Ел Тәуелсіздігі қарсаңында Ж.Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театрында жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасының премьерасы өтті. Иә, өнерсүйер көрермен бұл туындыны алғаш рет тамашалап отыр деп айта алмаймыз. Өйткені сахналық шығарма егемендікке дейін Иманәлі Сапаров ағамыздың режиссерлігімен көрерменге жол тартып, көпшілік сүйіспеншілігіне бөленген болатын. Енді, міне, араға тұп-тура 30 жыл салып театр сахнасына қайта оралды. Яғни бүгінгі ұрпақтың санасына азаттық рухының дәнін сепкелі, еркіндік пен егемендіктің қадір-қасиетін, қымбат құндылығын кейінгі жас ұрпақтың жадына мықтап бекіткелі тағы бір мәрте сахна төріне көтеріліп отыр. Ешқашан ескірмес, қоғам үшін қашанда тәрбиелік мәні зор мұндай дүниелердің жаңғыртылып, замана үніне бейімделіп, қалың қазақпен қайта қауышып отыруы – заңды құбылыс. Біраз жыл репертуардан көрінбей қалған қойылымды жаңғыртып, уақыт мүддесіне пайымдап қайта ұсынудағы себеп – Ұлт тағдыры таразыға түскен шешуші сәтте жастық жалынын бәйгеге тіккен Жұрнақ бейнесінің ескірмеуінде.
Жұрнақтардың текке құрбан болмағанын араға жылдар салып жаңғыртып отыру – ортақ борышымыз.
Уақыт – барлық нәрсені өз орнына қоюшы, саралаушы ғаламат күш. Кеше басталған қандай да іс болсын уақыт үнінің маңыздылығына қарай өзгеріс енгізуді талап ететіні, кеше мен бүгіннің арасын жалғастыратын көпір іздейтіні даусыз. Драматургияның құпиясы да сонда – пьеса идеясының уақытпен бірге жаңарып, жаңғырып отыруында.
Бүгінгі «Жоғалған Жұрнақтың» қоюшы режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Құрманғожаев қойылымның өн бойына жаңаша өрнек сала білген. Көрерменді кешегі күнге бүгіннің көзімен үңілуге жетелейді, өткеннің сырын ұғуға үйретеді. Көкейге «Біз өткенімізді қаншалықты бағалап жүрміз?» деген сауалды шегелейді. «Кешегі қоғам мен бүгінгі қоғамның арасында қандай айырмашылық, өзгеріс бар? Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласы үшін ортақ сұрақ – Мейірім әлемі бізден алыстап кетпеді ме?..» деген жанайқайды алға шығарады.
Осынау сансыз сұрақтың жауабын сахна шымылдығы түрілген сәттен анық сезіне бастайсыз. Кеңес дәуірінің темір құрсауында өмір сүріп жатқан қазақстандықтарды көргенде ескі жылдар еншісінде қалып қойғандай бойыңызды суық ызғар кернейді. Соқтықпалы-соқпақсыз жолдарды бастан кешкен қайран, қазағымның тағдырына таңданыспен қарай бастайсыз...
Қызыл террордың боданында 70 жыл өмір сүрген Қазақ елінің тағдырын жинақы, аз ғана детальмен ұтымды жасап берген қойылым сценографы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловтың шеберлігіне тамсанасыз. Ақ қар, көк мұзда қорлық көрген жастарды ақ жамылғымен ораған сәті өткен жылдар елесін көз алдыңызда қаз-қатар тізбектетеді, ұмытыла бастаған қайғы-қасіреттің мұңы еріксіз көзіңізге жас алдыртады.
Мәскеуге білім іздеп кеткен балаң Жұрнақты (әртістер Ш.Сағымбай, С.Әзімқұлов) вокзалдан күтіп алған өрімдей жастар, сүйіктісі Алма... (актриса А.Сахитова) алдағы болатын Желтоқсан оқиғасынан мүлде бейхабар, мұңсыз күйде еді... Ертеңгі күннің жарқын боларына аса сенімді еді.
Махаббат пен мақсатына иланған Жұрнақты да елге келгенде толқулы орта қарсы алады. Ол ел тәуелсіздігі үшін алаңға шыққан жастар легіне еш қорқынышсыз, қазақтың жарқын болашағы үшін қосылған болатын. Алайда кеңестік жүйенің темір құрсауы егемендікті аңсаған елді өз уысынан босатпауға тырысып бақты. Көп жылдар Ресей патшалығының езгісінен тұншыққан қазақты, большевиктік, коммунистік партия да мықтап құрған торынан шығарғысы келмеді. Жерінің ауқымды көлемін Ресейге қосып алғаны аздай, «бір орталықтан бағыну» саясатымен үстемдік көрсетті.
Бабалар рухынан нәр алған қазақ жастары Мәскеудің өзге ұлт өкілін билік басына әкеліп, Қазақстанды қорлағысы келген саясатына көнбеді. Еркіндікті аңсаған қазақ жастарының жалынды жүрегі автомат асынған әскер шебінен шімірікпеді. Кеңес жүйесі өз халқына қарсы оқ атады деп сенбеді. Өкініштісі, ол үміт ақталмады. Сом сойыл «Менің Қазақстаным» деп әндеткен жастар шеруіне қарсы сілтенді.
