Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2021

1 қаңтардан бастап не өзгереді?

8714 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2022 жылға да келіп жеттік. 2021 жыл – пандемия зардаптарымен күреске, сауда-саттықты реттеу­ге, теңге бағамымен арпалысуға жұмсалды. Үкімет жыл бойы инфляцияны уысынан шығарып алып, жыл соңына қарай бағаны иліктірді. Биыл нарықта біраз өзгерістер болады. Жаңа бастамалар мен заңдар күшіне енеді. Соның біршамасын қорытып өтелік.

1 қаңтардан бастап не өзгереді?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жәрдемақы, айып­пұл, с­алық және басқа да тө­лем­­­дерді есептеу үшін қол­да­­ны­­латын айлық есеп­тік көр­сет­кіш (АЕК) 2022 жыл­дан бас­тап 3 063 теңге бол­ды. 2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңге болған еді. Ал 2022-2024 жылдарға арнал­ған рес­публикалық бюджет туралы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаң­­тардан бас­тап ең төмен­­гі ай­лық жал­ақы мөлшері өсе­ді. Бұл 60 мың теңгені құрай­­­­­ды. Бұл мөл­шер 2021 жылы

42 500 теңге болған еді. Ең тө­мен­гі күн­көріс деңгейі – 36 018 тең­ге. Осы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бас­­тап жасына байланыс­ты зей­нет­ақы және еңбек сі­ңір­­ген жылдары үшін зей­нет­­ақы төлемдерінің мөл­шері 2021 жылы алынатын мөлшер­ден 7 пайызға өседі. Мем­ле­кет­­тік әлеу­меттік жәрдем­ақы мөлшері де 5 пайызға жоғарылайды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты елдегі 1,6 млн адамның табысы артады.

Өткен жылдың басты жаңалығы – зейнетақы жинағындағы артық соманы пайдалану болғаны белгілі. Бұл мүмкіндікті 370 мыңға жуық адам пайдаланып, 1,7 трлн теңгеден астам қаржы қордан шы­ғарылған. Оны азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсады және жеке компа­ниялардың басқаруына берді. Жыл соңында жеткілікті шек­тен асатын соманы жер учас­кесін сатып алуға жұмсау және «Отбасы» банкіндегі депозитке аудару мүмкіндігі де пайда болды.

Алайда отандастарымызға жайсыз тиген бір жаңалық – жет­кілікті шектің өскендігі. Жаңа­лықты БЖЗҚ 2021 жылы 3 жел­тоқсанында жариялады. Биылдан бастап 21 жастағы азаматтың есеп­шотындағы қаржы 3,2 млн теңгеден асуға тиіс. 30 жаста – 4,4 млн теңге, 40 жаста – 5,8 млн теңге, ал 50 жаста – 7,4 млн теңге, 59-62 жаста 9,1 млн теңгеден артық қаражат жинауы қажет. Қор басшылығының түсіндіруінше, бұл ең төменгі жалақы мен зей­нетақы төлемінің артуымен байланысты. Осыдан соң көп азамат жыл соңына дейін қордағы артық ақшасын шығарып, пайдаланып қалуға тырысты. Мұндай жанталас қоғамда шу туғызды. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

2022 жыл майнерлерге оңай тимейін деп тұр. Өйткені биылдан бастап тұтынған 1 киловатт-сағат үшін 1 теңгеден төлеуге тура келеді. Сөйтіп, Үкімет ауа жайы­лып, ел ішіне еркін енген цифр­лы майнинг қызметін салықпен ауыздықтамақ. Сол арқылы олар­дың көлеңкеден шығып, ел бюд­жетіне қаржы түсіруін тікелей бақылауға алады. Майнерлерден бөлек, Google, Facebook, Netflix секілді шетелдік интернет-компаниялар да 2022 жылдан бастап Қазақстан Үкіметіне салық төлей бастайды. Бұл «Google салығы» деп аталады. Яғни қызмет пен тауарын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауар­лар мен қызметтер сомасының 12 пайы­зын құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, жаңа салықтан ел қазынасына жыл сайын 2 млрд теңге түсуге тиіс.

Биыл елімізде цифрлы теңге пайда болады. Ұлттық банк бұл жо­баны былтыр аяқтай алмай, амалсыз 2022 жылдың 1 шілде­сіне дейін шегерген. Жобаны дайындаушылардың айтуынша, төлемдердің цифрлы теңгемен жүзеге асырылуы барлық операция мен транзакцияны бақылап, қаржы жүйесінің ашық­тығын қамтамасыз етеді. Тиісінше, жемқорлыққа апарар жолды да кеседі.

2022 жылы күшіне енетін жа­ңалықтың бірі – утилизациялық алым көлемінің артуы. Автокөлікті елге кіргізу үшін міндетті саналатын алымның бұл түрі елімізде 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Утилизациялық алымды есептеу үшін коэффициентті (қозғалтқыш көлемі мен көлік категориясына байланысты) база­лық ставкаға (мөлшері АЕК-ке бай­ланысты) көбейту керек. Ал базалық ставка 50 АЕК-ті құ­райды. 2022 жылы 1 АЕК – 3 063 теңге екенін ескерсек, онда биыл базалық ставка мөлшері 153 150 теңгеге бір-ақ жетеді. Сонда осы жылы қозғалтқыш көлемі 1000 текше см болатын жеңіл автокөлік үшін жаңа қожайын 459 450 теңге төлеуі тиіс болады.

Биыл үй бағасы арзандамайды. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков 2022 жылы цифрлы ипотека трендке айналады дейді. Оның айтуынша, биыл құрылыс материалдарының бағасы тағы да қымбаттайды; пәтер­лердің шаршы метрі тарыла түседі; жаңа әлеуметтік бағдар­ламалар пайда болады.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап «салықтық мобильді қосымша» түсінігі өмірімізге кірігеді. Бұл арқылы жеке тұлғаларға мүлік салығы, жер салығы және жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша салық міндет­темелерінің есептелген сомалары туралы және (немесе) салық берешегінің бар екені туралы хабарламалар жіберіліп отырады. Ал 1 наурыздан бастап «Салық төлеушінің төлқұжаты» нормасы жұмысын бастайды. 1 наурыздан күшіне енетін жаңалықтың бірі – екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) міндеттемесінің кеңеюі. ЕДБ және банк операциясының жекелеген түрлерін жүргізетін ұйымдар үшін салық органдарына ақпарат беру бойынша қосымша міндеттемелер енгізіледі.

Сондай-ақ E-Salyq Business мобилді қосымшасын пайдаланатын жеке кәсіпкерлер үшін жаңа арнайы салық режімі жұмысын бастайды. Сервис арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық және әлеуметтік төлем есе­бін жүр­­гі­зуге болады. Жаңа мобиль­ді қо­сым­ша және жаңа салық режі­мін пайда­ланған заңды тұлғалар 3 жылға дейін ұжымдық табыс салығы мен жеке табыс салы­ғынан босатылады.

Атап өтерлік тағы бір жаңа­лық – ескі автокөліктерді утили­зацияға қабылдау жайы. Биыл ескі автокөліктерді жаңа бағамен өткізу 5 қаңтардан басталады. Жалпы, биыл азаматтардан 70 мың автокөлік қабылдап алынып, өңдеуден өткізіледі деген жоспар бар. Автокөліктерді электронды кезекке қою процесі және оларды қабылдайтын 18 пункт өз жұмысын 5 қаңтар күні бастайды.