Жыл кейіпкері
Биыл ақиық ақынның 90 жылдық мерейтойы болған соң Мұқағали есімі республиканың түкпір-түкпірінде жылдағыдан жиі аталды. Жыл бойы кең-байтақ Қазақстанның әр өңірінде қаншама оқушы ақын өлеңін мәнерлеп оқыды екен... Қаншама мектепте ақын шығармашылығынан ашық сабақ өтті екен... Бұдан бөлек он төрт облыстың әр нүктесінде түрлі ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залы ашылды. Бас қаладағы бұл орын талай ақынның шығармашылық кеші өтетін һәм жаңа кітаптары таныстырылатын мәдени-рухани ошаққа айналып келеді.
Жеке тұлғаның сөздік кітабын шығару дәстүрі оқырманға жақсы таныс. Мәселен, «Шекспир сөздігі», «Пушкин тілі сөздігі», қазақ әдебиетіндегі «Абай тілі сөздігі». Енді бұл қатарға «Мұқағали тілі сөздігі» атты көлемді ғылыми-танымдық еңбегін қоса аламыз. Мерейтой қарсаңында шығарылған сирек жанрдағы бұл кітапта ақынның 5 томдық толық шығармалар жинағындағы сөздер тегіс қамтылып, мағынасы ашып түсіндірілген. 13 мыңнан аса сөзге, соның ішінде 5035 тұрақты тіркеске түсінік берілген. Сондай-ақ Мұқағалидың жырларында жиі және өте сирек, тіпті бір-ақ рет қолданылған сөздерге талдама жасалған.
Биыл Мұқағали образын суреттеген бірнеше көркем һәм деректі фильм түсірілді. Режиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» кинокартинасы ақын өмірінің соңғы жылдарын баяндайды. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Сондай-ақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясы да ақиық ақынның 90 жылдығына арналды. Азамат Сатыбалды мен Дархан Саркеновтің режиссерлігімен таспаланған фильм ақынның 1973 жылдан 1976 жылға дейінгі өмір кезеңіне арналған. Бұдан бөлек «Қоңыр» продюсерлік орталығы түсірген «Қарасаз көшелері» деректі фильмі де көрерменге ұсынылды.
Осылайша, жыл бойына жалғасқан ақынның мерейтойы туған жерінде түйінделді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда болып, конференцияға қатысты. Ал орталық алаңда алып тұлғаның еңселі ескерткіші ашылды. Сонда зиялы қауым: «Осы ауылдан отыз жасында кетіп, алпыс жылдан кейін ескерткіш болып оралды», десті.
Иә, уақыт зырғып өте берер... Мұқағали жүзге келер, жүз онға келер. Оның жырлары әлі талай оқылар, кітаптары әлі талай рет басылып шығар, ескерткіші де әлі талай қойылар. Мұның бәрі ақынға деген құрмет, ақынға деген сағыныш...
Жыл қуанышы
«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды», деп жырлаған ақын Қасымның енді «өз үйі» бар. Олай дейтініміз, аз ғана ғұмырында баспанадан тарыққан ақынның шығармашылығында бұл мәселе тақырыпқа айналған еді. Қасымның биылғы 110 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды қаласында «Қасым үйі» ашылды.
Осыдан бір жыл бұрын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездескенде ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы Қарағандыда «Қасым үйін» ашу жөніндегі идеясын айтқан болатын. Сонда өңір басшысы бұл бастаманы қызу қолдап, оны іске асыруға уәде берген еді. Енді, міне, кеншілер астанасының төрінде «Қасым үйі» есігін ашты.
Қасым үйінде ақынның мұражайы бар. Онда Қасым Аманжоловтың сирек кездесетін қолжазбалары, кітаптары мен жеке заттары және фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар ғимарат ішінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының облыстық филиалдары, Серік Ақсұңқарұлы атындағы бөлме, «Қасым» журналының редакциясы, сондай-ақ өңірлік коммуникациялар қызметі де орналасқан.
