Беларусь даласында туып, Францияда жан тапсырған жасампаз суретші Лев Бакстті бертінгі жұрт «Леон» деп атайды. Өзі де Парижге табаны тиген соң есімін өзгертіп, шығармашылық серпіліс жасауға ниеттенсе керек. Әсіресе әдебиетке құштарлығы алып шаһарға деген сезімін еселейді. Оған дәлел өзі сүйіп оқитын жазушы Алексей Толстойдың портреті. Шығарма 1909 жылы литография және графика техникасын пайдалана отырып жазылған. Жұмысқа сұр қағаз, графит қарындаш, акварель, сия, әк, алтын, күміс түсті материалдар қолданылған екен.
Портретте қылқалам шебері модельдің өзіне тән ерекшеліктері мен көңіл күйін жеткізе алатын тамаша детальдарды негізге алады. Бақсаңыз, тек көлеңкелі сызбалар мен бояулар ғана емес, сонымен қатар неғұрлым батыл өрнек құралдары, яғни көлемді және жалпақ кескіндердің контрастын көресіз. Шынында әртүрлі әдістерді қолдана отырып, асқан шеберлікпен бейнелеген.
Толстойдың портретінде көлемді бастың эфирлік денемен үйлесімі бұзылмаған. Осылайша, ол кейіпкермен оқырманның байланысын жақындата түсіп, жазушының бет әлпетін көрермен назарында ұстайды. Қаламгердің көздері бақылаушыға әлдебір ренішпен қарап тұрғандай. Оның не жымиып, не күліп немесе әлденеге наразылық білдіріп тұрғанын анықтау қиын. Жүзінен өмірден шаршаған, көңілсіз адамның образын оқисыз, тіпті күдік те байқалады.
Шаш үлгісі жазушыға тән стильде берілген. Оралған жіп тәрізді ретімен орналасқан жіңішке сызықтар бастың пішінін қайталайды. Қанша суласа да еркіне бағынбаған шаштары портретке жан береді. Киімі тек тұспалмен сызылған. Бірнеше штрих галстуктің, жағаның контурын жасайды. Костюмнің үстіңгі бөлігіндегі қалың сызықтар бірте-бірте бозарып, айқындылығын жоғалтады. Осылайша, модель мимикасының, қою көздерінің маңыздылығын көрсетеді.
Көрермен жазушының басы мен иығын ғана көргенімен, кейіпкер енді орнынан тұрып, қиялын сейілтіп, өз ісімен айналысатын сияқты бейнеленген. Л.Бакст шығармаларына тән энергетикалық қасиет, қозғалысқа, еркіндікке ұмтылыс А.Н.Толстой портретінде де бар. Барып көрем десеңіз, аталған картина Мәскеудегі Третьяков галереясында сақтаулы тұр.