Қоғам • 28 Желтоқсан, 2021

Ұстаздығын қаламгерлікпен ұштастырған

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз сүйсіне қалам тербеп отырған тұлғаның аты – Рахат, тегі – Наурызбаева. Он жеті жасымызда Алматы табыстырған біз алпыс жыл бойы аралас-құралас қана емес, рухани, сыралғы, риясыз доспыз. Биыл қос құрбы жетпістің жетеуіне келіп отырмыз. Досымның жетпістің жетеуіндегі жетістігі ерекше толқытты.

Ұстаздығын қаламгерлікпен ұштастырған

Қоғамдағы ең ұлы іс – ұрпақ қа­лып­тас­тыру, балалар әлемін әрлеу. Рахаттың таңдаған жолы да, өмірлік миссиясы да ұлы болды. Мүмкін оның бұлай даралануына тағдыры әсер еткен болар. Ол Екінші дүниежүзілік майданның қыз­ған шағында, анығы 1944 жылдың 25 қаң­та­рында Қызылорда облысы Қазалы стан­сасында туған. Анасы Үрбибіден бе­сіктен белі шықпаған бір жаста, әкесі Наурызбайдан тұлымшағы желбіреген он жасында қапыда қалды. Өзінен 18 жас үлкен апасы Рахиманың тәрбиесінде жетілді. 7-сыныпты бітіріп, М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге түсті. Тарихы терең оқу орнынан 4 жылдан соң бастауыш сынып мұғалімі болып шықты. Мұнымен тоқтамай тағы 4 жыл оқып, 1965 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтынан «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» ма­ман­дығын иеленді. Осы уақыттан бері өмі­рін ұрпақ тәрбиесіне арнап келеді. Қарапайым мектептерде, өзі білім алған училищеде ұстаздық етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетте оқытушылық қызмет атқарды. Қызмет ете жүріп Қазан университетінің білім жетілдіру университетінің «Татар тілі» және «Педагогика» кафедрасында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, 1997 жылы 23 маусымда «Балабақша, мектеп, жоғары оқу орны жүйесіндегі жеке тұлғаны шығармашылық бағытта ұрпақтар сабақтастығын қамтып тәрбиелеу» тақы­ры­бында кандидаттық диссертация қор­ғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды. Беріде енгізілген өзгерісте де өзінің лайық екенін дәлелдеп, 2009 жылы Қазан университетінің «Педагогика» ка­фед­расында «Оқушыларды халық өне­рі арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқытудың педа­гогикалық жүйесі» тақырыбында док­тор­лық диссертациясын қорғап, педагогика ғы­лымдарының докторы атағына қол жеткізді.

Міне, ол осылайша білім саласындағы бар­­лық сатыдан өтті, сөйтіп ғылым жо­лы­на дейін жетті. Әрине мұндай биікті ба­ғындырғандар көп. Алайда ұстаз­дық­­ты инемен құдық қазғандай ең­бек­ті қажет ететін ғылыммен, терең та­­нымды, тап­қыр­лықты талап ететін қалам­гер­лік­пен, оның ішінде балаларға арнап жазумен ұштастыра білді.

Ең алғашқы «Аққозы» атты өлеңі Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінің 1976 жылғы 6 қыркүйектегі санында жарық көрген-ді. Содан бері шығармашылық жағы құстың қос қанатындай ұстаздық, ғалымдық қырымен қатар ұстайды. Ба­ла­ларға арнаған тұңғыш туындысы шық­қаннан бері түрлі өлеңдері, әңгімелері, тақпақтары, ертегілері үздіксіз облыстық, рес­публикалық баспасөз беттерінде жа­рия­­ланып келеді.

Әсте, ең қиыны – балаларға арнап жазу. Ал оның «Бастау», «Аққозы», «Сергек Серік» сынды балаларға арналған өлеңдер жинағында қаншама тапқыр тақпақтарды табуға болады. Бұдан бөлек ол проза жанрында да қалам тербеп, талай қызықты ертегілер мен танымдық әңгімелерді өмірге әкелді. Оның 2-3-сыныптарға арналған Музыка оқулықтарына «Жыл басы кім болады?», «Аңдар айтысы» атты ертегілері енген. Әнге айналған өлеңдері де көп.

Иә, біз көбіне кішкентай бөбектерге көңіл бөлгенді жөн санаймыз. Рас, олар­дың әлемін қызыққа, мазмұнды да ма­ғы­налы дүниелерге толтыру – әрдайым кезек күттірмейтін мәселе. Бірақ сол балаң буынға білім беріп, жан-жақты дамытуды қалайтын педагог қауымға кәсіби шеберлігін арттыратындай не ұсына алып жатырмыз? Осыны ойланып көрдік пе? Мұндай салмақты сұрақ өзі білім беру саласының барлық сатысынан өткен замандасымыз Рахатты қашанда толғандырып жүретінін оның еңбектерінен көреміз. Жұрт жан бағуды ойлап, базар жағалап кеткен тоқырау жылдарында ол «Ана тілі» баспасынан «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» деп аталатын оқу құралын шығарды. Және Қызылорда облыстық радиоторабынан «Кел, қазақша үйренейік» атты радиосабақ жүргізді. Және педагогикалық тақырыпқа «Тәрбие туралы толғаулар» атты аптасына 1 реттен 20 радиохабар дайын­дады. Мұғалімдерге қажетті «Сахнада самғаймыз» деген сценарийлер жинағын, «Балабақша – мектеп – жоғары оқу орны жүйесінде жеке тұлғаны шығармашылық бағытта ұрпақтар сабақтастығын қамтып тәрбиелеу» монографиясын, «Қ» ды­бы­сы­ның үлгісінде қазақ тіліндегі төл дыбыстарды шығармашылықпен үйрету жолдары» атты оқу-әдістемелік құралын шығарды. Ал 9 жылдай бұрын жазған «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының алдын алуда педагогтің рөлі» деп аталатын әдістемелік құралы әрбір мұғалімнің үстелінде тұруы тиіс. Аталған әдістемелік құралында автор білім беру мекемелеріндегі оқушылар арасында кездесетін суицидтің белең алу себептерін анықтау, алдын алу шараларын меңгеру әдістерін баяндаған. Мұндай мінез-құлықтың түрлерін жіктеп берген түсіндірмесі, психодиагностикасы, оларды тығырықтан шығарып, қатарға қосудың психотерапиялық, психофизиологиялық жолдары қарастырылып, баланың жанын сергітуге арналған жаттығулар ұсы­ныл­ған. Ізденем деген мұғалімге дайын дүние толып-ақ тұр.

Рахат Татарстанның астанасы Қазанда оқы­ғаннан болар, татар тілдерінен де тәр­жімалаумен айналысты. Татар халқы­нан шыққан Шәукат Ғалиев, Фәнис Яруллин, Зөлфаттың жырлары мен Туфан Минуллин, Ләйс Зұлқарнай, тағы басқа­лардың прозалық дүниелерін ана тілі­міз­ге аударды. Соның ішінде атақты Ғабидолла Тоқайдың 15 тілде жарық көр­ген «Шурәлі» поэмасының қазақша нұсқасы кітапқа Рахаттың аудар­ма­сы­мен енді. Осы еңбектерін жинап, кейін «Сүйімбикенің қоштасу дұғасы» деген атпен жеке кітап қылып шығарды. Бұл – аударма саласына төккен терінің тәтті жемісі.

Тізе берсек, Рахат замандастың жа­са­ғаны жетерлік, біз бар болғаны негіз­гі­лерін ғана теріп шықтық. Айтпақшы, ол жантану іліміне де еңбек сіңірген. Жай емес, аталған ілімнің бір тармағы хиромантия, яғни алақанның сызығымен жорамал жасаудың жолын жазды. Бұл еңбегі мамандық таңдаудың алақандағы құпиясын ашуға көмектеседі.

Оның әрбір еңбегін көрген са­йын қуа­на­мыз. Биыл 77 жасында ғана Жазу­­шылар одағына мүше болған ол ғұмырында атақ-даңққа қызықпаған, одан биік тұрған жан. Біздің Рахат – көпбалалы ана, немере, шөбере сүйген әже, сүйген жар, асыл құрбы. Ең үлкен атағы да, абыройы да осы болар. Десе де ізденісін тоқтатқан Рахатты көрмедік. Өйткені оның рухы биік, жаны бай. Әрдайым айналасын шабыттандырып, қанаттандырып жүретінімен ерек.

 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері