Руханият • 29 Желтоқсан, 2021

Ұстаздың ұлы келбеті – Ыбырай

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәл осындай атаумен Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы және Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық академиялық кітапхана залында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, дала қоңырауы атанған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай ауқымды конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Ұстаздың ұлы келбеті – Ыбырай

Ұлттық академиялық кітапханасы фойесінде «Ұстаздың ұлы келбеті – ЫБЫРАЙ» атты көркемсурет көрмесінде жас суретшілердің Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған үздік жұмыстары келушілер назарына ұсынылды.

Шараның беташарында сазгер Қанат Едресовтің «Ұстаздардың ұстазы – Ыбырай ата» атты әнін Нұр-Сұлтан қаласының №2 Өнер мектебінің «Айналайын» балалар хоры орындаса, «Ұстаздың ұлы келбеті – ЫБЫРАЙ» атты оқуышылар арасында өткен жыр мүшәйрасының жүлдегерлері, №30 мектеп-гимназиясының оқушысы Қонысбай Нұрасыл, №27 мектеп-лицейінің оқушысы Лишицкая София, №49 орта мектебінің оқушысы Сартай Рамазан, №83 мектеп-гимназиясының оқушысы Ерғали Ернұр «Ыбырай» аталарына арнаған өлеңдерін оқыды.а

Конференцияның мақсаты – білім беру саласының дамуында Ы. Алтынсариннің өмірі мен іс-әрекеті арқылы оның ойшыл-философиялық көзқарасын насихаттау. Диалог алаңына елімізге белгілі Ыбырайтанушылар, ғалымдар, Ыбырай Алтынсариннің туыстары, елордалық үздік педагогтері шақырылды.

Конференцияны Қазақ Ұлттық өнер университеті Музыкалық білім кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, PhD докторант Кожебаев Дархан Ержанұлы жүргізіп отырды.

Алғашқы болып зум арқылы сөз сөйлеп пікір білдірген Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім институты директорының орынбасары Дүйсебек Әділхан Төребекұлы акамедия президенті Бейсембаев Ғани Бектайұлының құттықтауын жеткізсе, Білім беруді жаңғырту орталығының басшысы Мадеев Сабыржан Маратұлы Ұлы ұстаздың артында қалдырған мұраларының уақыт талабына әлі де жауап беріп, келе жатқандығын, Ыбырай мұрасы сарқылмас қазына өмірлік азық екендігіне, Ыбырай шығармаларын насихаттауға арналып өткізілген шараларға тоқталды. Жамбыл облысы, Шу қаласында тұратын Ыбырай Алтынсариннің шөбересі Аманкелдинова Жұмакүл   Айдабекқызы шуақты шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға сәттілік тілеп, бейнеқұттықтау жолдады.

аКонференцияның негізігі бөлігінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай қаласы аймақтық университетінің профессоры, ақын, жазушы, драматург, Махмұт Қашқари атындағы «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты Шаяхмет Ақылбек Қожаұлы «Алтынсарин және Иман, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы «Ы. Алтынсарин тұлғасы: тағдыр сыны және рухани зерде», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институтының» «Деректану, тарихнама және отандық тарих» бөлімінің ғылыми қызметкері, «Ы.Алтынсарин», «ҚР ғылымын дамытқаны үшін», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Дүйсен Сейітқали Жақияұлы «Ы. Алтынсарин мұрасы тарихшы ғалымдар еңбектерінде», Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту» орталығының басшысы Жуманова Сара Сеитқызы «Ы. Алтынсарин мұралары: жаңа көзқарас», Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық келісімі Корей мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Хамзина Ләззат Болатқызы, «Қостанай облысы Торғай ауылы Ы.Алтынсарин атындағы мектебінің тарихы» жайында тұщымды баяндамалар жасап, тың ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары, «100 жаңа есім» атағының иегері Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы қазақ даласында тұңғыш кітапхананың негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин туралы тың ойларын ортаға салса, осы шараға ұйытқы болған  ақын, композитор, журналист, «Құрмет» орденінің, Ыбырай Алтынсарин, ҚР «Білім беру үздігі» төсбелгісінің иегері Сүлейменов Оспан Сүлейменұлы еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосқан елордалық Ы. Алтынсарин төсбелгісін иеленген ұстаздардың өмірбаяны, шығармашылық жолына арналған Білім беруді жаңғырту орталығы құрастырған «Ұстазға тағзым 2» кітабын таныстырып, аталған жинақтардың электрондық нұсқасын қолжетімді еткен Ұлттық кітапхана және Білім беруді жаңғырту орталығы басшылығына алғысын білдірді. 

Нұр-Сұлтан қаласы Жоғары сауда-экономикалық колледжінің директоры Кужимов Мырзабек Төребекұлы Ыбырай Алтынсариннің қазақ жастарын кәсіптік білімге үйретудегі еңбектерінің қыр-сырына тоқталып тың деректерді ортаға салды.

Ұлт ұстазы Ы. Алтынсарин қазақ педагогикасының іргетасын қалаған бірегей тұлға. Ағартушының асыл мұрасын зерттеу және оның идеяларын қазіргі білім беру жүйесінде жүзеге асыру баршамыздың парызымыз.

Шара соңыңда №1 Балалар музыка мектебінің «Қыздар-ай»  дәстүрлі әншілер ансамблі (жетекшісі Жұмағалиқызы Самал), №78 мектеп-гимназия оқушылары хормен «Дана ұстаз – Ыбырай» әнін  (авторы, композитор, хор жетекшісі Кикимов Даулеткерей Әбілхатұлы), №1 Балалар музыка мекебінің «Ару» би ансамблі    (жетекшісі Секербек Багдина Мейрамқызы) «Парасат» биін, №2 Өнер мектебінің ұстаздардан құралған «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі (жетекшісі Нұрхан Айжарықов) Қайырғали Әбішевтің күйі «Ыбырайдың желдірмесін» тамылжыта орындап, ел ықыласына бөленді.

Жалпы конференцияға республикамыздың білім беру жүйесінің басшылары мен мамандары, Нұр-Сұлтан қаласы Әкімдігінің және қоғамдық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, БАҚ өкілдері, Ы Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері, білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.

Ауқымды шара ұлт ұстазы Ыбырай мұрасын зерделеуде тың нәтижелерге, жаңа ізденістерге жол ашты.

 

 

Ж. Ергешбаев, Е. Нұршеков,

Нұр-Сұлтан қаласы, Білім беруді жаңғырту орталығы.