Хоккей • 23 Желтоқсан, 2021

«Автомобилисті» жолда қалдырды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын Екатеринбургте жергілікті «Автомобилист» клубымен өткізді.

«Автомобилисті» жолда қалдырды

«Барыс» өз айдынындағы кейінгі ойында Нижне­камскінің «Нефтехимигінен» 1:3 есебімен жеңіліп қалған соң, «Уралец» аренасындағы бәсекеде жеңіс үшін барын салды. Екатеринбургтегі кездесудің бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Үзілістен кейін «Барыс» хоккейшілері ойын тізгінін өз қолдарына алып, кездесудің есебін ашты. Даррен Диц командадан кеткеннен кейін капитандық міндетті өзіне алған шабуылшы Роман Старченко 34-минутта қонақтарды есепте алға шығарды.

Үшінші кезеңде «Автомобилист» ойыншылары таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, Ортио қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Бір айта кетерлігі, Йони кешегі ойында қақпаға бағытталған 32 соққыны қайтарды. Матчтың аяқталуына 40 секунд қалғанда Линден Вей бос қалған қақпаны дәл көздеп, кездесудің нүктесін қойды – 2:0.

Елорда клубы бұл жеңісінен кейін 40 ұпаймен жетінші орынға көтеріліп алды. Енді жерлестеріміз келесі ойынын бүгін Қазанда «Ак Барспен» өткізеді.