14 Наурыз, 2014

Тілге жетік, дәстүрге адал

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
SAM_2195«Түсі игіден түңілме» дейді қазақ. Біз әңгіме еткелі отырған Ойыл аудандық телекоммуникация торабының директоры Наталья Тамбовцева осындай жан екен. Бұрын-соңды таныстығымыз болмаса да жылы жымиып қарсы алған ол аман-саулықтан соң өзі туралы аз-кем әңгімелесуге келісімін берді. Сұхбаттасымыз жайдары жан болып шықты. Әзілге қалжыңмен тіл қатып, есесін жіберер емес. Қазақшасы да бір қазақты сүріндіргендей. Кейбіреулердей білдей бір мекемені басқарып отырмын деп кісімсу жоқ, қарапайым. «Театр киімілгіштен бас­талады» дегендей, шағын меке­менің айналасы да, іші-сырты да мұнтаздай таза. Кеңсе ішін­де де ұсынақты қолдың ізі аң­ғарылады. Натальяның өзі отыратын бөлмені бейне гүл бағы деуге болар, асырыңқырап айт­қанда. Үй жағдайында өсі­рілетін алуан гүлдің жұпар иісі аңқиды. Қаптаған гүлдің ортасында отырған одан қандай гүлді айрықша ұнатасыз деген сұраудың реті келіп қалды. «Барлық гүлді ұнатамын, алайда, «Орхидея» жаныма жақынырақ», деді күлімсірей. Наталья осы Ойылдың топы­рағында туып-өскен екен. Әкесі Николай Тимофеевич пен анасы Валентина Александровна да Ойылда тұрып жатыр. Сон­дықтан да, қазақшасы жатық, ізеттілігі көрініп тұр. Ойылда орта мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе байланыс колледжін қызыл дипломмен тәмамдап, туған жеріне оралып, қазір өзі басқарып отыр­ған мекемеге жұмысқа тұрады. Білімі мен білігі қатар өрілген жас маман көп ұзамай-ақ өзін жақсы қырынан көрсетіп, әріптестері арасында беделге ие болады. Екі жылдан кейін өзі жұмыс істейтін Ойыл телекоммуникация торабы директорлығына жоғарылатылады. Өз ісін жетік білетін және адамдармен ортақ тіл табыса алатын ол тез арада басшылық қыз­метте де бі­лік­тілігін танытты. Қазақтың көлік академиясында оқып, білімін жетілдірді. Қазір мұнда отызға жуық адам еңбек етеді. Барлық елді мекендермен телефон байланысы бар. Басқа да байланыс қызметтері жолға қойылған. Телехабарлар көрмейтін елді мекен жоқ. Ойыл телекоммуникция торабында қалыптасқан ұжымдық өндірістік және еңбек дәстүрін дамыта отырып, өз әріптестері арасында алдыңғы лектен кө­­рінсе, онда басшы келіншек Наталья Тамбовцеваның да үле­­сі бар. Тұтынушылардың кө­ңілінен шығатындай байланыс қызметін ұсынып отырған ме­кеменің ырғақты жұмысын қамтамасыз етумен бірге қо­ғам­дық жұмыстардың да ортасында жүреді. Мемлекетік тілдің көсегесін көгерту, қолда­ныс аясын кеңейтуге байланысты іс-шараларға қатысады. Өзінің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін өзгелерге үлгі ете­ді. Облыстық телекоммуникация қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Мемлекетік тіл» байқауында екінші орын алды. Алматыда өткен сала бойынша «Ана тілі – мемлекеттің тірегі» атты республикалық бай­қа­уына қатысты. Қазақ әндерін на­қышына келтіре шырқайтыны да бар. – Мен – қазақтың келінімін. Жұбайым Амангелді Нұрбаев – қорықшы. Өзі бірыңғай қазақ тұратын Ырғыздың жігіті. Ойылда өскендіктен, мен де жергілікті халықпен біте қайнасып келемін. Сондықтан үйде мейлінше қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Жеті нан пісіремін, басқа да ұлттық тағамдарды дайындаймын. Өз ұл­тымның да әдет-ғұрпын білемін. Көп білгеннің артықтығы жоқ. Жеті жасар қызымыз бар, – дейді Наталья Тамбовцева келініміз. Міне, үйдің де, түздің де ша­р­уа­­­­­­сын келістіріп отырған осындай келіндердің қатары көбейе берсін деп тіледік біз. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.