Аймақтар • 17 Қаңтар, 2022

Көкталға көпір сыйлаған

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктал ауылында­ғы өткел бер­мес өзен­ге көпір салған Ахат Рақышев «Қа­зақ­станның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған-ды. Ауыл­дың ұзақ жылдар бойғы мә­селесін шешуге мұ­рын­дық болған ол атал­ған жобаның ­же­ңімпазы болуға ла­йық.

Көкталға көпір сыйлаған

Қаладағы сыныптас достарым Д.Септенов пен Д.Күлгімбаев маған айтпай «100 жаңа есім» жобасына мені қатыстырып жіберіпті. Өзім кейін білдім. Сы­ныптастарым дауыс жинап, алдыңғы қатарға шықтым. Сөйтіп, қазылардың шешімімен жеңімпаздар қатарына қосылдым. Өзім үшін күтпеген жаңалық болды. Мен туралы бейнеролик түсірілді. Одан кейін 2021 жылы мамырда елордада Президенттің қабылдауында болдық, – дейді Үржар ауданы, Көктал ауылының тұрғыны Ахат Рақышев.

п

Ауылдағы орта мектепте сурет және сызу пәнінің қа­рапайым мұғалімі Ахат атақ-даңқ қуған емес. Оны біз әу баста түсінгенбіз. Бар ойы, бар мақсаты ауылына бая­ғыдан бері шешімін таппай келе жатқан көпір салып беру еді. Елдің береке-бірлігінің арқасында ойы жүзеге асты да. Кеңес өкіметі дүркіреп тұрған шақта өздері «Сайтан көпір» атап жүрген өткелдері болған. Ені бір метрге жетер-жетпес көпірдің ортасы түсіп кеткен, суға малшынып тұратын. Жаяу жүргіншілер тобықтан су кешіп өтетін. Кейін тұрғындар оған да зар болды. Көктемгі тасқын үзіп әкеткен. Содан бері ауыл тұр­ғындары арғы жа­ғада­ғы шөбін шауып ала алмай, шауып алса, оны жеткізе ал­­май әуре-сарсаңға түсетін де жататын. Жайылым да арғы бет­те қалып кеткен. Бұл ауылдықтар үшін өте үлкен проб­лема еді.

Көпір құрылысы қолға алынғанда тұрғындардың көңі­лі жайлана бастаған. Оның өзінде «колхоз кезінде салын­ба­ған дүниені сендер қайтіп саласыңдар?» дегендей кертарт­па әңгімелер де айтылған секілді. Ең бастысы, бірлігі бекем халық білек сыбана іске кірісті. Көпір құрылысының жобасын алдымен сурет пәнінің мұғалімі Ахат Рақышев қағазға сызып шыққан. Содан соң кішігірім макетін жасап көрген. Макет жасау кезінде сызбаға түспеген кейбір детальдарын толықтырған. Жоба-жоспар әбден пысықталған соң ғана құрылысқа кіріскен.

– Осы көпірдің құрылысына мұрындық болған және маған сенім артқан Көкталдың 1983 жылы туған жігіт­теріне алғыс айтамын! Құрылыс басына үнемі ыстық тамақтарын жеткізіп тұрған «83-тің» қыздары – Сандуғаш пен Айгүлге де алғысым шексіз. Қосымша жан-жақта­ғы кәсіпкерлер де көмектесті. Шамамен, 10 млн теңгеден аса қаражаттың құрал-жабдығы пайдаланылды, – дейді Ахат Рақышев.

Құрылыс сызбаға қарап жүргізілгенімен, өлшемін дәл шығару оңайға соқпаған. Жалпы ұзындығы – 130 м, биіктігі – 10 м, ені – 1,4 м. Ал өзен деңгейінен биіктігі – ­3 метр. Ең басты мәселе – ауылдықтарда кран, экскава­тор, бульдозер секілді техникалар жоқ еді. Десе де бастал­ған істі соңына дейін жеткізуді көздеген тұрғындар ауылдағы бар тракторларды жұмылдырып, білек күштеріне, Ахат сынды азаматтардың шеберліктеріне сенген. Қызу басталған құрылыс бір жыл ішінде аяқталып, көпір пайдалануға берілді. Жұмыс аяқталған соң аспалы кө­пірдің беріктігін мотоциклмен жүріп сынап көрген.

– Бұл істе өзіміздің ауылдың әкімі жақсы қолдау білдірді. Қазір көпір ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Енді соның құжатын заңдастырып, қауіпсіз қызмет көрсетуін пысықтап жатырмыз. Бұл жобаға атсалысқан әрбір ауыл­дасым «100 жаңа есім» жеңімпазы атануға лайық. Бай­қаудағы менің жеңісім – бүкіл ауылымның жеңісі», дейді Ахат Рақышев.

Аспалы көпір аяқталған күні Көктал тұрғындары алақайлап қуанған. Тұрғындардың ендігі тілегі ауылға ұялы байланыс телефонының мұнарасы орнатылса деседі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы