Қазақстан • 11 Қаңтар, 2022

Аза тұтудың азабы

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы күндері елімізде болған оқиғалар тізбегі бәрімізді қалың ойға батырып, көкейіміздегі сұрақ атаулыны ұлғайта түсті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін жыл бойы жалаулатып, мерейтойлық қорытынды жиынды өткізгеніміз кеше ғана еді. Арада екі апта өтер-өтпестен Жаңаөзеннен басталған бейбіт жиынның соңы қанды қақтығысқа ұласты. Неге бұлай болды?

Аза тұтудың азабы

Сансыз сұраққа бас қатырып, жауап таппай қиналған сәтте өткен тарихты парақтап, кітап ақтарып, болмаса аға буынның айтқанынан жауап іздейтін дағдымыз бар. Елімізге, әлемге танымал тұлғалардың бұқаралық ақпарат құрал­дарына берген сұхбаттарынан алынған дәйексөз­дерге қайта көз жіберіп, жанымызды жаралаған сауалдарға жауап тапқандай болдық...

«Білесің бе, соңғы күндері Отаныма оралу маған өте ауыр тиетін болып жүр. Ұят секілді. Ана жақта, Еуропада басқа өмір, ал бізде басқаша өмір. Адамдарға обал-ақ, ал олар еуропалықтардан да әлдеқайда жақсы өмірге лайықты ғой», дейді Адамзаттың Айтматовы. Шоң қайраткердің Еуропада қызмет етіп, өмір сүргенімен, болмыс-бітімі Отанымен, елімен біте қайнасып жатқаны ғой. Жазушы елінің еуропалықтардан да жақсы өмір сүруге лайықты екенін ойлап, ерекше күйінеді. Бірақ ұлтының ұятына айналған Айтматовтың өзі туған халқының жақсы өмір сүруіне қолұшын соза алмай қиналады, ұяттан өртенеді. Қандай шарасыздық?!

Шыңғыс Айтматовтың қалай бол­ғанда да елінің тұрмыс-тіршілігіне алаң­дап, олардың тағдырына жаны күй­­зелетін нағыз халық жазушысы еке­ні осыдан-ақ айқын көрінеді. За­дында, мұндай қасиет кез келген ұлт зия­лысына тән болуы тиіс. Халқының болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, ру­хани әлеуетін ұлт зиялыларынан ар­­тық кім біледі, кім бағалай алады дей­сіз. Грузиннің атақты актері Вах­танг Кикабидзенің айтқанына да риза­шы­лықпен құлақ қоятынымыз да сол. «Ертең үрім-бұтағың сенің есіміңді алып жүруден, сенің әулетіңнен екенін айту­дан ұялмайтындай өмір сүру керек», дейді актер. Кез келген пенде Кикабидзе айтқан ұғым шеңберінде тіршілік кешіп, әулетінің ұятын ойласа, ұлтының атына да ұят келтірмес еді-ау. Ұятты ой­ла­ған­дар биліктің қолжаулығына айна­лып, халқына қиянат жасамақ түгілі, елінің намысы үшін Кикабидзе сияқты өзіне берген жоғары марапаттан (Ресейдің) да бас тарта алады.

Задында, халық өз қаһармандарын ардақтай да біледі, төрге де шығарады, төбесіне де көтереді. Керек десеңіз, көзі тірі­сінде қоладан мүсінін құйып, ес­керт­кіш те тұрғызады. Елінің даңқын асы­рып, жеке жетістігі арқылы төл мем­­лекетін озық елдер қатарына қос­­қан жандарға ескерткіш орнату – ел­­дің де, ердің де абыройы! Әйтсе де, әлемге әйгілі украиналық жеңіл ат­­лет Сергей Бубка өзіне осылайша ерек­­ше көрсетілген құрметтен ыңғай­сыз­данатын, ұялатын тәрізді. «До­нец­кіде маған ескерткіш орнатайын деп жат­қанынан хабардар болдым, әрі оны құп­тай қоймадым. Донецкінің қала­лық ке­ңесі шешім қабылдағаннан кейін, амалсыз көндім. Ал өзімше бұл ескерт­кіш Сергей Бубка деген адамға емес, спорт­шы Сергей Бубкаға қойылған ес­керт­кіш деп қабылдадым. Сол себепті ес­керт­кіштің жанынан өткен сайын мен оған: «Сәлем» деп айтамын», дейді спортшы.

«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, елін төрткүл дүниеге танытқан Бубканың қарапайымдылығы оның абыройын бұрынғыдан да асқақтата түсері анық. Еліне нағыз еңбегі сіңген тұлғаға, ұл­тының ұятына айналған азаматқа көзі тірісінде қанша ескерткіш қойса да жарасады емес пе!

...Ескерткішті бейбіт күннің батырларына көзі тірісінде қойғанға не жетсін?! Ал біз көп жағдайда елдікті қорғау жолында ерен ерлік көрсеткен ерлерді қаза болғаннан кейін ғана ұлықтаймыз. Соңғы отыз жыл ішінде төтенше апаттан, жарылыстан көз жұмғаны бар, лаңкестер қолынан қаза тапқаны бар – қаншама батырымыздан айырылдық десеңші. Құдай-ау, үш онжылдық ішінде елімізде қанша мәрте аза тұту күні жарияланды? Аза тұту күні демекші, елдің аза тұтуына бай­ланысты Ресейдің халық әртісі Наталья Селезневаның бір кезде айт­қаны күні кеше жадымызда қайта жаңғырған еді. «Қайғы-қасіреттен әб­ден шаршадық. «Мәңгілік жадымызда сақталады» деген сөз тіптен қажытты. Кім­дерге арналған? Жастарға...» деген-ді актриса Қазан қаласындағы суға бат­қан кемеде қаза болғандарды аза тұту күнінде...

P.S. Ұлт зиялыларының бойында ұят атаулы менмұндалап тұрса, аза тұтатын күндер де азаяр еді-ау. Ал әзірге аза тұтудың азабын тартып-ақ жатырмыз...