Қазақстан • 17 Қаңтар, 2022

Бейбіт митингтен лаңкестік шабуылдарға дейін

443 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздің Батыс өңірінде орын алған шерулерді қолдау мақсатында 3 қаңтар күні Алматы қаласында да митингтер өткені белгілі. Оның арты лаңкестік шабуылдарға ұласып, қаладағы маңызды нысандар өртке оранды. Салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Президент жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы оқиғалардың барысы мен қазіргі ахуалға байланыс­ты Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов және прокурор Берік Жүйріктаев ақпарат берді. 

Бейбіт митингтен лаңкестік шабуылдарға дейін

Алматының бас полицейі бол­ған оқиғаны рет-ретімен баяндап, қалада орын алған тәртіпсіздіктің лаңкестік шабуылдарға ұласқан­дығына қатыс­­ты нақты ақпарат беріп, қаза бол­ған болған әскерилер мен бейбіт тұрғындардың отбасына көңіл айт­ты. Қ.Таймерденов 3 қаң­тар күні Алматы  қаласында да Батыс өңір­де орын алған шеру­лерді қолдау мақса­тында қалада заңсыз шерулер өтті.

Бұл жиындарға 200-ден 2000-ға дейін азаматтар жиналған. Жер­­­гілікті атқарушы органдар мен про­куратура қызметкерлері та­ра­­­­пы­нан алдын алу, түсіндіру жұ­­мыс­тары жүргізіліп, ол күні бүлік­­шілікке қатысты деректер тірке­лмеді. Алайда 4 қаңтардан бас­тап қаладағы ахуал қиындай түсті», деді. Оның айтуынша, 4 қаң­­­тар­да «Алматы Арена» мұз сарайының жанына 2 мыңға жуық адам жиналған. Сондай-ақ Шығыс айналма жолының маңында заң­сыз акция ұйымдастырылып, қала­ның басқа бөліктерінде 5 мың­ға дейін адам ереуілге шықты. Қатысушылар саны біртіндеп көбейе берді. Рыс­құлов, Саин, Шығыс айналма жолы мен Төле би көшелерінің бойында жолдарды жауып, көлік қозғалысын жабу әрекеті жасалды. Шерушілерге лаң­кестер, экстремистер мен қыл­мыс­керлер қосылып, билікке қарсы күш көрсетіп, әкім­дікті басып алуға шақырды. Осы кезде гарнизонның барлық жеке құрамы жасақталып, қалаға қосым­ша полиция бөлімшелері мен Ұлттық ұланның әскерилері орналастырылды, стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының күзеті күшейтілді. Түскі уақытта кемінде 10 мың адам басып алынған муниципалдық көліктердің көмегімен қоршауды бұзып, қала әкімшілігін басып алуға тырысты. Екі әрекеті сәтсіз болған соң, наразылар алаңнан шығып кетті. Кетіп бара жатып олар қызметтік және өрт сөндіру машиналарын өртеп, жедел жәр­дем көліктерін зақымдаған. Қ.Тай­мерденов атап өткендей, 5 қаңтар күні таңертең 20 мың адам қала орталығына қарай бет алды. Сан­дық артықшылық пен қаруды пайдаланып, бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, Республика алаңына жетіп, әкімдік ғимаратын басып алды. Қаланың әртүрлі аудан­да­рында содырлар оқ жаудырып, қаланы қиратып, қару-жарақ дүкен­дерін басып алып, кездейсоқ өтіп бара жатқандарды өлтіріп, сауда орталығында бүліктер жасай бас­тады. Сол күні кешке қала әкі­мі Б.Сағынтаевтың кортежіне оқ атылды. Алматыда Президент тап­­сыр­­масымен төтенше жағдай енгі­зілді. Қаңтардың 5-інен 6-сы­на қараған түні содырлар полиция бөлімін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бө­лім­шелерін басып алуға әрекет жасаған. Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс минис­трлігінің әскери бөлімдеріне де шабуыл жасалды. Алматының ха­лықаралық әуежайы басып алынды.

