Қоғам • 05 Қаңтар, 2022

Малшы мазасыз, қасқыр жазасыз

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заңның зардабын тартып-ақ отырмыз деседі катонқарағайлық малшылар. Қыс түспей жатып Жаңаүлгі ауылының маңайынан ғана алты-жеті бас жылқыны қасқыр жеп кеткен. Аз шығын емес. Қос ауыз мылтықтарын алып шығып, атып салайын десе, рұқсат жоқ. Ұлттық табиғи парктің аумағы. Заң қатал. Мұндайда төрт түлікпен жан бағып отырған тұрғындарға қайтпек керек?

Малшы мазасыз, қасқыр жазасыз

– Маңдай тер, табан етпен бағып отырған жаман лағың өліп қалса да жанға батады. Біз болсақ, тебіндегі жылқыларды жаман ауызға жегізіп қойып отырмыз. Қолдан келер қай­ран жоқ. Атып салайық десек, заң­нан аттай алмаймыз. Ал ит-құс кө­бейгеннің үстіне көбейіп барады. Қасекең бір күшіктегенде, жеті бөлтірікке дейін табады. Санын адам қо­лымен реттемесе, табиғи жолмен реттеле қояды дегенге сенбеймін, – дейді Жаңаүлгі ауылының тұрғыны Қуат Сахимов.

Ауылдықтардың айтып отырған уәждері орынды. Тұяқты аңдардың әлсізі жыртқыштарға жем болып, саны жағынан реттеліп отырса, қас­қыр сынды жыртқыштарда жау жоқ. Өсіп-өне береді. Қабан да қаптап кеткен. Олар құстың жұмыртқалары мен еліктің лақтарын азық етіп жүр. Ол өз алдына үлкен мәселе.

Өңірде елу қасқыр жортып жүрсе, жылына қанша бөлтірікке азық керегін есептей беріңіз. Кем дегенде, біреуі екі тонна ет жесе, жүзі 200 тонна ет жей ме?! Ұлттық парк мамандары бер­ген соңғы мәліметтерге сенсек, аумақта 100-ден астам қасқыр бар.

– Биыл қар ерте түсіп, қасқыр жеке меншік шаруа қожалықтарына зиян келтіріп жатыр. Әсіресе, Ақ­су, Аққайнар, Катонқарағай ауыл­дарының маңында қасқырдың ша­буы­лы жиілеп кетті. Бірақ ұлттық парк аумағында аң аулауға мүлдем рұқ­сат жоқ. Бұл жөнінде «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 48-бабында жа­зылған. Ескерте кетсек, Ұлттық парк аумағында аң ауланса, ол қыл­мыстық әрекет, – деген Катон­қара­ғай мемлекеттік ұлттық таби­ғи паркі директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев заңды белден басуға болмайтынын ескертті.

Рас, Парламенттегі пәрменділер ауылдағы ағайынның зар-мұңына сәл құлақ асып, заңның кейбір томпақ тұстарына өзгерту енгізулеріне болатын шығар. Өйтпесе, қыс түспей жатып жылда малшылардан маза қашады. Мазадан бұрын, қып-қызыл шығын, зая кеткен маңдай тер. Са­йып келгенде, шекара шебінде малмен күн көріп отырған жұрттың жан айқайы бұл.

Егер заң жүзінде ұлттық парк аумағында белгілі мөлшерде қасқыр аулауға рұқсат етсе, әккі аңшылар аз емес. Баяғыда қақпанмен қас­қыр аулайтын аңшы Александр Степанищевпен әңгімелескенім бар. Оның аңшылыққа дайындығы ауласындағы қара қазанның астына от жағудан басталатын-тұғын. Қанды қақ­пандарын су толы қазанға түсі­ріп, оның үстіне иісі аңқыған шыр­шаның құрғақ бұтақтарын салар еді. Он-он бес минут қайнаған соң шыршаның шайыры темірге әб­ден сіңеді. Әйтпесе, қулығына құ­рық бойламайтын сұр аң темірдің иісін шақырымдардан сезіп қояды екен. Ертесі елең-алаң шақта атпен қасқырдың ізіне түседі. Кейде ізін жаяу-жалпы аңдуға да тура келетін. Сөйтіп жүріп, сыңар соқпақтарға қақ­пан қойып, талай қасқырды қы­рып салғанын жақсы білеміз. Қас­қырдың жыртқыштығы сол, азық іздеп, күніне 60-70 шақырымды арт­қа тастайды. Қар басып, тұяқты та­ғылар ауып кеткен соң ашыққан жа­ман ауыз ауылға түсіп, тебінді жа­ғалайды. Қораға кіріп кеткен кездері де аз емес. Оны қойып, былтырлары адам­ға шапқаны да есте.

Белгілі лимитпен қасқыр соғуға рұқсат болса, аңшының пұлын тұр­ғындар өздері-ақ өтеуге әзір. Бұ­рындары малшылар аңшының аула­ған төрт қасқырына бір құлынды сыйақы ретінде беріп отыратын. Әді­летті әрі тиімді. Төрт қасқыр төрт құлынды тартып кетсе қайтер еді?! Қазіргі күнде тартып кеткені бы­лай тұрсын, жайратып жатыр. Мал­шыларда бармақ тістеп қалудан бас­қа амал қалмаған. Қалмаған дейміз, «мал ашуы – жан ашуы» дегенд­і де естен шығарып алмауымыз керек...

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы