Жасыл жайлауда аунап-күлген адам сол бір аяулы сәтті мәңгілік тұмарындай жанында сақтары анық. Оның үстіне ошақ басындағы ыстық күлшенің иісі әлемнің барлық әтірінен қымбат. Жаныңды жылытады, мейірім төгеді. Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Жаңатай Шарденовтің «Таңертең» картинасы бізді сол беймарал шақтармен қайта қауыштырғандай.
Қылқалам шебері табиғат суретін салуға құштар. Онысы ерекше шығады. Туындыларының көпшілігі тікелей табиғаттың өзінде жазылған. Оның жұмыстарын бояуды аямай жағуына, нәзік үйлестірілген түстерге, батыл көңіл күйге қарап оңай тануға болады. Ең ғажабы, ол ашық күлгін, қоңыр-жирен, көгілдір-сұр, боз-жасыл сынды түстердің күрделі үйлесімінің нәзік сәулесінен өзіне тартып алатын сұлулықты көре білді.
Бақсаңыз, «Таңертең» картинасының түкпіріне киіз үйдің қасындағы пешке ас дайындап жатқан әйелді бейнелей отырып, жайлаудағы қазақ өмірінің тыныштығы мен берекесін жеткізген. Алыста таудың етегінде шопанның сұлбасы мен қалың шөпке жа-йылып жүрген мал байқалады. Картинаның алдыңғы планындағы жасыл шөп бәсеңдеп барып көкжиектегі қар басқан көгілдір тауларға баяу ауысады.
Автор картинаны ашық түстерден қаша отырып, өзіне тән қалыпта бояуды жалпақ қарқынды техникамен қалың етіп жағу арқылы жазған. Желдің толқынынан шөптер тербетіліп тұрғандай әсер береді. Үлкен кеңістік пен таза ауа сезетіндейсіз.
Жаңатай Шарденовтің картиналарына қараған сайын одан оның жаны, мейірімділігі, үйлесімділікке, табиғатқа ұмтылысы, туған жеріне деген сүйіспеншілігі сезіледі.