Экономика • 27 Желтоқсан, 2021

2021 жыл салымшылар үшін жайлы болды ма?

783 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салым көлемі 12,6 трлн теңгеден асқан. Яғни бұл – депозитте жатқан қаржы көлемі. 2020 жылмен салыстырғанда жеке тұлғалардың салымы 20,6 пайызға көбейіпті. Айлық динамикада 0,7 пайызға артқан.

2021 жыл салымшылар үшін жайлы болды ма?

Тұтынушылар салымының жылдық өсім көрсеткіші бойынша әзірге «Отбасы банкке» теңесер қаржы институты жоқ. Тұрғын үй саласындағы жетекші банктегі салым мөлшері – 1,4 трлн теңге (+48,1 па­йыз). Тек бір айдың өзінде банк портфе­лі 1,1 пайызға өсім көрсеткен. Ал жиын­тық портфель бір жылда 53,4 пайызға артып, 1,51 трлн теңгеге дейін өскен. Жеке тұл­ғалар депозитінің жылдық өсімі бойын­ша үздіктер қатарына Bank RBK (315,3 млрд теңгеге дейін) және Jusan Bank те (691,2 млрд теңгеге дейін) кірген.

Finprom-ның жазуынша, «Отбасы банк­­те» 2020 жылы қараша айында жеке тұл­ғалар салымдар портфелінің жалпы жылдық өсімі 17,6 пайызға (2019 жылмен салыстырғанда) өссе, осы уақыт ара­лығында «Отбасы банк» портфелі бір­ден 27 пайызға өскен. Бұл әрине, қандай жағ­дай болсын қазақстандықтардың банк­ке үміт артатынын, депозитке ақша жию­ды – өз болашағына салынған инвес­тиция деп түсінетінін аңғартады. Енді мұның үстіне біржолғы зейнетақы төлемін «Отбасы банк» депозитіне аудару мүмкіндігінің пайда болуы – депозиттегі ақша мөлшерін одан әрі арттыратын болды. Мұндай мүмкіндікті ел тұрғындары 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап пайдалана алды. Айта кету керек, 2021 жылға арналған БЖЗҚ-дағы жеткілікті шек мөлшері 2022 жылдың сәуіріне дейін жарамды.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының рекомендациясына сәйкес, бір жылдық «қысқа» кезең үшін мейлінше табысты жинақ салымдарына арналған коммерциялық банктердегі депозиттер бойынша максималды ставка 12,7 пайызды құрайды, егер мерзімі екі жыл болса 11,4 пайыздан аспауы керек. Барлық банктер максималды ставка ұсынбайды. Көбінде салымдар бойынша пайыз ке­пілдік беру қоры бекіткен межеден де тө­мен. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жү­йесі жыл сайын сомаға қосылатын 20 па­йыздық сыйақысымен тартымды. Тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесі шең­берінде үш критерийді орындау ма­ңызды. Олар – депозитте үш жылдан кем емес уақытта қаржы жинау, тұр­ғын үй сомасының 50 пайызын жинау және бағалау көрсеткішінің минималды деңгейіне жету. Егер осы талаптар­ды орындаған болсаңыз, «Отбасы банк» арқылы небәрі 5 пайызбен тұрғын үй зае­мін алуға болады» деп жазады Finprom.

Ал корпоративтік салым көлемі бір жылда 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12,7 трлн теңгеден асқан. Заңды тұлғалар сеніміне ие болу тұрғысынан айлық динамикада 22 екінші деңгейлі банктің 10-ы, жылдық мәнде 17 банк оң нәтиже көрсеткен. Жыл басынан бері корпоративті депозит портфелі 2,11 трлн теңгеге өсіпті. Бизнес салымдардың көптігі жағынан Halyk Bank көш бастайды: банк портфелі – 4,47 трлн теңге. Бұл көрсеткіш – нарықтың 35 пайызы. Жыл басынан бері салым көлемі 737,1 млрд теңгеге өссе, бір жылда 896,4 млрд теңгеге өсім көрсеткен. Тек бір айдың өзінде кәсіпкерлерден 239,8 млрд теңге ақша түсіпті. Салыстыра айтар болсақ, бір Halyk Bank-тың айлық өсімі қалған 9 банктің корпоративтік салымдарынан да алда тұрады. Айлық динамика бойынша алғашқы үштікке «Отбасы банк» (111,4 млрд теңге) пен «Ситибанк Қазақстан» (981,7 млрд теңге) кіреді. Ал жылдық көрсеткіште Halyk Bank-тан кейінгі орынды «Сбербанк» (1,47 трлн теңге) пен Jusan Bank (791,9 млрд теңге) еншілейді.

Бұл уақытта халықтың несиесі 9,93 трлн теңгеге жеткен. Бұл былтырғы сома­дан 38,7 пайызға көп. Демек, несие алу­шылар саны артқан. Осы соманың ішін­де жеке тұлғалардың қарызы 5,77 трлн теңгені құрайды. Бір жылда 35,1 пайызға өскен.

«Қазір кепілсіз берілетін тұтынушылық заемдер ең танымал әрі кең қолданысқа ие. Ондай несиелерді қазір 22 екінші деңгейлі банктің 13-і береді. Кепілсіз несие бойынша ең төменгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) Bank RBK ұсынады – 8,27 пайыз. Үздік үштікке «Сбербанк» (8,38 пайыз) және Halyk Bank (10,4 пайыз) кіреді. Бұл сегменттегі орташа ЖТСМ 17,49 пайыздан басталады. Сектордағы заемдардың максималды мерзімі – 60 айға дейін. Дәл осындай мер­зімге 10 банк несие беруге дайын. Бұл ретте «Банк ВТБ (Қазақстан)» 84 айға дейін несие рәсімдейді» деп жазады Ranking.

Сондай-ақ Bank RBK және Halyk Bank-ті қоса алғанда 6 екінші деңгейлі банк
7 млн теңгеге дейін несие береді. Бұл ретте сектордағы шекті сома 5-8 млн теңге аралығында екенін атап өту керек. Тек Kaspi Bank қана ең көп дегенде 1 млн теңге мөлшерінде несие ұсынады.

Қазан айының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар несиесі көлеміндегі мерзімі өтіп кеткен берешек үлесі 2,9 пайызды ғана құраған. Бір жыл бұрын ол көрсеткіш 4,9 пайыз болған еді. Ал тұтынушылық несиенің мерзімі өткен берешек үлесі – 3,5 пайыз (бір жыл бұрын 5,2 пайыз)» делінген Ranking зерттеуінде.

Екінші деңгейлі банктердің жиынтық қарыз портфеліндегі NPL 90+ үлесі небәрі 4,1 пайыз деңгейінде ғана. Оның ішінде ең үздіктері Bank RBK – 2,5 пайыз, Halyk Bank – 3,1 пайыз және «Сбербанк» – 5,3 пайыз.