Таба емес, тәубе, біз мұның бірін де көргеніміз жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінен Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқығанда алғаш ойыма осы оралды. Жалпы, мемлекеттің табысы көптің еңбегі арқылы құралатыны аян ғой. Еркіндіктің елең-алаңында кәсіп бастағандардың бірімін. Алғашқыда ағаштан есік-терезе жасап, жиһаз шығардық. Кейін мемлекеттің қолдауына сүйеніп, азғантай нәрседен басталған ісіміз іргелі кәсіпорынға айналды. Қосымша мал, егін шаруашылығымен айналыса бастадық. Бизнесті қолдау мен мемлекеттік реттеу механизмі қалыптасып, аз жылда саланың экономикадағы үлесі айтарлықтай өсті.
Отыз жылда жүріп өткен жолымызды көз алдымызға әкелген Елбасы мақаласында «Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан» дейді. Бұл қазір еңбектеніп бел талдырмай-ақ бірден байып кеткісі келіп жүретін жастар жадында тұтар өсиет.
Жас мемлекеттің бүкіл жетістігі көз алдымызда тұр. Әсіресе, әлеуметтік салада ТМД мемлекеттері арасында көш ілгері кеттік. Мен жас кезімде көлік апатына ұшырап, бір қолымнан айырылғанмын. Елбасының мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз қоғам құру тапсырмасы бағытындағы бастамаларына дән ризамын.
Осыдан біраз бұрын Елбасы «Тәуелсіздік жылдарынан бері еске алатын болсақ, барлық жағдайымызды Қызылорда өңірімен-ақ салыстырып білуге болады. Кеңес Одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүкіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы өтетін автокөлік желісі салынды. Газ құбыры да батыстан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды. Қызылорданың өзі де көркейіп, әлемнің 20 елінде ғана жүрекке жасалатын операция осында жасалатын болды», деген еді. Бұл – бізге тәуелсіздік сыйлаған табыс. Осының бәрі еркіндіктің арқасы.
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,
кәсіпкер
ҚЫЗЫЛОРДА