Қоғам • 24 Желтоқсан, 2021

Зорлық-зомбылық көрсету көбейген

1440 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың қараша айының аяғында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық акциясы бастау алған болатын. Қоғамды қатыгездікке бейжай қарамауға шақыру, саламатты қарым-қатынас мәдениетін насихаттау, әділет жүйесінің мүмкіндіктеріне сенім артуға мүмкіндік беру, зорлық-зомбылық құрбандарына нақты көмек көрсетуді мақсат ететін акция барысында белсенділік шаралары іске асып келеді.

Зорлық-зомбылық көрсету көбейген

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша жыл сайын дүние жүзінде 50 мың­нан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тан көз жұмады. Зорлық-зомбылықтың сал­дарынын әйелдер өз-өзін қорғау мақса­тында шектен шығып кеткені ұзақ мер­зім­ге бас бостандығынан айырылып, ауыр пси­хикалық және физикалық жарақаттармен ауруханаларға түседі. Балалары зорлық-зомбылық көріністеріне куә болып, қатты күйзеліске ұшырайды. Ал салдарынан энурез, кекештік, псориаз және т.б. психосоматика­лық ауруларға шалдығады.

Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан осы статистикаға барынша әсерін тигі­зіп отырған елдердің бірі. Карантин кезін­де еліміздегі тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың деңгейі 41 пайызға өскен. Осы­ның алдын алу мақсатында «Дағдарыс орта­лықтары одағына» мүше ұйымдар 25 мың­нан астам әйелге құқықтық және психо­логиялық көмек пен әлеуметтік қол­дау көрсетсе, балалар мен жастарға арнал­ған №150 сенім телефонына 17 000 адам жүгінген. Ал 7000-ға жуық балалы әйел әлеуметтік баспаналарды паналауға мәжбүр болуда.

Елімізде белең алып отырған осы ке­лең­сіз жайтпен күресті жетілдіріп, зор­лық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ «Жан-Сая» орталығы Алматы қаласы Әлеу­меттік әл-ауқат басқармасымен бір­лесе оты­рып «Зорлық-зомбылықсыз Қазақ­стан» та­қы­рыбында баспасөз мәсли­хатын өткі­зіп, бірқатар шараны жү­зеге асыруды қолға алды. Оның барысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына көмек көрсету» жобасы әзір­леніп, балалар құқықтарының бұзылуына байланысты мәселелерді барынша ашып көрсетуді мақсат етті. Осы орайда бала­лар құқықтарын қорғауға көмектесу мақса­тында «Әрқашан таңдауға құқығың бар» кітабы көпшілікке таныстырылып, «Әйел­дерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы миссиясы» қайырымдылық қызметі аясында «Әйел жиһаздың бір бөлшегі емес» және М.Тұрсынбайұлының «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

«Жан-Сая» Дағдарыс Орталығы соң­ғы төрт жыл ішінде 1245 адамды қабыл­даған. Олардың қатарында әйелдер мен бала­лар басым. Қауіпсіз баспанамен қам­ты­луымен қатар тұрмыстық зорлық-зом­былықтан зарап шеккен жандар тегін арнайы әлеуметтік қызметтерді пайдалана алады. Орталық қарамағында жеке кеңес беруге арналған психолог және заңгер мамандарының арнайы кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ орталық жұмысы «№150 Балалар мен жастарға арналған Ұлт­тық сенім телефоны» арқылы да жүзеге асы­рылады. Дағдарыс орталығының талдауы көрсеткендей, қолданыстағы заңна­ма­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу уақыт талабы. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорларын жауапқа тарту, жәбірлеушіні агрессия деңгейін төмендетуге бағытталған психокоррекциялық бағдарламадан өту­ге міндеттеу, тұрмыстық зорлық-зом­былық құрбандарына көмек көрсететін ұйым­дардың қызметін регламенттеу бү­гінде саладағы түйткілді мәселелердің ше­ші­луіне ықпал ететін шаралар болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция алдағы күндерде де жалғасын табады.

 

АЛМАТЫ