Аймақтар • 12 Қаңтар, 2022

Ел көңілі орнына түсті

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын Қызылорда облысында жағдай тұрақталып, тіршілік қалыпқа түсіп келеді. Ең бастысы, бүліктен үріккен елдің көңілі орнына түсті. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 қаңтардан бері 365 азамат полиция органдарына жеткізіліп, 54-і қамалды. Олардың арасында төтенше жағдай режімін бұзғандар да бар.

Ел көңілі орнына түсті

Ал облыстық полиция де­партаменті халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін жедел шараларды қа­былдауда. Департаменттің бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы жедел-тергеу тобы бүлікке қатысқан 38 адамды анықтады. Олардың арасында 5547 әскери бөлімі сарбазының өліміне күдікті де бар. Қазір осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталды. Сарбаз өліміне қатысы бар азаматтың Қызылорда қаласының 31 жас­тағы тұрғыны екендігі айтылып отыр.

Полицияға жеткізілгендерден 3 атыс, 13 суық қару, 8 қалқан мен 4 дулыға, бес резеңке сойыл тәркілеген. Колл-орталыққа 4 432 қоңырау түсіпті. Орталыққа тұрғындардың көпшілігі әуе, теміржол билеттерін қайтару, интернетті қосуға  байланысты хабарласқан. 5 қаңтардан бастап 204 адам медициналық көмекке жүгінсе, 48 тұрғын ауруханаға жатқызылған. Олардың 10-ы жансақтау бөлімінде жатыр.

Өңірдегі азық-түлік қоры жет­кілікті. Дәл қазір тұрақтандыру қоры қоймасында 1 448 тонна өнім бар. Аймақта 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеп тұр. Апта сайын 120 көлік көршілес Түркістан қаласынан азық-түлік тасымалдайды. Газ бен жанар-жағармай да жеткі­лікті. Осы күні сұйытылған газ – 60-65, АИ-92 маркалы бензин – 180, ал дизель 229 теңгеден сатылып жатыр.

Шағын және орта бизнес те қа­лыпты жұмыс ырғағына көшті. Бү­гінде облыс аумағында 17 базар, 89 ірі сауда үйі, 129 жанар-жағармай бекеті, 359 дәріхана желісі мен азық-түлік дүкендері жұмыс істеп тұр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше бұзақылық салдарынан қала орталығындағы 26 нысанға 395,4 млн теңге залал келген. Палата мен кәсіпкерлік және туризм басқармасына облыс орталығындағы 15 кәсіпкер осындай шағыммен хабарласқан.

 

Қызылорда облысы