Спорт • 24 Желтоқсан, 2021

Азияның үздіктері

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыда каратэден кезек­ті Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Сары құрлық додасының кезекті күнінде жерлестеріміз үш алтын, бір күміс медаль жеңіп алды.

Азияның үздіктері

Атап айтқанда, ерлер арасындағы бәсе­кеде Андрей Ақтауов (55 кг), әйелдер жарысында Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) топ жарды. Сонымен қатар командалық сайыста Қазақстанның ерлер құрамасы да Азияның үздігі атанды. Андрей Ақтауов алтын медаль үшін болған кездесуде Сауд Арабиясының өкілі Барги Ясирдан басым түссе, Мөлдір Жаңбырбай филиппиндік Джун Цукті жеңіп, алтыннан алқа тақты.

Командалық жарыстың финалында Қа­зақстан ерлер құрамасы Иран спортшы­ларымен кездесті. Данияр Юлдашев, Нұр­қанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев бас­таған жерлестеріміз қарсыластарын ай­қын басымдықпен жеңіп, Әнұранымызды шыр­­қатты. Сонымен қатар Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Софья Беруль­цева ел қоржынына күміс жүлде салды. 68 кило салмақта өнер көрсеткен Софья финалда жапониялық Юдзуки Саваиге есе жіберді.