Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістігіміз мен алған асуымыз аз емес. Осы жолда мемлекеттің құрылымдық жүйесінің қалыптасуы жолында аянбай еңбек еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыры мен қайраты бүгінгі күніміздің жарқын болуы үшін жұмсалғанын айта кетуіміз керек.
Биыл жыл басында Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға Жетісу жерінің азаматтары белсенді қатысып, 360 депутаттық мандатты қолдады. Олардың әрқайсысы әр партияның өкілі саналады. Атап айтқанда 304 депутат Nur Otan партиясының атынан халық қалаулысы атанса, «Ауыл» партиясынан – 32, «Ақжол» партиясынан – 7, Қазақстан халықтық партиясынан – 15, «Адал» партиясынан 2 адам мәслихаттан орын алды. Облыстық мәслихаттағы 45 депутаттың 37-сі Nur Otan партиясының, төртеуі «Ауыл» партиясының, төртеуі Қазақстан халықтық партиясының атынан сөз сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүр. Осынша депутаттың 14-і әйел болса, 8 депутат 35 жасқа толмаған. Міне, осы көрсеткіштер еліміздегі демократиялық қадамдарды танытса керек. Әсіресе, Жетісу жеріндегі жариялылық пен ашықтықтан хабар береді.
Қазіргідей қым-қуыт заманда кез келген саланың жұмысын білікті маман, білімді қызметкер жандандыратыны белгілі. Бұл ең алдымен жұмыс сапасына әсер ететіні анық. Сондықтан Алматы облысындағы барлық деңгейлі мәслихаттардың депутаттары негізінен қоғамның тамырын танитындығымен, заманауи білімді меңгергенімен, әрбір саланың қиындығы мен табысын жетік білетіндігімен ерекшеленеді.
Жалпы, облыстық мәслихатта 6 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы және құрылыс мәселелері, Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері, Экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіліктер мен этика мәселелері, индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері, денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері, дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері бойынша комиссиялар жыл басынан бері 12 отырыс өткізіп, 24 шешімнің қабылдануына ықпал етті.Тұрғындардың жай-күйі мен мұң-мұқтажын өз аузынан естіп, түйінді мәселені шешудің жолдарын қарастыратын депутаттар Nur Otan, «Қазақстан халықтық партиясы», «Ауыл», «Ақжол», «Адал» партияларының аудандық, қалалық және облыстық қоғамдық қабылдау кабинеттерінде қоғамдық қабылдау өткізіп отырады. Атап айтқанда, барлық деңгейдегі мәслихаттың 360 депутаты 693 адам көтерген мәселенің 391-інің оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Қалған 302 мәселе бойынша тиісті түсініктеме беріліп, бақылауға алынды. Негізгі міндеті – ел-жұрттың мұң-мұқтажын билік назарына жеткізу. Сол арқылы мәселенің шешілуін қамтамасыз ету болғандықтан халық қалаулылары үнемі тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы мәмілені бекітіп келеді.
Қазақ халқының басты ұлттық құндылығының бірі – даналық. Бұған терең мағына беретін бір ауыз сөзбен елдің дауын, ердің құнын шешкен халқымыздың мақал-мәтелдері дәлел. Соның бірінде: «Адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап» делінеді. Рас сөз. Обал мен сауапты айыра білген депутаттарымыз мұқтаждарға қайырымдылық жасаудан танған емес. Биыл жыл басынан депутаттардың қатысуымен 3003 адамға 87 миллион 578 мың 500 теңгенің қайырымдылық қызметі көрсетілді.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
Алматы облыстық мәслихатының хатшысы