Қоғам • 27 Желтоқсан, 2021

Мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек берілді

1264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы қаласының әкімдігі әлеуметтік мақсаттағы жобаларға қатысты іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді. Осы орайда Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік мерекесіне орай Halyk қорымен бірлесіп 2 мыңнан астам азық-түлік жиынтығы үлестірілгені туралы қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов хабардар етті.

Мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек берілді

Мереке қарсаңында қала­лық әкімдік демеушілер мен меценаттардың қолдауымен аз қамтылған отбасыларға, яғни 541 467 адамға азық-түлік жиынтығы, киім, аяқ-киім, кресло-арба, ыстық тамақ, ойыншықтар, үй­ге қажетті заттар, тұрмыс­тық техника, спорт секция­ла­рындағы сабақтар түрінде және басқа да бағыттағы қа­йы­­рым­дылық көмек көрсетті.

Әкімдік тарапынан сонымен қатар Желтоқсан кө­терілісіне қатысушыларға жыл сайын 150 мың теңге көлемінде біржолғы әлеу­меттік көмек беріліп келеді. Қазіргі уақытта санаторий-курорттық емдеу шарала­рына қатысты мәселе қарас­тырылуда. Әлеуметтік қор­ғау мақсатында Алматы қа­­ла­сында тіркелген және тұратын басқа мемле­кеттердің аумағында болған ұрыс қимылдарының ар­­да­гер­леріне алатын зейнет­ақы мөлшерінің 25 пайызын төлей отырып, сана­то­рий-курорттық емделуге көмек берілуде. Екінші дүниежүзілік соғыс арда­гер­леріне 100 мың теңге мөл­шерінде бір­жолғы әлеуметтік көмек көр­сету жолға қо­йылған бол­са, қалалық қо­ғам­дық көлік­те жүру үшін же­ңілдікті элек­тронды кө­лік карталары енгізілген.

Сонымен қатар қиын жағ­дайда қалған адамдар­ды «Пана» әлеуметтік бе­йім­деу орталығына орна­лас­тыру мүмкіндігі қа­рас­тырылып отыр. Орта­лық­та психологиялық, ме­ди­ци­налық және заң кеңес­тері беріледі. Сонымен қа­тар мұндай адамдарға құжат­тарын қалпына келтіруге, жеке куәлікті алғашқы ре­сімдеуге (КСРО-ның қызыл пас­порты), отбасыларына оралуға, жасына байланысты зейнетақы ресімдеуге, мүге­дектік тағайындауға, отанына оралуға көмектеседі.

Зейнеткерлік жас ал­дындағы адамдарды Ха­лықты жұмыспен қамту орта­лығында тұрақты жұмыспен қамту жүзеге асып келеді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан субсидияланатын қо­ғамдық жұмыстарға, әлеу­меттік жұмыс орындарына, қысқа мерзімді курстарға, гранттар беруге жолдама­лар беріледі. Ал зейнеткерлік жастағы адамдар жұмыс­сыз ретінде ресми тіркеусіз бос жұмыс орындарына жіберіледі. Келесі жылдан бастап жұмыспен қамту шараларын іске асыру 2021-2025 жылдарға арнал­ған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі ұлттық жоспар шең­берінде, нақты айтқанда, жұ­мыссыздық кезеңі 1 жыл­дан асатын зейнетақы ал­дындағы жастағы адамдарды зейнетке шыққанша 24 айға дейін жұмысқа орналастыру бойынша «Күміс жас» жаңа бағытын енгізу көзделіп отыр. Бұл бағыт субсидия мөлшері 60 мың теңгеден аспайтын мөлшерде жалақының 50 пайызына дейін қаржыландыруды көз­дейді.

 

АЛМАТЫ