Оқиға • 23 Желтоқсан, 2021

Шымкентте жасөспірім бесінші қабаттан құлап кетті

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте 16 жастағы оқушы қыз бесінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлер қызды аман алып қала алмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте жасөспірім бесінші қабаттан құлап кетті

Бұл туралы OTYRAR сайты жазады.

Қайғылы оқиға екі күн бұрын Асар-2 ықшамауданында таңғы сағат 11-де болған. Марқұмның көршілерінің айтуынша, қыз мейірімді және әдепті болған. Сондықтан оның мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны беймәлім. Жазатайым оқиға болуы мүмкін екені де жоққа шығарылмайды. 

Дәрігерлердің айтуынша, биіктен құлаған оқушы қыз комаға түскен, көп жарақат алған. Дәрігерлер қыздың өмірі үшін 12 сағат бойы күрескенімен, нәтиже болмады.

«21 желтоқсанда сағат 11:15-те 2005 жылы туған қыз қайтыс болды. Оған ашық бас-ми жарақаты, бас-ми контузиясы, бассүйек ішілік гематома, мидың ісінуі, жабық ығысқан лоб-ихиальды сынық, екі өкшесінің ашық сынығы, іш қуысы жарақаты және ауыр травматикалық шок диагнозы қойлды», деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахипова.

Полиция қылмыстық іс қозғады.

«Деректі Қаратау ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамға қатысты өз-өзіне қол жұмсауға апару») бойынша ТЖД тіркеуге алды. Қазіргі уақытта соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша сот тергеуі жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін басқа мәлімет жария етуге жатпайды», деді Шымкент қалалық ІІБ бөлімшесінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Мөлдір Бекеева.

Енді полицейлер бұл суицид пе, әлде оқыс оқиға ма, анықтауы керек.

Бейресми мәлімет бойынша, төтенше жағдай кезінде пәтерде қыздың сыныптастары болған. Осыған байланысты әке мен қызы арасында жанжал туындаған. Ол кезде қыздың анасы басқа қалада жұмыста болған.