседі

Велоклубпен екі маусымға келісімшарт жасаған Нұрберген велоспорттан 23 жасқа дейінгілер арасындағы топтық сайыс бойын­ша қазіргі Қазақстан чемпио­ны саналады. Сондай-ақ ол еу­­ропалық беделді жарыс­тар­да жа­сөспірімдер және жас­тар дең­гейінде айтарлықтай тә­жі­рибе жинақтап үлгерген. Жас­өспірімдер мен жастар ара­сын­дағы әлем чемпионатында, жас­тар арасындағы «Джиро д’Ита­лияда» және беделді «Тур де л’Авенир» веложарыстарында өнер көрсетті. Осындай басты нәти­­жесінің арқасында Astana Qazaq­stan Team басшыларының кө­­зіне түсіп, командаға шақырту алды.

«Аstana Qazaqstan Team велоклубында өнер көрсету туралы ұсыныс мен үшін күтпеген жағдай болды. Әлем чемпионатынан кейін Федерация президенті Нұрлан Смағұлов пен команданың бас менеджері Александр Вино­куров хабарласып, маған клуб сапында өнер көрсетуге мүмкіндік бергісі келетіндерін айтқанда айтарға сөз тап­пай қалдым. Бір жағынан өте қат­ты қобалжып әрі қатты қуандым. Осы ұсыныстан кейін үш күн ұйықтай алмадым десем де болады. Себебі неше түрлі ой мазалады. Сенімді ақтай алмасам қалай болады, велоспорт әлемін түгел таныған атақты спортшылармен бір пелотонда болудың өзі мен сияқты спортшылар үшін үлкен жетістік қой. Бірақ сол мүмкіндікті абыроймен пайдалана аламын ба деген ой мазалады. Әлем чемпионатында біз Франция құрамасымен бір қонақүйде бол­дық. Сол кездегі әлем чемпионы Жюлиан Алафилипптің өзін көргендегі көңіл күйім бұл жерде түкке тұрмай қалды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен тұсаукесерде алғаш рет Astana Qazaqstan Team жейдесін кидім, командаластарыммен жақынырақ таныстым. Нибали, Лопес сияқты майталмандармен бір сапта тұрдым. Әлі де қобалжу бар, қорқыныш та бар. Бірақ қазіргі бар ойым ел сенімін ақтау, бапкерлер сенімінен шығу. Ол үшін аянып қалмаймын», дейді Нұрберген.

Нұрберген биыл Қазақстан чем­пионатының топтық жары­сында мәреге бірінші келді. Жас­өспірімдер арасындағы ел чемпионатында жүлделі орындарды иеленіп, «Балтик-Карконоше» турының кезеңдік жарысында (2019 ж.) 4-нәтиже, «Тур де ДМЗ» жарысында (2017 ж.) жалпы есепте 9-нәтиже көрсетті.

«Мен – Тараз қаласының тума­сымын. Бала кезімнен жүзу спорты­мен айналыссам да, велоспорт жарыстарын үзбей қарай­тынмын. Әсіресе жаз маусымында әйгілі «Тур де Франс» додасының бір­де-бір кезеңін жібермейтінмін. «Астана» жазуы бар жейдені киген Винокуров, Фофоновтың өнеріне тәнті болдым, қатты қы­зығатынмын. Ағам екеуміз баратын жүзу бассейні­нің жанында велоспорт секция­сы жұмыс істейтін. Бір күні жаттығудан шы­ғып келе жатсам, секция алдына велосипедтерді тізіп қойыпты, шыдамай ішке кірдім. Қызметкер механик екен, маған «ертең таңер­тең сегізде кел» деді. Сол күннен бастап велосипед сенімді серігіме айналды. Маған қатты ұнады. Ал жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріне бастағанда таңдауым дұрыс болғанын түсін­дім. Сөйтіп алдыма белгілі бір жетістікке жетуім керек деген мақ­сат қойдым. Қазір жасым 21-де, ве­лосипедті тізгіндегеніме 10 жылдан асты. Ел ішіндегі жа­­­рыстарға Жамбыл облысы құра­масымен шығамын», дейді жас шабандоз.

Нұрберген классикалық және дөң жолдарда өтетін жарыс­тар­ға машықтанған. Оның келер мау­сымда қай жарысқа қаты­са­­­тыны Испанияда өтіп жатқан ко­манданың жаттығу жиынынан кейін белгілі болады. Спорттық ман­сабында үлкен қадам жа­саған жас шабандоздың көңілі қобалжып, ерекше толқулы. Оны­сы түсінікті де. Әлемдік турға Astana команда­сымен бару бала күнгі арманы. Бұ­дан бөлек Әлем­дік тур деңгейі жоғары, ерекше дайындық пен табандылықты талап етеді.

«Басты жанкүйерім – әкем. Маған қолдау көрсетуден еш жа­лыққан емес. Әрине бұл спорттың өзіндік қиындықтары бар екенін, жарақаты көп екенін ол да, мен де жақсы түсіндік. Отбасымызда жалғыз ұлмын. Бірақ менің таң­дауым велоспорт болғанына қар­­сылығын білдірген жоқ. Бұ­ға­намды сындырып алғанда, опе­рация жасалды. Әкем осындай сәттерде қасымда болады. Жа­рыс қай қалада болсын, жан­күйерлер арасынан табасың. Сондықтан жарыстан тыс уақытта үйде болып, анама, әкеме көңіл бөлуге тырысамын», деп сө­зін түйіндеді Нұрберген.

Тараздық спортшы осындай мүмкіндік берген Александр Ви­нокуров пен Велоспорт федера­циясының президенті Нұрлан Смағұловқа алғысын білдірді. Ал­ғашқы бапкері Вячеслав Непом­­нящих пен Александр Шу­ше­моин басқаратын Vino – Astana Motors командасының бапкерлер штабының тәрбиесіне де дән риза. Бір қызығы, француздар, шетелдік мамандар оның есімін айна қатесіз айтады екен. Мұны мен жақсылыққа жорыдым, дейді спортшы.