Кейіннен лаңкестердің топтары бір мезгілде жеті қару-жарақ қой­масын басып алды, барлығы 1 347 қару, оның ішінде 501 винтовка, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару алған. «Осы­ған орай шабуылдардан қо­р­ғану және тойтарыс беру, жауынгерлік қаруды ұрлауға жол бермеу үшін табельдік қаруды қолдана отырып, арнайы жоспар енгіздім. Мен жеке полиция департаментінде болдым. Осы кезде ғимаратты басып алу үшін бүлікшілер 27 әрекет жасады. Олар техника мен арнайы тактиканы, таран ретінде джиптер мен «Камаздар» қолданды. Шабуылдарды қару-жарақ пен ұрыс әдістерін меңгерген кәсіби дайындалған адамдар жасады», деді Қ.Таймерденов.

Бас полицейдің айтуынша, күні бүгінге дейін күш құрылымдары лаңкестікке қарсы операцияларды жалғастырып келеді. Осы орайда азаматтарды мәжбүрлі шектеулерге шыдамдылықпен қарауға шақырып, сабырлық сақтауды, әсіресе, антитеррорлық операция­лар жүргізіліп жатқан жерлерде қауіпсіздік шараларына абай болу­ды ескертті. Сонымен қатар Қ.Таймерденов арандатушылыққа бой алдырмай, барлық күдікті фак­тілер мен адамдарды полицияға хабар­лау қажеттігіне назар аудару керектігін ескертіп, «Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қа­ладағы тәртіпті қалпына келті­руге, құқық қорғау органдарына үлкен көмек көрсете аласыздар», деп атап өтті.

Алматыда лаңкестік қақ­ты­­ғыс­тар мен шабуылдар нә­тижесінде 149 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі бұ­зақылар мен лаңкестер болса, олардың қолынан бейбіт азаматтар да қаза тапты. Лаңкестердің басым көпшілігі 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні полиция бөлімшелері мен блок-бекеттерге шабуыл жасау ке­зін­де жойылған. Қазіргі кезде қылмыскерлерден қару тәркілеу жұмыстары жал­ғасуда. Бүгінге дейін 127 бірлік қару, 2800 түрлі калибрлі патрон, сондай-ақ басқа да оқ-дәрілер мен арнайы құралдар тәркіленген. Қ.Таймерденовтің айтуынша, бастапқыда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар таяқпен, «битпен» және т.б. қару­ланған, тас, бөтелкедегі бензинді пайдаланған. Кейін олар полиция қызметкерлері мен әскери учи­лище курсанттарының арнайы құралдары мен нысанды киім-кешектерін иеленіп, қару-жарақ пен әскери техниканы басып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасады.

«Алматыда белең алған қарулы қақтығыстардың бел ортасында жүрген прокуратураның бар­лық қызметкерлері бандиттердің ұйым­­­­дас­қан агрессиясының куәсі бол­­ды. Олар арнайы техниканы, өрт сөндіру машиналарын, авто­бустарды басып алып, құқық қор­ғау күштерін таратты. Барлық жерде бейнебақылау камералары жойылды. Қылмыс жасау үшін «брусчатка» мен қолда бар басқа да қаруларды пайдаланды», деп атап өтті қала прокуроры Берік Жүйріктаев.

Бандиттер мен террорис­­­тер 5 қаң­­тардан бастап қала ты­­ныш­­­ты­ғын бұзып, шабуылдарды күшейт­кен. Про­курордың айтуынша, олардың мінез-құлқы, дайындығы, қаты­гез­дігі және іс-әрекеттерінің син­хрон­дылығы бұл әрекетке асқан дайындықпен келгендігін көрсетеді. Қатыгез іс-қимылдардың салдары­нан қаладағы барлық жеке құ­­рам орналасқан прокуратура ғима­­рат­тарының бірі өртенген. Тө­тен­ше жағ­дайлар министрлігінен кө­мек­­ке келген күштердің жедел әре­кет­­те­­рінің нәтижесінде қыз­мет­кер­­лер эвакуацияланып, жанып жат­қан ғимараттан шығарылып, өрт сөндірілген.

Прокурор сонымен бірге қыл­­мыскерлердің аңшылық дүкен­дерін басып алып, полицияға шабуылын мақсатты түрде жасады деді. Қару бандиттер мен террористерге құқық қорғау органдарына шабуыл жасау, бей­біт тұрғындарды қорқыту жә­не террористік шабуылдарды жал­ғас­тыру үшін қажет болған. Со­ның салдарынан ғимараттар қирап, өрт және медициналық көмек жұмысына кедергі жасалды.

