Теннис • 17 Қаңтар, 2022

Мықтылар Мельбурнде бас қосты

143 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Мельбурнде теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт ірі жарыстың басы – Аустралия ашық біріншілігінің жалауы желбірейді. Дүниежүзінің тек таңдаулы теннисшілері ғана өнер көрсететін дүбірлі додада қазақстандық спортшылар да бақ сынайды. Атап айтқанда, әйелдер арасында ел намысын Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диас қорғаса, ерлер бәсекесінде Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов сынға түседі. Ал Александр Недовесов, Андрей Голубев және Анна Данилина жұптық бәсекеге қатысады.

Мықтылар Мельбурнде бас қосты

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Вакцинадан дау туды

Іргетасы сонау 1905 жылы қа­лан­ған Аустралия ашық бірін­шілігі өз тарихында тек үш мәрте ғана өткізілмеген екен. Алғашқы екеуі бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс уақыты болса, үшіншісі 1986 жылы жарыс уақытының өзгеруіне байланысты ұйымдастырылмаған. Содан бері бұл турнир жауынға да, аптап ыстыққа да қарамай жан­­күйерлерін қуантып келеді. Тіпті ұйымдастырушылар бай­рақ­­­ты бәсекені пандемия жағ­дайын­­да да тоқтатқан жоқ. Індеттің дүние жүзіне таралғанына екі жыл­дан асса да, теннисшілер жарыс көрігін қыздырып келеді. Деген­мен биылғы бәсеке алдында вак­цинаға байланысты дау туындады.

Australian Open жарысында тоғыз мәрте топ жарып, осы тур­нирді өзінің жекеменшік додасына айналдырып алған Новак Джоковичтың биылғы бәсекеге қатысуы біраз қиындық тудырды. Сербиялық саңлақ Аустралияға 5 қаңтар күні келсе де, шекара қыз­меті оны елге кіргізбеді. Себебі Новак коронавирусқа қарсы екпе алмаған. Ал Аустралия заңы бойынша елге вакцина алмаған адам кіре алмайды.

Кейін Джокович денсаулығына байланысты вакцина алуға болмайды деген медициналық құжа­тын тиісті мекемеге ұсынған. Бірақ құжаттар дұрыс емес деген же­леумен оны тағы да елге кір­гізуден бас тартады. Өйткені Джо­ковичте не үшін вакцина алуға болмайтындығы туралы ме­ди­циналық қорытынды болма­ған. Сөйтіп әлемнің бірінші ракет­ка­сының визасы жарамсыз деп табылып, оны еліне қайтармақ болады. Алайда Новак Аустралия үкіметінің шешіміне қарсы апелляция беріп, жеңіске жетеді.

Сотта жеңіске жеткен сер­биялық теннисшіге қайта виза бе­ріліп, оны елге кіргізеді. Алайда арада бірер күн өткенде Аустралия үкіметі Джоковичтің визасын екін­ші мәрте жарамсыз деп табады. Себебі Новак елге кірерде өтірік ақпарат берген болып шығады. Ол Аустралияға келгенге дейін 14 күн бір елде болғанын айтқан. Ал елдің шекара қызметіндегілер оның бұл уақытта Сербия мен Ис­панияда болғанын анықтайды. Осыл­айша Новак жарысты ұйым­дас­тырушылардың бас ауруына айналды. Аустралия үкіметі Джо­ковичке қарсы әлі нақты шешім қабылдамаса да, Australian Open жарысының баспасөз қызметі жеребе бойынша оны жарысқа қатысады деп көрсеткен.

Қазақстандықтардың қарсыластары кімдер?

Биылғы Аустралия ашық чем­пионатына қатысатын тоғыз қазақстандық спортшының ішінен Михаил Кукушкин мен Тимофей Скатовтан басқалары тікелей жол­дама алды. Ал Кукушкин мен Скатов іріктеу жарыстарына қа­тысып, негізгі кезеңде өнер көр­сету құқығына ие болды.

Дүниежүзілік рейтингте 180-сатыда тұрған 34 жастағы Ку­куш­­кин іріктеу сайыстарында бос­ниялық Мирза Башичті – 6:2, 6:3, нидерландтық Робин Хасені 7:5, 7:6 (7:2) және америкалық Эрнесто Эскобедоні 6:4, 5:7, 7:5 есе­бімен же­ңіп, негізгі кезеңге жолдама алды.

Ал солтүстікқазақстандық тен­нис­ші Тимофей Скатов өз спорт­тық жолында алғаш рет «Үл­кен дулыға» турнирінде ойнау­ға мүмкіндік алды. Скатов Аус­тралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының іріктеуінде алғаш франциялық Хьюго Греньені 6:3, 6:2 есебімен жеңсе, кейінгі бәсекелерде аустралиялық Дэйн Суиниді – 6:4, 6:2, португалиялық Гаштау Элиашті 6:4, 7:6 (7:5) есе­бімен ұтты. Осылайша 20 жастағы Петропавл қаласының тумасы Т.Скатов ересектер арасында бі­рінші рет Grand Slam додасында бақ сынамақ. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында «Үлкен дулығада» өнер көрсетіп, 2017 жылы US Open жарысында жартылай финалға дейін жетті.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының финалында чехиялық Иржи Лехечкаға 6:4, 3:6, 3:6 есебімен есе жіберіп, негізгі турнирге өте алмай қалды.

Турнирдің бірінші айналымында 12-нөмірмен тіркелген Елена Рыбакина Зарина Диаспен кез­десетін болды. Осылайша, Аус­тра­лия жерінде қазақстандық теннис­шілер алғаш рет өзара кездесу өткізеді. Ал Юлия Путинцева бірінші айналымда франциялық Хармони Танмен жолығады. Бұл теннисшілер осы уақытқа дейін мүлде кездеспеген.

Ерлер бәсекенің бірінші айналымында әлемдік рейтингте 35-орында тұрған Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Алек­сандр Бублик америкалық Эрнес­то Эскобедмен (141-ші теннис­ші), Михаил Кукушкин (180) аме­ри­калық Томми Полмен (41), Тимо­фей Скатов (255) словакиялық Нор­берт Гомбошпен кездеседі.

Үшінші кезеңнен кім асады?

Аустралия ашық біріншілігінің былтырғы бәсекесіне алты теннис­шісіміз қатысып, тек екеуі ғана үшінші айналымға жетсе, кейбірі бірінші кезеңде сүрінген еді. Жал­пы, қазақстандық спортшылар Australian Open турнирінің үшінші кезеңінен өте алмай жүргеніне біраз уақыт болды. Мәселен, әр жылдары осы додада бақ сынаған Галина Воскобоева (2009, 2012), Ярослава Шведова (2015), Зарина Диас (2015, 2016, 2020, 2021), Юлия Путинцева (2016, 2020, 2021) және Елена Рыбакина (2020) үшінші айналымнан кері қайтып жүр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш – Михаил Кукушкинге тиесілі. 2012 жылы ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Ал биыл бұл жетістікті кім қайталайды екен?!

30 қаңтарда мәресіне жететін Australian Open-2022 турнирінің биылғы жүлде қоры әдеттегідей өте қомақты – 54 миллион АҚШ доллары. Жеңімпаз спортшы 3 168 000 долларды қанжығасына байласа, финалда жеңілген спортшы 1 584 000 доллар алады. Сондай-ақ жартылай финалға шыққан теннисші – 792 мың, ширек финалда өнер көрсеткендер – 432 000 доллар, төртінші айналымға жеткендер – 216 000, үшінші айналымдағылар – 129 600, екінші айналымға шыққандар – 100 800, ал бірінші айналымнан сүрінгендер 64 800 доллар қаржыға кенеледі.