Қарағандыда Қасым үйінің ашылуы ұлттық рухты, сананы жаңғыртуды айғақтайтын тарихи оқиға іспеттес. Бұл үй Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, оны жаңа қырынан танитын нағыз зерттеу орталығы болып, өңірдегі мәдени-рухани ошақтың біріне айналмақ.
Әдебиет мәртебесін арттырған жыл
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы жазушы Әкім Таразиге бұйырды. Айта кетейік, бұл марапат тәуелсіздік жылдарынан бері Әбіш Кекілбайұлы (2009) мен Олжас Сүлейменовке (2016) табысталған еді. Ең алғаш әдебиетте «Құйрықты жұлдыз» повесімен жарқырай көрінген Әкім Таразидің көптеген кітабы жарық көріп, бірнеше тілге аударылды. Бүгінде жазушы шығармалары қазақ әдебиетінің бір толқыны тудырған мұраға айналды. Әдеби өмірдің биылғы ағысында бұл жаңалық қазақ әдебиетін тағы бір биікке көтеріп, айдынын асыра түсті.
Жыл кітабы
Ел руханиятындағы биылғы атаулы мерекенің бірі дала дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы болды. Осы орайда ақын мұрасын жинақтау һәм насихаттау мақсатында бірнеше көлемді жинақ жарық көрді.
Ең алдымен елордада жыр алыбы Жамбылдың 10 томдық жинағы таныстырылып, оқырманға ұсынылды. Іргелі еңбекте ақынның өлеңдері мен айтыстары, жырлары түгел топтастырылған. Сондай-ақ өмірі мен шығармашылығы туралы көрнекті ақын-жазушылардың естеліктері мен ғалымдардың ғылыми зерттеулері де енген. Жамбылдың алғашқы хатқа түскен шығармаларынан бастап бүгінге дейінгі үш тілде 4 томдық библиографиялық көрсеткіші дайындалған. Он томдыққа қазақшасы беріліп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген жинақ 30 мың данамен басылып шықты. 10 томдық кітап республиканың барлық аймағындағы мемлекеттік кітапханаларға таратылды. Айта кетейік, он томдықты құрастырған – жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы.
Бұдан кейінгі көлемді еңбек – «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық жинақ Мемлекеттік хатшы арнайы қатысқан ақын мерейтойының қорытынды жиынында таныстырылды. 30 томдықты Алматы облысының әкімдігі мен Жазушылар одағы бірлесіп шығарды. Жинаққа өмір тарихы, шет тілден аударылған шығармалары, музыкалық мұрасы, Жамбыл Жабаев туралы зерттеулер, естеліктер, ақынның ұстаздары Сүйінбай, Қабан жырау, Майлықожа, замандастары, шәкірттері туралы деректер мен олардың шығармалары, ақын туралы көркем шығармалары, Жамбылдың талантты ұрпақтары жайлы және басқа да деректер енгізілген.
Ақын мерейі
Биыл ақын Светқали Нұржан үшін жемісті жыл болды. Осы жылы оның «Сарайшықтың көзесі», «Жұлдыздардың жұпары» сияқты екі поэзиялық кітабы жарық көрді. Ол кітаптарға ТМД елдерінің «Искусство книги» атты XVIII Халықаралық конкурсында I дәрежелі марапат берілді.
С.Нұржан – сонау сексенінші жылдарда қазақ поэзиясына өзіндік леп, асқақ рух ала келген ақын. Алғашқы «Аруана» жинағынан бастап «Таң қауызын жарғанда», «Ай таранған түнге» дейінгі аралықта оның жырлары ұлтымыздың ұлттық поэзиясына қан жүгіртіп, дамуына үлес қосты. Ол поэзиямен қатар көркем аудармамен де айналысып, оқырманға керекті рухани құндылықтарды ұсынып отырды. Айталық, «Әулиелер әуезі», «Еуропа поэзиясы», «Қырық хикмет», «Дәрменсіздер дәлелі», «Генрих Гейне» сияқты поэзиялық жинақтар мен жыр-дастандарды аударып, оқырманға жеткізді.
Оның дара таланты мен шығармашылығы туралы абыз жазушы Әбіш Кекілбаев: «Менің Светқали інім, Айт-Маным. Оның да Құдай тау-тағын хан күйік қып құрған, жөргегі майса болған. Жас та болса ақылды, шежірені көп біледі. Атасын көрген, әкесін көрген, ат жалында өскен, жылқыдан үйренген, қашып бара жатқан құланнан, киіктен үйренген. Көп кісінің аузы түгіл көңіліне, сезіміне, қиялына оралмайтын қиямпұрыс өлеңдерді де жаза алды», деп баға берген болатын.
Ақын Светқали Нұржан биыл Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Әдеби айналымдағы дәстүрлі сөзбен айтсақ, оны, әрине, бұрын-ақ алуы тиіс еді. Сонымен қатар ақын осы жылы Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен ойшыл ақын Юнус Әміре жырларына әдеби-көркем аударма жасап, Халықаралық Түркі академиясының «Науаи» атындағы алтын медалімен марапатталды. Ұлт поэзиясында алар орны ерекше, таланты мен ізденісі бір төбе ақынды «Жыл ақыны» деп таныдық.
Жыл шешімі
Елорданың төріне Тәшенов жайғасса, іргесіне Әлихан Бөкейхан келді биыл. Олай дейтініміз, Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қарағандының бұрынғы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі берілді. Желтоқсанның 13-і күні, Тәуелсіздік тойының алдында, Қарағандыда Әлихан Бөкейхан ауданы ресми ашылды. 13 желтоқсанға неге тоқталып отырмыз?
Дәл осы күні 1917 жылы екінші жалпықазақ сьезінде Орынборда Алашорда үкіметі құрылып, төрағасы болып Әлихан бабамыз бірауыздан сайланған-ды тарихта. Қазақтың өз алдына дербес ел болам деген күні бұл – 13 желтоқсан. Биыл тарих осылай қайталанды. Алаш даласында Әлихан атына алғаш аудан беріліп, қазақ баласының айдарынан жел есті десе болғандай.
Әлихан Бөкейхан есімі Октябрь ауданын «тырапай асырғаны» жалғыз қарағандылықтардың ғана емес, облыс тұрғындарының, жалпы қазақ зиялыларының еңбегі. Қазақ рухының жеңісі. Қаншама қоғам белсенділері ат салысып келді бұл іске. Азаматтар көтерген бастаманы қолдап ала жөнелген жергілікті биліктің қоғамдық тыңдауды қалай ұтқыр ұйымдастыра алғанына куә болғанбыз кезінде. Қарағандылықтар бұл мерейді 20 жыл күткен деседі. Көмірлі қалада екі үлкен аудан бар десек, соның бірін осыдан 20 жыл бұрын Қазыбек би атына бергенде, қазіргі Әлихан ауданы Октябрьский болып қала берген. Содан бері көтеріліп келген бастама биыл, Тәуелсіздіктің отыз жылдық тойында жүзеге асқаны тегін емес, ендеше. Оның үстіне 13 желтоқсанда салтанатты түрде ашылып, ресми бекісе. Қазақ азаттығының да бұғанасы бекіп, қабырғасы қатты деген сөз. Елдің мерейі асып, дәулеті тасығаннан артық не бар?
Алаш мерейі аса берсін!
Тұғырға қонған тұлғалар
Тұғырлы тұлғалар – тарихтың леп белгілері деген тамаша тәмсіл бар. Саналы ғұмырларын сан түрлі салаға, ілім-білімге, әдебиетке, мәдениетке, қаламгерліктерін қайраткерлікке ұштастырған ұлы тұлғаларымыз аз емес. Кейбірі тіпті Алаш шегінен асып, тұтас адамзатқа ортақ тұлға деңгейіне көтерілген кемеңгерлер. Биыл Тәуелсіздігіміздің ордалы отыз жылында сол алыптарымыздың біразын еңселі ескерткіштерге айналдырып үлгердік.
Әрине, оның барлығын тізбелеп атап шығуға да болады. Алайда газеттің өз дәстүріне сай сол тұғыры биік тұлғаларымызға қойылған мінсіз мүсіндердің ішінен «Егемен» үздік деп таныған ең ғажап ескерткішті бөліп айтқымыз келеді.
Иә, жалпы алғанда Нұр-Сұлтан қаласының төрінде ұлы ойшыл, философ Әбу-насыр әл-Фараби бабамызға орнатылған биылғы ескерткіштің көркемдігі еш мүсіннен кем деуге келмейді. Қазақ ғылымының қазығындай Қаныш Сәтбаевқа орнатылған ескерткіш те ғажап талғаммен тұрғызылған. Былайша айтқанда Сәтбаевқа қойылған сәтті ескерткіштің бірі елорда төрінде тұр. Одан бұрын тағы осы астанамызда Алаш арыстарына композициясы керемет ескерткіштер еңселене бой көтерді. Тағы сондай құрылыммен Шымкент қаласында да Алаш қайраткерлері арамызға мүсін болып оралғандай ел мерейін асырды.
Сондай-ақ ерте көктемде Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Жаңғызтөбе ауылының азаматтары қазақтың соңғы ханы Кенесары ханға ескерткіш қойды. Ел рухынан нәр алған еңселі тұғыр қазақтың кең сахарасында сол қасиетті жер мен елдің азаттығы жолында мерт болған даңқты хан, ұлы баһадүрге қойылған тағы бір тамаша ескерткіш ретінде талайдың талғамынан шықты. Сұсты, бастысы рух бар.
Бірақ біз осы ғажайып та ғаламат туындылардың ішінен ұлт батыры, жер үшін жан пида деп алып империяға қарсы сөз айта алған Жұмабек Тәшеновтің елорда төрінде бой көтерген рухты мүсінін де ерекше атағымыз келеді. Себебі алдында атап кеткен тұлғаларымызға әр жылдары еліміздің түрлі қалаларында ескерткіштер орнатылып келген болатын. Ал Тәуелсіздіктің таңымен бірге келген егемендігіміз Тәшеновтей тұлғаларымызды еркін насихаттатуға жолды енді ашты.
Жыл жаңалығы
Кейде өз елінде бейтаныс жанның таланты әлемді таңғалдырып, жұлдызы бір-ақ сәтте жарқырай түседі. Биыл Қазақстанды дүр сілкіндірген сондай өнерпаз – Иманбек Зейкенов болды.
Ең басты себеп, әрине, ол Saint JHN орындайтын Roses әніне жасаған ремиксі америкалық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы ұйымдастыратын «Грэмми» сыйлығын Best Remixed Recording номинациясы бойынша жеңіп алды. Айта кетейік, Иманбек – «Грэмми» алған алғашқы отандасымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иманбекті атаулы жеңісімен құттықтап, оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдегенін айтты. Бұған дейін Imanbek Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазған. Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтардан үйренген.
2019 жылы Иманбек рэпер Saint Jhn-ның Roses деген әнін байқап, оны билеуге ықшамдап ремикс жасаған. Ремикс өте жылдам қарқынмен танымал бола бастады. Дүние жүзіндегі біршама чарттарда болды. Ремикс YouTube-те 145 миллионнан аса қаралым жинаған.
21 жастағы талантты танымал бұл жеңісінен кейін шығармашылығында өзгерістер мен жақсы жаңалықтар орын ала бастады. Мәселен, Saint JHN-ның Roses әніне жасаған ремиксі үшін «Үздік электрон ән» номинациясында марапатқа ие болды. Айта кетейік, Billboard Music Award – музыкалық чарттардағы үздік жетістіктері үшін америкалық музыкалық баспа Billboard басылымы беретін музыкалық сыйлық.
Кейінгі жылдары ән өнері мен кино саласындағы ел таланттары әлемдік аренада жиі топ жарып жүр. Соның бірі һәм бірегейі – жыл жаңалығы болған Иманбек Зейкеновтің шығармашылығына зор табыс тілейміз.
Жылдың ең жас стипендиаты
Еуропаны мойындатқан отандастарымыз көп қой. Дегенмен, киіктің асығындай ғана кішкене қарадомалақ Ержан Максимнің ерлігі, бейнелеп айтқанда, Еуропаны сол кезде есінен тандырғандай еді.
Осыдан екі жыл бұрын, Польшада өткен Junior Eurovision – 2019 ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алғаны есімізде. Екінші орын дегенді бір жағынан шартты жүлде деуімізге де болады. Себебі аталған байқауда қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша, қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орынға табан тіреген болатын. Тура сол жылы талантты әнші, болашағынан күтер үмітіміз көп жап-жас Ержан Ресейдегі атақты шоулардың бірі «Голос. Дети» байқауында да топ жарды.
Ең қызығы, бұл байқауда да Ержан Максимді әділқазылар қолдап, жеңіске жетуге лайық деп тапқан болатын.
Қазақ «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме? Биыл сол кішкентай Ержан ел абыздарымен бірге ең үлкен зиялыларымыздың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атанды. Небәрі 14 жастағы ұланның бұндай марапат алуы, біріншіден, өнер адамына деген үлкен қолдау болса, екінші жағынан Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов сынды аңыз тұлғалармен бірге марапаттау арқылы алдыңғы буын аға-апаларының өнегелі жолы мен асқақ даңқың берсін деген жақсы ырым деуіміз тиіс.
Жыл премьерасы
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесіне тамаша тарту ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Алматыда «Жамбыл жырау» операларының премьерасын қойды. Бұл туындыны шетелдік және отандық театр сыншылары ғана емес, жалпы жұртшылық жылы қабылдады.
Биыл ұлттық операға жаңаша леп әкелген туындының бірі – «Жамбыл жырау» операсы. Жыл басында Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы желтоқсан айында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен қорытындыланып, сонда жиылған қауымға жаңа операның премьерасы ұсынылды.
Ерте дәуірден жалғасқан жыраулық дәстүрді жиырмасыншы ғасырға дейін әкеп, жас ұрпақтың бойына сіңірген Жамбыл бабамыздың мазмұнды өмірі мен ерлік пен өрлікке толы жырларын арқау еткен қойылымның либреттосын өзгеше өрнекпен ақ параққа түсірген белгілі әдебиетші, түркітанушы ғалымдар Дархан Қыдырәлі мен Ақеділ Тойшан және музыкасын жазған танымал композитор Әлқуат Қазақбаевтың еңбегін ерекше айтуға болады. Премьераның қоюшы режиссері – Диана Акимбаева.
Спектакльде Жамбыл өмір сүрген дәуірдің бейнесі сол кезеңдегі ақынмен жақын араласқан тұлғалар − Сүйінбай, Тоқтағұл, Тілмаш, Бұрым секілді негізгі кейіпкерлер арқылы жан-жақты ашылып, олардың образын бейнелеген әртістердің өнері көрермендерді шынайылығымен тәнті етті. Сонымен қатар театрдың әр буындағы өнерпаздарын қамтыған қойылым фольклорлық дәстүр сахналарымен тартымды декорация құрып, театр технологиясының мүмкіндігімен әсем безендіріліп, шығармаға әдемі мазмұн берді.
Жыл кино картиналары
Биыл қазақ киносының қазынасы өз көрермендерін тәнті еткен жаңа туындылармен толықты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенов. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» атты тарихи телехикаялардың таныстырылымы өтіп, олар Ұлттық арнадан көрсетіле бастады.
Соның ішінде алдағы жылы 150 жылдығы кең көлемде атап өтілетін ұлы Ахаңа арналған «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалын көрермендер Тәуелсіздік күні мерекесінде екі күн қатарынан тамашалады. Жаңа туындының режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін режиссермен бірігіп Ұларбек Нұрғалым жазған. Тарихи шығармада ұлт ұстазының бейнесін Байғали Есенәлиев сомдады. Онда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде көрнекті тұлғаның басынан кешкен қиын қыстау тағдыры баяндала отырып, ұлт мұраты жолындағы жанқиярлық ерліктері мен еңбектері айшықты көркемделген.
Сондай-ақ ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» фильмін осы қатарда айтуға болады.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуынды ақын өмірінің соңғы жылдары туралы сыр шертеді.Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыровпен бірлесіп жазған.
Жақында аталған туынды «Темные ночи» атты 25-ші Таллин кинофестивлінде (PÖFF) экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Жыл әншісі
Ән өнерінде әр жыл сайын табысталатын дәстүрлі сыйлықтың бірі – «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі. Бұған дейін бұл додада қазақстандық өнерпаздар бірнеше рет жеңіске жетті. Айталық, «Славян базары-2015» xалықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-Приді жеңіп алған еді. Одан кейін бұл биікті 2019 жылы Әділxан Макин бағындырды. Ал биыл аталған марапат Рухия Байдүкеноваға бұйырды.
Ол конкурстың финалдық кезеңінде америкалық атақты әнші Мэрайя Кэридің орындауындағы Emotions әнін шырқады. Рухияның 5 октавалы даусы мен орындау шеберлігі қазылар алқасын бей-жай қалдырмады. Доданың алғашқы кезеңінде-ақ әнші «Зозуля» композициясымен ең көп ұпай жинаған еді.
Гран-при иегері «Славян базары» байқауына бұған дейін екі рет қатысқан. Дегенмен, алғашқы екі мүмкіндікте де жеңіс тұғырына жете алмады. Яғни Рухия Байдүкенованың биылғы жеңісі көп уақыттан бергі ішкі дайындық пен шеберліктің нәтижесі болғандай.
Әншінің жетістігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, ізгі тілегін жолдады. «Әлемнің көптеген елінің кіл мықты таланттары қатысқан осынау айтулы байқауда көрсеткен өнеріңіз – Сіздің кәсіби даралығыңыздың, табиғи дарыныңыз бен әртістік шеберлігіңіздің айқын дәлелі», деді Мемлекет басшысы. Атаулы жеңісінен соң «Қазақконцерт» солисі атанған әнші алдағы уақытта да әлемдік өнер додаларында бақ сынамақ.
P.S.: Биыл елдің әдеби-мәдени өмірінде мерейтойлық даталарға орай көптеген жиын өткізіліп, жаңа жинақтар жарық көрді. Жыр дүлдүлі Жамбылдың, дауылпаз Қасымның, Мұқағали мен Сайынның мерейтойы қарсаңында, жоғарыда атап өткеніміздей, түрлі игі бастама қолға алынды. Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Балалар әдебиеті жылы» аясында да жыл бойы түрлі әдеби іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл осы жылы, салыстырмалы түрде айтқанда, балаларға арналған жаңа шығармалар көптеп жазылғанын көрсетеді. Жуырда ғана «Атамұра» баспасынан «Балалар поэзиясы антологиясы» басылып шыққанын да айта кетейік. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен де балаларға арналған жинақтар жарық көрді. Бұл бастама балаларға арналған қазақтілді кітаптардың контентін қалыптастыруға ықпал етері анық. Бұдан бөлек биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ақын-жазушылардың жеке кітаптары жылдағыдан көп жарияланды. Мемлекеттің қолдауымен іске асырылған бұл жоба, ең алдымен, қазақ руханиятына көрсетілген қамқорлық болса, одан кейін әдебиетті һәм жас таланттарды қолдау мақсатында жасалып отыр. Ел егемендігінің ордалы отыз жылдығынан асқан кезеңде қазақ мәдениеті мен әдебиеті мемлекеттің рухани күші бола алады деп сенеміз. Сондай-ақ еліміздің шығармашыл өкілдеріне зор табыс тілейміз.
Дайындағандар: Мирас АСАН, Азамат ЕСЕНЖОЛ, Маржан ӘБІШ, Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»