● Үкіметтің резерві биыл 45 млрд. теңгеге көбейтіледі. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, ол 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген 5 773,7 млрд. теңгелік бюджетпен салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсуімен айқындалған.
● Арқалық қаласында жолдарды қайта жасауға 170 млн. теңге бөлініп отыр. Қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедовтің баяндауынша, республика моноқалалар тізіміне енген елді мекенде қазірге дейін «Алюминстрой» және «Тазарту-Арқалық» серіктестіктері 49,7 млн. теңгеге көшелердің табандарын ағымдағы жөндеуден өткізген.
● Қызылорда облыстық прокуратурасы 10 кәсіпорынның жалақы бойынша қарыздарын өтеуіне себепкер болды. Қаңтар және ақпан айларында прокурорлық әрекет ету шаралары барысында осы еңбек мекемелері 4311 қызметкерге 482,2 млн. теңге көлеміндегі жалақыларын қайтарды. Олардың арасында «Қызылорда Авто Транс» ЖШС, «Импреза С.п.А.» АҚ секілді ірі компаниялар бар.
● Оңтүстік өлкеде биыл да Наурыз мерекесі тоғыз күнге созылғалы отыр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған той шаралары тағы атаулы күндер негізінде өтіп, жалпыхалықтық мерекенің мән-мазмұнын ашуға қызмет етпекші. «Наурыз халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталады», – делінген баспасөз баянында.
● Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың жаңа фильмі прокатқа шығады. Алдағы 20 наурыз күні тұсаукесері өткізілетін «Кемпір» атты бұл комедия Қайырғали және Күлпаш есімді қос қарияның өмірлерінен сыр шертеді. Режиссердің айтуынша, онда тұрпайы көріністер жоқ, оқиғалар түгелдей қазақы күлкіге құрылған.
● Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасын жаңа басшысы басқарады. Бұл тізгінді қолға алған 31 жастағы Арман Бердалин есімді саясаттанушы маман еңбек жолын бұқаралық ақпарат құралдарында бастап, тілдерді дамыту саласына ойысқан. Ал 2010 жылғы қыркүйектен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап кітапханасында директор болған.
BNews.kz, Nur,kz, Egemen.kz хабарлары бойынша дайындалды.