Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

Ескерткіш тақта орнатылды

5316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақта орнатылды

Биыл 85 жасқа қараған шағында өмірден озған жазушыны еске алу мақсатында қаламгер қы­рық жыл­дан астам тұрған Жамбыл көшесі, 163-үйге ескерт­кіш тақта орнатылды. Бұл үйде жазу­шының қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шоқтығы биік туын­дыға айналған құнды мұралары өмірге келді. Оқыр­ман қауым жазушының «Тағ­дыр» романы арқылы шетелге ауған қандастар тағдырын таныса, «Соңғы көш» дилогиясы, «Дара­боз» тарихи ро­маны мен көптеген әңгіме, повестері алыс-жа­қын шет­елдердегі оқырмандар ортасына кеңінен белгілі болды.

Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген жазушының тырнақалды туындылары Шәуешек гимназиясында оқып жүр­генде басталып, «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлең­дері жарық көрген-ді.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы Ұлықбек Есдәулет ашып, жазушы мұрасы ха­қында сөз сөйледі.

Салтанатты жиында жазушының жұбайы Сәуле Әукенқызы осы шараны ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығын білдіре келіп, «Бүгін отбасымызда қуанышты, тарихи оқиға болып жатыр. Қабаңа арнап ескерткіш тақта орнатылды. Қабаң өте шыншыл, шынайы, әділ адам еді. Ойламаған жерден кетіп қалды. Жат­қан жері жайлы болсын», деп еске алса, бұл күнді жинал­ған көп­шілік «классикті еске ала­тын көрнекі құрал­дардың бастамасы» деген пікір білдірді.

Қаламгер қауым мен әдебиетсүйер оқырман қатысқан жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Жиын барысында ақын Темірхан Медетбек, жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек, фило­софия ғылымдарының докторы, профессор Ұлық­пан Сыдықов сөз сөйлеп, ақын Қасымхан Бегіманов жазушы рухына арнаған өлеңін оқыды.

 

АЛМАТЫ