Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында үстіміздегі жылғы 12-14 наурыз аралығында аймақ аумағында «Автобус» шұғыл алдын алу шараларын жүргізді. Бұл шараның мақсаты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар көлігі апатының алдын алу болып табылады. Жыл басынан бері жол-патрульдік полиция бөлімшелері автобус жүргізушілердің 191 жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтады. Оның біреуінде автобус жүргізушінің мас күйінде рөлге отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, осы мерзімде автобус жүргізушілер жасаған 4 жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам каза тауып, үш адам жарақат алған.
Шұғыл алдын алу шараларын өткізу барысында жолаушылар мен жүктерді тұрақты немесе арагідік тасымалдауға рұқсат құжаттарының болуына, автобустардың жарақтылығына және жүргізушілердің рейске шығар алдында медициналық және техникалық тексерулерден өткен-өтпегендігіне баса назар аударылды. Жол қозғалысы ережелерін бұзған автобус жүргізушілерінің бұдан былай жолаушылар тасымалдауға жіберілу-жіберілмеуі тиісті орындарда қаралатын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».