Алматыдағы жағдайды ұялы телефондарына түсірген 3 жас жігіт Түркістан облысындағы блок бекеттерден өтетін кезде қолға түсті. Мәселенің мән-жайын Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімі қызметкерлері Алматы-Термез-Ташкент тас жолындағы Ақтас блок бекетінде «Тойота» маркалы автокөлікте болған Сарыағаш және Келес аудандарының 3 тұрғынын ұстаған. Тексеру кезінде жедел уәкілдер көліктен тапанша тапқан.
Аталған факті қылмыстық кодекстің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелген. Күдіктілердің барлығы қамалған. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.