Онымен бірлесіп күресудің қоғамдық тетіктері қандай?
Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр. Қазіргі күнде шешімін таппаған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұмыстары жүйелі деңгейде жолға қойылғаны туралы толық сеніммен айтуға болады. Яғни, осыған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қаланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы мамыр айында Дін істері агенттігі құрылып, сол жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Дін мәселелерімен айналысатын арнайы уәкілетті орган құрылып, дін саласын реттейтін жаңа заң күшіне енгеннен бергі уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Содан бергі уақыт ішінде діни экстремизм мен терроризмге қатысты мәселелердің ушыға түскенін ескере отырып, 2013 жылғы қаңтар айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, ал 2013 жылғы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәселеге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді. Дінге қатысты тура немесе жанама үдерістердің барлығы қоғамдық өмірдің маңызды бөлігін қамтитындықтан, дін төңірегіндегі туындайтын проблемаларды шешуге билік органдарымен қатар, азаматтық қоғам институттарының қатысуы ерекше маңызға ие. Өйткені, діни сипаттағы проблемалар қоғамның өмір сүруіне қатысы бар проблемалар ретінде қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланыста көрініс табады. Осы ретте, Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауларында мемлекеттік органдармен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамның алдына еліміздің салт-дәстүрі мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни түсінік қалыптастыру міндетіне басымдық беруі кездейсоқтық емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында да «Зайырлы қоғам және асқақ руханият» қағидаты барлық қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылықтардың бірі екендігін атап көрсетті. Әрине, стратегиялық және ұзақ мерзімге арналған осындай міндеттерді бүкіл қоғам болып еліміздің тұрғындарының бойында дін мәселелері бойынша нақты бағдар қалыптастыруға мүмкіндік беретін істерді жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болады. Ал, мұндай міндеттердің салмағы мен міндетін Қазақстанның болашағы зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын индустриялық-инновациялық дамуға тұғырланатынын еліміздің шығармашылық зиялы қауымы терең әрі жақсы түсінетіні анық. Осы ретте, азаматтар мен қоғамды сыртқы рухани агрессиядан қорғаудың және тұрғындардың бойында діни мазмұндағы ескі құндылықтарды көксейтін немесе теологиялық қателіктерге бой алдырған керағар діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастырудың маңызы аса зор. Бүгінгі күнде рухани жаулап алу дінді бетперде ретінде пайдалана отырып теріс идеяларды жастар арасында белсенді таратудан көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идеологиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін жолында жүргендерді басқалардан жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал мұндай идеологияның әртүрлі діндерді ұстанатын көп этностан тұратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мәдени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады. Елімізде бүгінгі күнде радикалдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыптарға қатысты мазмұнды мақалалар жарияланып, телеарналар мен радиоларда дін мәселелерін қозғайтын бағдарламалар мен хабарлар көптеп берілуде. Одан бөлек, қоғамда ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, жұртшылық арасында беделге ие азаматтар теріс сипаттағы керағар діни ағымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі күнде Қазақстанның барлық өңірлерінде дін мәселелеріне арналған 500-ден астам ақпараттық-насихат топтары жұмыс істеуде. Аталған ақпараттық-насихат топтарының құрамында діни салада түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізетін мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар теологтар, дінтанушылар, діни бірлестіктердің өкілдері енген. Осы орайда, өткен жылы ақпараттық түсіндіру мақсатында өткізілген іс-шаралардың 1,3 миллионнан астам адамды қамтығанын айта кеткім келеді. Бұл мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп жүзеге асырып отырған іс-шараларының бір тұсы ғана. Әрине, осындай маңызды істерге азаматтарды көптеп тарта түсу еліміздің рухани қауіпсіздігін нығайта түсетіндігі сөзсіз. Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар тарапынан діни ахуал және оған қатысты үдерістерді зерттеудің өзекті тақырыптарын жасақтауда, сонымен қатар, діни мәселелердің әртүрлі аспектілеріне арналған ғылыми-талдау жұмыстарына еліміздің ғалымдарын кеңінен тартуға мүдделілік туындап отыр. Біз дін саласына қатысты мәселелерде бүгінгі күнде жұмыс атқарып отырған қоғамдық институттармен әріптестік қатынастар орнатуға да әзірміз. Агенттіктің сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастығы аса өзекті тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге ықпал етіп, ол өз кезегінде дін саласында орын алып отырған үрдістерді дер уақытында анықтауға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған сапалы ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде сонымен қатар, қазақстандық қоғамның ұлттық мүддесіне сәйкес келетін мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың қазақстандық моделін әрі қарай жетілдіруге арналған ұсыныстарға қатысты қажеттілік өсе түсіп отыр. Бұл модель мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын дамытуға, қоғамның жоғары деңгейдегі руханиятын және мемлекет пен оның азаматтарының тұғыры берік мәдениетін қалыптастыруға негізделуі керек. Осы жерде шығармашылық зиялы қауымның діни экстремизмге қарсы тұрудағы рөлін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, олар халқымыздың сан ғасырлық дәстүрлері мен мемлекетіміздің тұғырын құрайтын құндылықтарды мансұқтайтын радикалдық идеологиялардан төнетін қауіпті басқалардан гөрі өткір сезінеді әрі оның салдарын жақсы біледі. Мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Дін істері агенттігі тарапынан бүгінде осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып отыр. Агенттік жанында былтырдан бері Діни ахуалды талдау жөніндегі консультативтік сараптау кеңесі жұмыс істей бастаған болса, қазіргі күнде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылуда. Біздің ойымызша, осындай құрылымдардың белсенді жұмыс атқаруы дін саласына қатысты маңызды мәселелер бойынша қоғамдық пікірді мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қоғамның белсенді топтарының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның қазақстандық бірегейлілікті сақтау мен нығайтудағы және халқымызды діни экстремизм мен сыртқы рухани шабуылдардан қорғаудағы бірлесіп жұмыс жүргізетін негізгі бағыттары осы болмақ. Ғалым ШОЙКИН, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше