Қазақстан • 19 Қаңтар, 2022

Ассамблея бастамаларды қолдайды

710 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушылар Парламент Мәжілісінің отырысында айтылған Президенттің бастамаларына қолдау білдіріп, сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорын құруға жан-жақты атсалысатынын мәлімдеді.

Ассамблея бастамаларды қолдайды

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Мәжілісінің ҚХА депутаттық тобының мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және этномәдени бірлестіктердің басшылары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның басында М.Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі орын алған қайғылы оқиғаның салдарын жоюға белсенді атсалысып жатқанын атап өтті. «Қасіретті қаңтар» күндері Ассамблеяның барлық мүшесі іс жүзінде еліміздің бірлігі мен тұтастығына бейім­ділігін көрсетті, елімізде орын алған террористік акциялардың, бұзақы­лық­пен тонаудың жолын кесуге бағыт­талған Мемлекет басшысының батыл шараларын қолдап, қалыпты өмірді қалпына келтіруге белсене атсалысуда. Барлығымызға татулық, бірлік, келісім, азаматтық бейбітшілік пен тұрақтылық деген сөздер күнделікті өміріміздің іргелі негізі мен басты құндылықтары екендігі айқындалды», деді Марат Әзілханов.

Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс отырысында сөйлеген бағдарламалық сөзі қаңтар дағдарысының бетбұрысты кезеңін айқындады. «Жаңа Қазақстан – бұл қоғамдық құндылықтарды терең бойлау, қоғамдағы әлеуметтік және басқа да олқылықтарды еңсеру, бұл біздің бір­лігіміздің жаңа сапасы, элитаның моральдық кодексі, мемлекеттік аппа­рат­тың жаңаруы, өміріміздің гумани­тар­лық адами өлшемі және адами капиталға ден қою», деп атап өтті ҚХА Төрағасының орынбасары.

М.Әзілханов «Қазақстан халқына» қорын ашудың маңыздылығына ерекше назар аударды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы бірінші кезекте осы қордың жұмысына жәрдемдесуі тиіс. Өйткені бұл жай ғана қайырымдылық ұйымы емес – бұл біздің ортақ әлеуметтік жауап­кершілігіміздің жалпыұлттық инс­титуты», деді спикер.

Отырыс барысында қатысушылар алдағы атқарылатын жұмыс бойынша өз ұсыныстарымен бөлісіп, Ассамблеяның барлық мүшесін Президент белгілеген жаңа міндеттерді қолдауға шақырды.

Атап айтқанда, ҚХА бастамасымен барлық өңірде бірқатар іс-шара ұйым­дастыру ұсынылды. Олардың қатарында қираған ғимараттар мен нысандарды қалпына келтіру бойынша волонтерлік және қайырымдылық акциялары, мұқтаж жандарға, әсіресе, зардап шеккен әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсету, «Қазақстан халқына» қоры жұмысының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру бойынша ҚХА мүшелерімен және меценаттармен жиналыстар ұйымдастыру жоспарланған. Төраға орынбасары қаңтар айының басында интернетке қосылу қиындық тудырса да бірқатар түсіндіру жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді.

Осы ретте, 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланғанын ескере отырып, ҚХА-ның жекелеген жобалары көзделген мақсаттарға сәйкес қайта қаралатындығы айтылды, оларды іске асырумен республика аймақтарында Аналар кеңесі және ҚХА құрылымдарымен бірлесіп айналысады.