Данияда мәресіне жеткен жаһандық доданың бірінші дивизионында өнер көрсеткен жерлестеріміз өз тобында төртінші орынға табан тіреді. А тобында Дания, Беларусь, Латвия, Норвегия және Мажарстан құрамаларымен элиталы кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. Александр Истомин жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы топтағы бес ойынның екеуінде жеңіске жетіп, үш матчта қарсыластарына есе жіберді.
Жерлестеріміз әлем біріншілігіндегі тұсаукесер матчын сәтті бастап, Мажарстан құрамасын 3:1 есебімен қапы қалдырған болатын. Алайда кейінгі ойында Норвегиядан ұтылып қалды – 2:5. Ал үшінші турда жарыс қожайындары Данияны 4:1 нәтижесімен жеңіп, жоғары топқа жолдама беретін мүмкіндікті сақтап қалып еді. Алайда шешуші екі ойында Беларусь хоккейшілерінен 2:4, Латвиядан 1:3 есебімен жеңіліп, келесі жылы да әлем чемпионатының бірінші дивизионында бақ сынауға мәжбүр болды.
Топтағы бес матчтың бесеуінде де қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпаған Беларусь хоккейшілері бірінші орынмен (15 ұпай) дүниежүзілік доданың элиталы кезеңіне шықты. В тобында бірінші орынды иеленген Франция құрамасы да келесі жылы жоғары топтың чемпионатында ойнайтын болды.