Мұндай жойқын әрекеттерді алғашқыда құқық қорғау органдары ашынған митингішілердің ісі деп танып, шектен шыққан қылмыстарға қарамастан, қару қол­данбаған. «Қазір біз содыр­лардың наразылық акцияларын өз мақсаттары үшін қолданғанына көз жеткізіп отырмыз. Көшеге шыққан бейбіт тұр­ғындарды олар қалқан ретінде пайдаланды. 5 қаң­тардан бандиттер мен террорис­тер шабуылдай бастады. Бұл бей­біт наразылық емес еді. Нағыз терроризм актісі болатын. Қала әкімдігінің ғимараты, әуежай мен Президент резиденциясы басып алынды. Олардың іс-әрекетінің сипаты, дайындығы, қатыгездігі мен үйлесімділігі арнайы ұйым­дасқандығын көрсетеді», деді Б.Жүйріктаев.

Қаладағы лаңкестік әрекеттің салдарынан әскерилермен қатар бейбіт тұрғындар да көз жұмды. Осы орайда қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан Алматы прокурорының ай­туынша, қазір қалада жағдай тұрақты. Осы орайда қала тұр­ғын­­дарын жалған ақпараттың таралуы­на жол бермеуге және аран­да­тушылыққа бой алдырмауға ша­қы­рып, қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіруге байланысты бар­лық күш жұмылдырылға­­нын атап өтті. Қазіргі кезде қалада бар­­­лық қылмыстарды тергеу үшін құ­қық қорғау органдарының тәжі­­рибелі қызметкерлерінен тұра­тын ведомствоаралық тергеу тобы құрылған. «Біз лаңкестік әре­кеттерге және басқа да қылмыс­тарға қатысы бар адамдарды анық­тау және ұстау бойынша жұ­мыс істеп жатыр­мыз. Қоғам­дық қауіпсіздікті қалпы­на келтіру бойын­ша шаралар қабыл­дануда. Қа­зір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Соттың санкциясымен 249 адам қамауға алынды», деді прокурор.

Бүгінде қала бойынша қылмыс­керлер 2 мыңға жуық нысанды бүлдірген. Тергеушілер зардап шеккен бизнес нысандарын тексеріп, оқиға орнынан заттай дәлелдемелер іздестіруде. Бұл – бандиттердің киімдері, бейнежазбалар, қылмыс құралдары. Қазіргі кезде 127 қару табылған. Алынған бейнематериалдар қылмысқа қа­ты­сушыларды анықтау және кейін­нен сәйкестендіру үшін пайдаланылады. Жұмыс Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, Адво­каттар алқасымен және Кәсіп­кер­лер палатасымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілуде. Қамалған­дарды ұстауды тәуелсіз бағалау үшін олардың изоляторларына кіру мүмкіндігі қарастырылған. Прокурордың айтуынша, азаматтарды жәбірленуші деп тануға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл өтемақы алу үшін аса маңызды. Прокурорлар Президенттің тапсырмасына орай ауыр қылмыс жасамағандарға жазаны жеңілдету шараларын да қарастыруда. «Бұл жерде құқық бұзушының ісі жеке қаралуда. Мәселен, қала прокуратурасы 71 адамның жазасын жеңілдетті, тергеу изоляторынан 91 адамды босатты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Про­ку­рорлар қылмыстық үрдіс барысында азаматтардың консти­туциялық құқықтарының сақта­луын қамтамасыз етеді», деген Б.Жүйріктаев қалада терроризмге қарсы операция жалғасып жат­қанын еске салып, көпшіліктен шектеулер мен құқықтық тәртіпті сақтауды сұрады. Фейктердің таралуына жол бермеуге және арандатушылыққа бой алдырмауға шақырған прокурор құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құ­қық бұзуына немесе қиянатына тап болған жағдайда прокуратураға хабарласуға болатынын ескертті. Осы орайда прокуратура қызмет­керлері күнделікті онлайн қабыл­дау жүргізіп, әлеуметтік желілерде байланыста болады.