Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

СҚО-да есірткі саудасымен айналысқандар ұсталды

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткіні өткізушілерді ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде үш жас жігіт қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да есірткі саудасымен айналысқандар ұсталды

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков атап өткендей, қылмыстық топ бірлескен әрекеттер нәтижесінде ұсталды. Барлық ұсталғандар Петропавл қаласында жалға алынған пәтерде екі айдан астам тұрып, «жасыру» арқылы синтетикалық есірткі таратқан.

Жалдап алынған пәтерде тінту жүргізу барысында қылмыстық әрекетті көрсететін айғақ заттар және 800 граммға жуық «мефедрон» синтетикалық есірткі тәркіленді.

Ұсталғандардың айтуынша, олар Петропавлға еліміздің әр өңірінен есірткіні тарату мақсатында әдейі келген. Ерлан Омарбеков айтқандай, ұсталғандарға қатысты сот қаулысымен «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы «Өткізу мақсатында есірткіні заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Күдіктілердің осыған ұқсас бұрын ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.