Қазақстан • 08 Қаңтар, 2022

Сұйытылған газ бағасы тұрақталды ма?

984 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде энергетика саласының штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. Транспорттық шектеуге байланысты Теңіз кен орнында мұнай мен газ өндіру көлемі азайған. Десе де мұнай өндіру тоқтаған жоқ. Сонымен қатар елдегі үш мұнай өңдеу зауыты да қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сұйытылған газ бағасы тұрақталды ма?
 

«Жанармай құю бекеттерінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігіне орай, сондай-ақ интернеттің жоқтығынан еліміздің кейбір өңірлерінде сұйытылған мұнай газының сатылуында уақытша шектеу байқалады.  Бұл ретте, жағдайдың тұрақтауын ескере отырып, жанармай құю бекеттерінің иелері сұйтылған газды сатуды қалпына келтіруде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бөлшек саудадағы баға 1 литр үшін 50-75 теңге аралығында төмендеді.Шағын және орта бизнестің шығындарын қалпына келтіру үшін олар өндірушілермен төмендетілген баға бойынша келісімшарттарды қайта жасайды» деді Мырзағалиев.

Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кәсіпкерлерді мемлекетпен бекітілген бағаларды қадағалауды және газды өткізу толықтай көлемде шектеусіз іске асыруды қамтамасыз ету шарттарын бұлжытпай орындауға шақырады.Сондай-ақ агенттік мұнай газын бөлшек саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлерге қатысты тергеуді бастап кетті: Маңғыстау – 85,  Қарағанды – 14, Атырау 22, Ақмола 22, Қызылорда облысында 12, Нұр-Сұлтан қаласында – 4, Шымкентте – 5, Қостанай облысында 4, СҚО 4, Түркістан облысында 5, Жамбыл облысында 2, Алматы облысында 1.

«Барлық өңірлерде монополияға қарсы тергеу жүргізуге сұйытылған мұнай газы (СМГ) бағасын бекіту және ұстап тұру бөлігінде бағаны келісіп белгілеу белгілері себеп болды. Мысалы, СҚО-да газды сату кезінде 4 нарық субъектісінің бағаны көтеруге қатысты келісілген іс-әрекеттері анықталды. СМГ сәуір айында наурызға қарағанда электрондық сауда алаңдарында 1,6 пайызға өскенде субъектілер бағаны 5,3 пайызға көтерді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тергеудің алдын ала қорытындылары 20 күн ішінде шығарылады. Тергеуден бөлек, нарық субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері туралы 31 хабарлама шығарылды. Сондай-ақ, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу бойынша 5 тергеу аяқталды» делінеді хабарламада.

Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатушылар арасында газжелілік ұйымдар жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, «АЗС-Лидер» ЖШС-нің (Ақтөбе) СМГ-ны жекеменшік жанармай құю бекеттері иелеріне сатудан негізсіз бас тартқаны анықталды. Осыған байланысты 5,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, «АЗС-Лидер» ЖШС және «Еламан» ЖШС әрекеттерінде бағаны келісіп белгілеу фактілері анықталды, сәйкесінше оларға 4-2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Баллондардағы сұйытылған мұнай газын сату кезінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері үшін «ГоргазАстана 2050» ЖШС сотпен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 160 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Қазір бензин және дизель отыны бойынша қалдықтар жиырма күндік қажеттілікті жабу үшін жеткілікті екен. 6 қаңтарда қабылданған тиісті бұйрыққа сәйкес, мұнай өнімдері келесідей бағамен сатылады:

Аи-80 бензині – литр үшін 89 теңге; 

Аи-92 және Аи-93 бензині – литр үшін 182 теңге;

Аи-95 бензині – литр үшін 215 теңге;

Дизель отыны Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 1 литріне – 260 теңге;

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкен қалаларында, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында 230 теңге.  

Егер жанармай құю бекеттерінде бензин, дизель, сұйытылған газ бекітілген бағадан қымбат сатылса, онда монополияга қарсы агенттік негізсіз баға өсіру мәселесі бойынша тиісті тексерістер жүргізеді.

Сонымен қатар өңірлерде жылу және электрмен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтылған. Электр станцияларында қажетті отын қоры бар. 6 қаңтарда елде электр энергиясын максималды тұтыну – 13 691 МВт, генерация 13 829 МВт-ны құрады. Осылайша, барлық қажеттілік толық өз күшімізбен қамтамасыз етілуде. «ҚазАтомПром»құрылымдық бөлімшелері штаттық режимде жұмыс істейді, онда технологиялық процесс бұзылмаған.

Бензин, газ, жалпы энергетика саласына қатысты қандай да бір қиындықтар туындаса, не сұрақтар пайда болса төменде көрсетілген нөмір арқылы (+ 7 7172 78 68 35, +7 777 234 51 96) министрлікпен байланысуға болады.