13 Наурыз, 2014

Инвестиция тарту бизнестің өзіне байланысты

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың президенті Мақсат Мұқанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол елдегі экономиканың дамуы туралы баяндады. Қазақстан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын баяндаған акционерлік қоғам президенті, дамыған және дамушы елдердің бәрі де индустрияландыру шарасын жүргізіп жатқанын айтты. Экономикалық дамуды әртараптандыру ісі Қазақстанда да мықтап қолға алынғанына тоқталып, соның негізінде индус­трияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында атқа­рылған жұмыстар жөнінде әңгі­меледі. Дегенмен, экономиканы әртараптандыру бір күннің ғана шаруасы емес екеніне назар аударды. –  Осы күнде елімізде өңдеушi сектор экономика өсiмiнiң негiзгi қозғаушы күшi болып отыр. Десем де, бiзде қазiр екi ұғым қа­лыптасқан.  Олар – мақсатты эко­но­мика мен мемлекет биз­неске кедергі келтіріп отыр деген жаңсақ пікір бар. Бұған бай­ла­нысты айтарым, мемлекет қа­зіргі уақытта экономиканы әрта­рап­тандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан қазіргі уақытта өзінің алдына үлкен міндет қойып отыр. Үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасын жүзеге асырып, индустрияландырудың екiншi бесжылдығын әзірлеуге кіріскен. Әрине, бәрін бір уақытта жүзеге асыру мүмкін емес. Осыны ескеріп, кейбір орын алған кедергілерге түсіністікпен қарап, мемлекеттің бизнес саласындағы саясатын қолдау керек, деді М.Мұқанов. Ол биылғы жыл еліміз үшін ең маңызды кезеңнің басы екенін де айтты. Қазақстан экономикасының дамуын тұрақтандыратын индус­трияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы ауқымды іс­тер­ді қамтитынын тілге тиек етті. «Шикізат экспорттаудан оны түбегейлі өңдеп, содан кейін на­рыққа шығару ісі жүзеге асқанда ғана Қазақстан қазіргі алға қойған мақсатына жететін болады», деп бір қайырды. Ол үшін мемлекет бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр деген жалған ұғымнан арылып, кәсіпкерлер үлкен жоба-жоспарларды қаймықпай қолға алуы керектігін алға тартты. Баяндамашы мемлекетіміз түрлі саланы өрісті дамыту мақ­сатына инвестиция тарту үшін де қолайлы жағдай жа­сап отырғанын тәптіштеді. Сөй­те келіп, «Қазақстанда инвес­ти­цияға қолайлы жағдай жасау тек мемлекеттік шаралармен шектел­меуі тиіс. Отандық кәсіп­кер­лердің әлеуетті инвес­торлармен жұ­мыс істей білу шеберлігі де осы мәселенің маңызды шарты болып табылады. Мемлекет тарапынан салықтар және инвестициялық жеңілдіктер тұрғысынан көптеген қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Айрықша кедендік режімде жұ­мыс істейтін арнайы аймақтар құ­рылуда және олар өңдеуші сектор үшін өте қолайлы әрі ыңғайлы», деді М.Мұқанов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».