«Ардақты маңғыстаулықтар! Бүгін түнде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Маңғыстау облысы және Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. Бүгін таңертең еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен мемлекеттік органдардың басшыларымен жиналыс өткізді. Жиналыс барысында қалыптасқан жағдайды қысқа уақытта екі жаққа да тиімді болатын жағдайда шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді», деді ол видео үндеуде.
Облыс басшысы өз еркімен қайтқандарға заң аясында ешқандай шара қолданылмайтынын атап өтті. «Қазіргі таңда білместікпен немесе әр түрлі себептермен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтардан өз еркілерімен арандаушылыққа ермей, үйлеріне қайтулары сұралады. Егер өз еркілерімен қазір қайтатын болса, қолданыстағы заңның аясында ешқандай шаралар қолданылмайды. Өз тарапымыздан іс-әрекеттердің барлығы қолданыстағы заңның аясында қатаң бақылауда бола отырып, жүзеге асыру керек екенін қаперіңізге беремін», деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы бірінші кезекте азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қойылтанын айтты.
«Біз өз тарапымыздан қалыптасқан жағдайды тезірек шешуге және Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының аясында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қоямыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, азаматтық және әскери обьектілерде қорғау мәселелерін ұйымдастыру және сол обьектілерге қандай бір қастандық немесе жұмысын істеуге кедергі келетін мәселелерді болдырмау жөнінде тапсырмалар берілді. Ардақты ағайын, бірігіп осы мәселені шешейік. Амандықта болайық», деді облыс әкімі маңғыстаулықтарға.
Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұған дейін Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді.