14 Наурыз, 2014

Отан десе дегендей еді-ау...

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
PAPAТағдырдың сан тарау жолында тосыннан кездесіп, туыстай жақын, ағайындай етене болып кететін адамдар болады. Көкшетаудан көшіп келгенде Талғардан жолықтырған, соңғы ширек ғасырда аралас-құралас жүрген абзалдардың бірі – Отан Досбалаев ағамыз еді. Әттең, өткен жылдың наурызында, алпыстың сегізінен аттар тұсында көз жазып, өкініште қалдық. Балуан денелі, батыр тұлғалы, ер мінезді, даладай дарқан көңілді Отан отағасы жақсылыққа жаны құштар, риясыз жан болатын. Ше­шеміз қайтыс болғанда әлі таны­сып-біліспей жатып-ақ қол ұшын созған қамқоршылдығын мен де әсте ұмытпақ емеспін. Біздің көшеде тойлар да жиі болып тұрады. Сондайда көрші-көлемнің көзге түсер көрнектісі, алдымен сөз берер құрметтісі де осы Отан аға-тын. Иә, ағамыз ойы да, бойы да келіскен жігіттің сойынан еді десек, сол дұрыс. Сонау 60-жылдардағы ЖенПИ-дің тәрбие-тәлімін алған Нәзипа жеңгеміздің де жарқылдап жарқын күлуден жазғанын көрген емеспіз. Жарасты жұптардың үйінен қойын құрттап, айранын ұрттаған құт-береке де үзілмеді. Кейін жата-жастана білдік қой. Отан аға киелі Отырардың тумасы екен. Алматыдан жоғары білімді зоотехник мамандығын алғаннан кейін қасиетті Түркістанда, бір­қатар колхоз-совхоздарда абыройлы еңбек еткен. Одан 1984 жылы асқар Алатау етегіндегі Тал­ғар шаһарына қоныс аударып, осындағы атақты мал бордақылау шаруашылығында табаны күректей 15 жыл аға зоотехник болды. Курстас досым, «Хабар» арна­сындағы танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасарұлы Отан ағамен көрші екенімді ести сала көзі күлімдеп, ол кісі жайлы әдемі бір әңгімелердің тиегін ағытты дерсіз. Дереу ағаға сәлем беруге асықты. Ол да Түркістанның тумасы ғой. Отан аға, Нәзипа жеңгей өзіміздің әйгілі сықақшы Көпен Әмірбек, білгір әдебиетші Құлбек Ергөбектерді де жақсы білетін болып шықты. Айтайын дегенім, Отан аға бойы ғана емес, ой-өрісі, парасаты, мәдениеті де биік тұлға еді. «Жігітті жолдасына қарап таны» дейді ғой дана халқымыз. Отан ағаның үзеңгілес дос-жолдастары айтулы азаматтар. Атап айтсақ, олардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов, сенатор Қуаныш Айтахановтар да бар. Ана бір жылдары Асанәлі Әшімов Түркістанның көшесінде Отан ағаны кездейсоқ ұшыратып қалып: «Мынау бір тұлғасы келіс­кен, киноға түсіргендей жігіт екен-ау!» деп қызыға танысқан екен. Сол таныстықтың аяғы достыққа ұласады. Міне, біздің Отан ағамыз осындай жалпақ жұртқа жақсылығы танылған жайсаң жан еді. Жолдас-жораларының балалары «Біздің Отанымыз – Қазақстан» деген қағидалы тәмсілді негізге алып, ол кісіні «Қазақстан аға» деп атап кеткені және бар. Өзі өтсе де, өмірде өнегелі өрнегі, ізгілікті ізі қалды. Перзенттерінің бәрі қоғамда кетігін тауып, бір-бір кірпіш болып қаланған. Нәзипа жеңгеміз Отан деп оянып, Отан деп бас қояды ұйқыға. Дұғасынан қалдырмайды. Отан ағаның жарқын бейнесін Талғардағы біздің көшенің адамдары да үнемі жадырай еске алып жүреді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.