Жетпіс жыл Кеңес өкіметінің темір құрсауында болған қазақ елінің болашағы үшін күрескен қазақ жастарының жиынтық образы – Жұрнақтың әр сөзі шеке тамырыңызды солқылдатады. Бұл – темір етіктің табанында езіліп келген халықтың ашынғаннан шыққан зарлы дауысы, кермек татыған ащы сөзі еді.
«Біз қазақ... Ежелден ерекше иланғыш, бала мінезді, ақкөңіл екенбіз ғой... «Мәскеуді – Отанымыздың жүрегі» дегенге имандай иланатын да тек біз, қазақтар ғана секілдіміз...»
Әке үшін ұлының талқыға түскен тағдырын көргеннен асқан қасірет бар ма, сірә?.. Шеруге қатысқан жастардың отбасылары да тағдыр тәлкегіне ұшырағаны тарихтан мәлім. Иә... отыз жыл бұрын болған қанды қақтығыс, бүгінде тарих қойнауына еніп кетті десек те, мұндай алапат сәт санадан ешқашан өшпек емес.
Қоғам арасынан мейірім мен түсіністік іздеген Жұрнақтың әкесі Қонақбай ағайдың (Мәдениет қайраткері Е.Шымырқұлов, әртіс Ұ.Артықбаев) «Балалар, сендер сенбеңдерші... Еш болмаса осы сендер сенбеңдерші... Сендер Жұрнақты, менің жалғызымды білесіңдер ғой! Білесіңдер ә?», деп еңірей жүріп адамдарға жалбарынғаны жан дүниеңді алай-дүлей күйге түсіреді. Жалғыз ұлы Жұрнағы үшін шырыл қаққан әке жүрегі көрерменін қосыла жылатады.
Режиссер Б.Құрманғожаевтың жаңа шешімінде есейген Жұрнақ (әртіс Б.Сегізбаев, әртіс Е.Аманғалиев) саясаттың құрбаны болып қана қоймайды, сол тепкінің дүмпуі қоғамнан әлі толық алыстап кете қоймағанын, әр қоғамның өз Жұрнағы барын еске салады. Иә, қазақ елін өзге ұлттың билегеніне қарсы шыққан Жұрнаққа қастандық Кеңес жүйесінің озбырлығымен аяқталмайды. Сүйіктісінен айырылғаны аздай, Мәскеуден ауру болып оралған Жұрнақтың өмірден безінуіне өз ауылдастары да кінәлі.
Саясат тепкісінен дертке шалдыққан Жұрнаққа қоршаған қоғамнан тек қана әке-шешесінің көзін көрген Сағындықовтың шешесі (Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Г.Еспай, Ә.Қарабекова) мен мектеп директоры (М.Дариев) ғана араша түсті. Қалғандар... Теріс айналды. Мазақтағаны аздай жабыла қорлады. Кезінде таяқ жеген арматура сымын көргенде санасы оянған Жұрнақтың қара күшке қарсы ұмтылғанын «қатерге» балаған милиционер (әртістер Д.Аралбаев, А.Қалыбаев) аяқ-қолын матап тастайды. Осы сәттің өзінен-ақ Кеңес жүйесінің мейірімсіз мерез әрекетін аңғарасыз. Неге қоғам тым қатыгезденіп барады? Асылдарымызды арамызда жүргенде ардақтамай, өлгеннен соң іздейтініміз тағы бар... Осы біз адамды көзі тірісінде қадірлеуді қашан үйренер екенбіз?..Өткеннен неге сабақ алмаймыз!
Қоғамның теперішінен безген Жұрнақ әкесінің құлаған шаңырағын қайта көтеруге бел буады. Өмірін жалғастыру үшін емес, әке шаңырағын қарайтып кету мақсатында. Жалғыз ұлдың, әулеттен қалған Жұрнақтың соңғы тұяқ серпісі осы болды.
Адамдардың аярлығынан баз кешкен Жұрнаққа сүйіктісі Алманың аруағы: «Жұрнақ! Жұрнақ! Жаным менің! Қатып қаласың ғой... Жан-ным... Жан-ным... Бұл жаққа неге асықтың, алтыным... Жан-ным... Неге асықтың біз жаққа?!» деп шырыл қаға оятқысы, мәңгілік мекенге келтіргісі келмей жанұшырады. Сүйіктісі өлмесе екен деп бебеу қағады. Болмады... Жалбарынған жалғыз үн еленбеді.
«А-а-а-а! Алма-а-а! Ала кетші мені, Алма-та-а-а-ай! Мен... Мені бұл дүниеде жынды Жұрнақ дейді. Мен... Мен... Мен... Мына дүниеден ша-шар-ша-ды-ы-ым... Ұшамын мен... Ұшармын да кетермін. Саған жетіп қонармын... Сенімен бірге... А-а-а-а! Алма-а-а-а-а! Ал-ал-ал...»... Бұл – ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен Жұрнақтың соңғы сөзі!..
Жұрнақтың өлімі бәрімізге ой салуы керек. Өйткені әлі де арамызда Жұрнақтар жүр. Бірақ біз олардың қадіріне жете алып жүрміз бе? Осы ой көңілді алаңдата береді. Жұрнақтарды жоғалтып алсақ, қайтпекпіз! Жұрнақсыз жұтылып кетпейміз бе?
Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург