Өнер • 31 Желтоқсан, 2021

Өнегелерімен өміршең

1396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнер әлемі үшін өнегелі өрнектелген өткен жыл келер жылға да тамаша тартулары мен жақсы жаңалықтарын қалдырып бара жатыр. Тәуелсіздік тойымен түйінделген сыйға толы өткен жылдың жетістігін 2022 жылы да табысты жалғайтындығына сенім мол.

Өнегелерімен өміршең

Розаның ғасыры

Жаңа жылда той да, мерейтой да көп. Күнтізбенің алғашқы парағымен бірге күміскөмей әнші, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ғасыр тойы қатар ашылмақ. Есімі аңызға айналған әншінің қазақтың ән өнері мен руханиятына сіңір­­ген еңбегі ересен. Әсіресе, майдан да­л­асында оқ пен оттың ортасында жү­ріп салған әні соғысқа қатысқан талай сарбаз­дың жанына жігер сыйлап, жеңіске деген қадамға жақындатуға септескені анық. Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Іңкәрім», «Әдемі-ау», «Ақ тамақ», «Ақсұңқарым». «Ах, Самара – городок» әндері әншінің әсем даусымен бірге халықтың жанына берік орнығып, ел жүрегінде мәңгілік жатталған. Ғасыр тойы қарсаңында өнер иесінің есімін ұлықтау шаралары өткен жылдан бастау алып үлгерді. Атап айтсақ, былтыр елорда төріндегі «Қазақстан» Орталық концерт залына Роза Бағланованың есімі беріліп, «Хабар» арнасы әншінің өмірі жолы мен шығармашылығына арнап «Бұлбұл» атты телехикая түсірді. Сондай-ақ 2022 жылы әншінің 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау туралы шешім қабылданды. Ендеше Жаңа жылда аңыз адам Роза Бағланова есімін ұлықтап, әншінің шығармашылық жолын танып, зерделеуге бағытталған ізденістерге де кең жол ашылары сөзсіз.

Ерлік аңызы

Әнші Роза Бағланова салған әннен қуат алып, жауға қарсы жігерлене шапқан, Кеңес Одағына Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан даңқты батырлары – Талғат Бигелдинов пен Мәншүк Мәметованың да биыл ғасыр тойы.

Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтеріліп, 7 жау ұшағын атып түсірген. Соның бірі – 1943 жылы Днепр үшін ұрыста жауға аянбай қарсы тұрған батырдың ұшағы зақымданып, өртене бас­тайды. Сонда Талғат Бигелдинов ұшағын ойланбастан жау техникасы жасырынған тұсқа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп үлгереді. Батырдың бұл ерлігі фотосуретке таспаланып үлгерген. Әуеде жүріп көзсіз ерлігімен көзге түскен қазақтың даңқты ұлының ерлігі қашанда ел есінде, рухына мың тағзым!

Ерлермен бірге иық тірестіріп майдан даласына аттанған сол кезде небәрі 20 жастағы өрімдей бойжеткен Мәншүк Мәметованың ерлігі де жұрт жадынан мәңгілік өшпейді. Зеңбірекшілер баталь­­онына қабылданған қайсар қыз бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алады. Осы батальон 1943 жылдың күзінде Изоча бекетін жау қолынан босатуға қатысты. Алайда көп сарбазынан айырылған Кеңес әскері кейін шегінуге мәжбүр болады. Мәншүк осы кезде: «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем сендерді кім қорғайды?» деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар қыз «Максим» зеңбірегімен жүздеген немістің көзін жойып, сол майданда өзі де ерлікпен қаза табады. Арада 6 ай өткен соң қаһарман қызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

н

г

Би падишасы – Шара

Сонымен қатар биыл қазақтың кәсі­би би өнерінің негізін қалаушы, Қазақ­­станның халық әрітісі Шара Жиенқұ­ло­ваның да 110 жылдық мерейтойы. Халқымыздың бұлбұлы Күләш Байсейі­това десек, би өне­ріндегі жарық жұлдызы – Шара Жиенқұ­лованың есімі де қазақ баласына кеңінен таныс. «Би падиша­сы» атанған дарын иесінің өнеріне тамсанып, таңдай қаққан жазушы Ғабит Мүсірепов кезінде: «Жан тебіренте терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойы­нан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де – Ша­ра! Оның сезім сергі­тетін шыншыл өнері мен қай­та­ланбас қолтаңбасы мейлінше жар­қырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі», деп майталман бишінің өнеріне әділ баға берген. Шара Жиенқұлова тек кәсіби би өнері ғана емес, қазақ топы­ра­ғында туған тұңғыш кәсіби қазақ театры­ның өркендеуіне де сүбелі үлесін қосқан майталман өнерпаз. Өнер жолын Қазақ драма театры­нан бастаған дарын­ның тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Май­линнің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі. Кейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз» трагедияларында басты рөлді сомдады. Кейінірек 1934 жылы ір­гесі қалан­ған Қазақ опера және балет теат­рына ауысып, қазақ ұлттық би өнері­нің дамуына атсалысты. 2022 жыл – Ша­ратану ғылымына соны серпіліс әке­ліп, Жиенқұлова еңбегі жаңа ғасыр бедерінде жаңа қырынан сарапталса, қанеки!

н

Сейфуллин театрының тойы

Ең алғашқы кәсіби қазақ театры М.Әуе­зов атындағы Ұлттық академия­лық драма театрынан кейін бой көтер­ген еліміздегі ең көне театрлардың бірі – «Арқаның Ақсарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрына да биыл 90 жыл толады. Ғасырға жуық уа­қыт қазақ руханиятының шырақ­шы­­­сы­на айналған театрдың даңқы кеңге тара­ған. Еліміздің небір ұлы режиссер­лері мен актерлерінің шығармашы­лық шеберханасы болған өнер ордасы­ның бүгінгі аяқалысы да көңілге құрмет орнықтырады. «Қарағанды театры – қарашаңырақ» десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Себебі С.Сейфуллин театрының қанатының асытынан бүгінде еліміздің белгілі өнер ордаларына айналған Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театрлары бастаған іргелі өнер ұжымдары түлеп ұшты. Талай таланттың қанатын қатайтқан тағылым ордасының биылғы 90 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтіп, өнерсүйер қауымды жағымды жаңалықтарымен қуантады деген сенім мол.