Өнер • 22 Желтоқсан, 2021

Сурет өнерінің серкесі

574 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шыңғыс Ноғайбаев – қазақ сахна және кино өнерінің ұмытылмас ұлы тұлғалары, КСРО халық әртістері Фарида Шәріпова мен Ыдырыс Ноғай­баевтың үміт етіп өсірген отбасының шамшырағы, бейнелеу өнеріндегі мақтаныш тұтар бірегей есім. Белгілі суретші Мәскеуде тұрады. О.Таңсықбаев атындағы Көркемсурет училищесін тәмамдаған Ш.Ыдырысұлы 1993 жылы Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік Көркемсурет институтында білімін жалғастырып, бітірген соң Ресей астанасында біржола тұрақтап қалған.

Сурет өнерінің серкесі

Ресейліктер үшін «Қазақстанда туған», қазақтар үшін «Мәскеуде тұратын» екі елдің сурет өнеріне ортақ шебердің шы­ғармашылығына да оның бұл ерек­ше­лігі таңбасын салмай қоймаған. Екі ел, екі үйдің арасындағы кеңістікте өмір сү­ретін қылқалам шеберінің ұлттық дра­ма­дағы даңқты тұлғалардың баласы бола тұрып өнерден қашық тәрбиеленуі мүм­кін еместігі балалық шағында-ақ бел­гілі болған еді. Театрдың отымен кі­ріп, күлімен шығып, бар өмірі сахнада өткен ата-анасына еріп, балалық ша­ғын шымылдықтың сыртында өткізген Шың­ғыс тіпті Әзірбайжан Мәмбетовтің ре­петицияларына қатысып, көрермен ал­дында өнер де көрсетіпті. Әке-ше­шесі Иннокентий Смоктуновский, Олег Янковский, Анна Маньяни, Анна Жирар­до және басқа да аты аңызға айналған әртіс­тердің актерлік ойынын үлгі етіп, кіш­кентай ұлдарының бойына нағыз өнер­ге деген сүйіспеншілікті сіңіруге тырысып бағады. Алайда ата-анасы құла­ғына қанша құйса да, олардың ұзын-сонар монолог жаттап, бірде жылап, бірде күліп, күні-түні сахнаға дайындалатын жұмысын азапқа балаған Шыңғыс актерлік өнерден саналы түрде бас тартып, өз таңдауын жасайды.

Буырқанған бояулар әлеміне бой ұра­ды. Алайда ананың сүті, әкенің қанымен бе­рілген, жөргегінде жатқаннан бейсана­лы түрде зердесіне тоқылып, адами бол­мысының қалыптасуына ықпал еткен өнерден біржола алыстап кете алма­ды. Шыңғыстың бүкіл туындысы­нан Шығыстың лебі есіп, театрдың жанға жай­лы жұпар иісі аңқып тұрады. Алма­ты жұртын Ә.Қастеев атындағы мем­ле­кеттік өнер музейінің галереясында ұйым­дастырылған «Көшпенділер филосо­фиясы» атты авторлық көрмесіне шақырған Шыңғыс Ноғайбаевтың туын­дыларындағы персонаждар тізбек құ­рап тап осы қазір театр сахнасынан түсе қалғандай әсерге бөлейді. Театр – Шыңғыстың қанында екен. Актерлер отбасында дүниеге келген ол театр өмірінің ахуал-аурасын өз кескіндемелеріне көші­ріп апарған. Әкесі Ыдырыс пен анасы Фариданың миллиондарды бас идірген ұлы өнері ұйықтап кетпей, оның он екі мүшесі мен алпыс екі тамырында атой салып ойнап жатыр екен. Дегенмен мынау «Көшпенділер философиясы» деп атаған ауқымды көрмесі адамның өз тегінен ажырамайтынын тұспалдап тұрса да, екі елдің ортасында өмір сүретін суретшінің көзқарасындағы полимәдениет сарынын, яғни күллі адамзаттық құндылықтарды жырлауды мұрат еткен қолтаңбаны, азаматтық пафосты аңғармау мүмкін емес.

Көрмеге автордың 40 шақты картинасы қойылған. Негізінен, литографиялық туындылар. Оның туындыларының сю­жетінде бір суреттен екінші суретке көшіп жүретін образдар өте көп. Кескіндемеде өмір сүретін адамдар табиғатпен және жануарлармен үйлесім тапқан. Суретші­нің картиналарындағы адамдарды өміріміз­де күнде кездестіреміз, бірақ өте сирек кездестіреміз, тіпті мүлде кездестірмеуіміз де мүмкін. Осы қайшылықты түсіну мүм­кін бе? Бұл кейіпкерлер шебер қиялының шөлді әлемінде жаратылғандай. Шыңғыс әлемі қоғамнан жырақ «өз ортасын» жасап, өзін бір елге немесе бір қалаға тә­уелді етуге бағыттайтын «түсінікті» қа­лыптан бойын аулақ салады. Автордың графикалық жұмыстары нобай түрінде жазылған. Қылқалам шебері әр туындысында сюжеттің құпия мағыналарын түріп беретін туынды жасайды.

Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің ғылыми қызметкері, көрменің кура­торы Әйгерім Айдарбек Шыңғыс Ноғай­баев туындыларының ерекшелігін жан-жақты безбендей тұрып, «оның шығар­малары жұмбақ пен жырақтыққа толы. Ноғайбаевқа көшпелілер дәл осылай кө­рінеді. Сюжеттер баяндау сипатында болғанымен, автордың әзіл-оспағын баса көрсететін иронияға толы» екенін айтады. Төрткүл дүниеге, төңірегіне аздаған әжуамен, жеңіл мысқылмен қарағандық­тан оның туындылары арт-хаус стиліндегі анимациялық фильмдердің сюжетіне, яки карикатуралық журналдардағы сай­қымазақ бейнелерге көбірек ұқсайды. «Ма­хаббат гимні» картинасында да жы­лы­лықтың лебі бар. Сезімге мықтап ма­талған екеу махаббаттың тұтқынына ай­на­л-­
­­ған, мойындарына түскен тұзақ олар­­ды бү­гін-ертең босатпайды. Әзілмен бас­та­лып, шынайы сезімге ұласып кеткен қа­рым-қатынасын екі ғашық өздері де түсіне ал­май дал болған сәт нысанаға дөп тиген.

Шыңғыстың «Хлопушка. Кино­съе­мочная группа» деген кар­ти­насы­ның алдында көбірек бөгелдік. Ақ-қа­ра түсті мынау картина оның 1994 жылы қазақ­стандық кинорежиссер Әмір Қара­құловтың «Голубиный звонарь» – «Көгер­шіндер қоңыраушысы»» фильміндегі Тимур деген басты кейіпкерді ойнап, Италияның Таормин қаласын­да өткен халықаралық кинофестивальдің Гран-приін жеңіп алған кезін еске салды. Кино алаңынан көрген өзіне таныс жағдайды Шыңғыс дәл бейнелейді. Кино түсірудің бүкіл машақаты сезілетін суреттен түсірілім алаңындағы қарбалас, адам түсініп болмайтын әлем-тапырық сабылыс пен жылдамдықты сезінесің. Мұндағы қарақұрым адамдардың көптігі өз алдына, кино түсіру кезіндегі процесс, көңіл күй айна-қатесіз суреттеледі. Шыңғыстың өзіне ғана тән ерекшелігі, әр туындысына тақырып қойғанда, сол атаудың мәнін ашу үшін белгілі ақынның өлең жолдарынан, белгілі шығармалардан алынған бір үзік көркем ой-репликаны, өз тұжырымдарын ұтымды пайдаланады. Сонда оның картиналарының атауы шолақ бір сөзбен түйінделмей, сарказмға толы сюжетті ұзақ-сонар оймен ширатып, тұздықтай түседі.

4164

Үлкен театрда тәжірибеден өтіп, Лон­дондағы Ковент-Гарден театры үшін сах­на безендірген сценограф, литогра­фия техникасымен жұмыс істейтін сурет­ші-график Шыңғыс Ыдырысұлы – «Бо­лашақ» бағдарламасының стипендиаты, Қазақстан Суретшілер одағының, ЮНЕСКО халықаралық суретшілер қауым­дастығының мүшесі, Мәскеу көр­кемдеу-өнеркәсіп институтының оқыту­шысы, Ресей астанасындағы танымал «Визит» галереясының тұрақты авторы. Бар өмірі алуан түрлі бояулар арасында өтіп келе жатқан бейнелеу өнерінің бірегей шебері осы уақытқа дейін 9 рет жеке көрме өткізіп, Алматы мен Мәскеуде ғана емес, Париж бен Лондонда, Прага мен Спартанберг, Гонконг пен Вашингтон­да 60-тан астам көрмеге қатысқан. Белгі­лі режиссер Ю.Любимовтың «Тартюф» спек­­таклінің безендірілуін қайта қалпына келтірген де, М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрының «Үкілі Ыбырай», Болат Атабаев сахналаған «Шағала» спектакльдерінің сахнасын безендірген де Шыңғыс Ыдырысұлы.

«Өнер» баспасынан шыққан «Фарида» деген кітаптағы мына жолдарды оқыған­да, еріксіз көңіл толқып, бойыңды тебіре­ніс билейді. «Шыңғыс – театрдың баласы. Бұрынғы әңгімелерімде де айттым – 1965 жылы, театр Қазан қаласына гастрольге кеткенде дүниеге келді. Ыдырыс Қазанда той жасап, Серке ағай бастаған үлкендер есімін Шыңғыс деп қойған. Өскен-көрген ортасы театр, өнер», деп жазған екен анасы Фарида Шәріпова.

Есімін Серке Қожамқұлов қойған қос тарланның тұяғы сурет өнерінің нағыз сер­кесіне айналды. Ш.Ноғайбаев ұзақ жылдар бойы шыңдалған шығармашы­лық белестерінде бейнелеген туындыларын «Жұмбақ», «Отан», «Метродағы кездесу», «Нобай» деп аталатын төрт томдық альбом-жинаққа топтастырып, жарыққа шығарды. Бұл альбом «мен өмірге не үшін келдім?» деп басталатын өзін толғандырған сансыз сұраққа бе­рілген нақты бір жауап іспетті. Ақ қағаздың бетінде қарындаш қуатымен салынған суреттер түрлі тақы­рыптағы сахна қойылымдарына, ал сурет­шінің өзі кейіпкерді қалауынша қозға­лыс­қа келтіретін режиссерге ұқсайды. Өзге қанат­тастары секілді кенеп, майлы бояуға әуестігі жоқ суретшінің мейлінше қара­пайымдылық қағидасын ұстануында бір ғана сыр бар – өмір өте қарапайым, оны күрделендіріп жүрген адамдардың өздері. Мольберт алдында майлы бояумен емес, қара қарындашпен орындалған суреттер осылай сөйлейді. Ал үшкір қарын­даштың ұшымен салынған түрлі-түсті литографиядағы өткір ойдың әділдігін, адалдығын сезбеу, сезінбеу мүмкін емес.

 АЛМАТЫ