Мәселен, өсімдік майын Павлодар өңірінде өндіруге болады. Шаруашылықтар күнбағыс өсірумен тұрақты айналысса да, оны қайта өңдеу жағы ақсап жатыр. Айталық, Павлодар облысында жыл сайын жиналатын күнбағыс көлемі өңірдің ішкі сұранысын өтеуге артығымен жетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақтағы 10 шаруашылық күнбағысты қайта өңдеумен айналысады. Бірақ олардың шығаратыны – рафинадталмаған өнім. Ал тұрғындардың басым бөлігі рафинадталған өсімдік майын тұтынады. Сол себепті өңірге тасымалданатын «Шедевр», «Маслозавод №1», «Слобода», «Золотая семечка», «Заречное» сияқты өнімдерге сұраныс көп.
– Аймақта жыл сайын шамамен 110 мың тонна күнбағыс жиналады. Жергілікті кәсіпкерлер оның 26 мың тоннасын ғана кәдеге жаратады. Яғни рафинадталмаған өсімдік майын шығарады. Қалғаны Алматы, Өскемен секілді өңірлерге жөнелтіледі. Өңір халқы жылына 9 100 тонна өсімдік майын тұтынады. Адам басына шаққанда жылына 12 литрден айналады. 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлер 2 773 тонна рафинадталмаған өсімдік майын өндірді. Бұл жалпы сұраныстың 40 пайызына ғана тең, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Көшербаев.
Көрсеткіш тұрғындардың сол өнімді ғана тұтынғанын білдірмейді. Өсімдік майының рафинадталған түрі де, рафинадталмағаны да ас үйдің «төрінен» орын алады.
– Иісі бар демесеңіз, рафинадталмаған өсімдік майының да өзіндік ерекшелігі бар. Көбіне салат әзірлеген кезде қолданамын. Өйткені нағыз табиғи өнім. Ал рафинадталған түрі бірнеше рет тазалаудан өткен өнім. Түсін шығару үшін қоспа да қосылатын шығар. Екеуінің бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Екі түрін де қолдана беремін, – дейді екібастұздық Бәтима Махметова.
Бір байқағанымыз, дүкендерде рафинадталмаған өсімдік майы көп сатылмайды. Сұраныс болмаған соң, сөреден табылмауы да заңдылық. Десе де, бұл өнімді көбінесе апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен кездестіруге болады. Ендеше рафинадталмаған өсімдік майына мүлдем сұраныс жоқ деп те кесіп айтуға болмайды. Мәселен, жергілікті «Белоусов» жеке кәсіпкерлігі рафинадталмаған өнім түрін жәрмеңкеде үнемі саудалайды. Шаруашылықтың басшысы Константин Белоусовтың әкелген тауарын кері алып қайтқан күні сирек.
– Күнбағыс өсірмеймін. Оны успендік шаруалардан сатып алып, шағын цехта қайта өңдеймін. Бірер жыл бұрын күнбағыстың әр тоннасы 180-350 мың теңгеден сатылды. Әдеттегідей, дақыл нарықта мол болса, баға да арзандайды. 3 кило күнбағыстан 1 литр өнім алынады. Цехымыз шағын болғандықтан, өндірістік қуатымыз да төмен. Жылына шамамен 50 тонна өнім шығарылады. Апта сайынғы жәрмеңкеге 250 литр өсімдік майын әкелемін. Бағасы – 600-800 теңге. Баға айырмашылығының өзіндік себебі бар. Жеке рецебім бойынша дайындалған майдың суық жағдайда сығылған түрі қымбаттау. Сапасы жоғары болғандықтан, тұтынушылар тарапынан оған сұраныс көп, – дейді К.Белоусов.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, былтыр өңірдегі өсімдік майының бағасы 25 пайызға қымбаттаған. Өзге қалалардағы жағдаймен салыстырғанда біздегі ахуал әлдеқайда жақсы. Мәселен, өсімдік майын шығаратын бірнеше зауыты бар Шығыс Қазақстан облысында баға 17 пайызға өскен. Нұр-Сұлтан қаласында 30 пайызға, Таразда 41 пайызға, Орал мен Шымкентте 38 пайызға, Жезқазғанда 34 пайызға қымбаттаған.
Павлодар қаласындағы азық-түлік дүкендеріндегі өсімдік майының бағасы әртүрлі. Мәселен, өңірдегі ең ірі сауда желілерінің бірі Small-да өсімдік майының бағасы біркелкі емес. Себебі түсінікті. Өндірушілер әр алуан. Айталық, «Шедеврдің» 1 литрі 772 теңге тұрады. «Забота» – 799 теңге, «Олейна» – 915 теңге, «Майское» – 725 теңге, «Кудесница» – 725 теңге, «Күнкей» – 789 теңге, «Каролина» – 589 теңге, «Маслозавод №1» – 789 теңге, «Золотая семечка» 1 205 теңге тұрады. Мұнда рафинадталмаған өсімдік майы да бар екен. Жергілікті өнім – «Галицкое» өсімдік майы 805 теңгеден сатылуда.
Жоғарыда өңірде рафинадталған өсімдік майын шығаратын кәсіпорынның жоқтығын айттық. Дегенмен бұл бағытта жаңа жоба іске асырылады деген әңгіме талайдан бері айтылып жүр. Сағызша созылған сол жоба жуырда ашылды. Облыс орталығында «Павлодар агрокешені» ЖШС өз жұмысын бастады. Кәсіпорын жылына 900 тонна өнім шығармақ. Бұл – өңірде күнбағысты қайта өңдеп, рафинадталған өсімдік майын шығару бойынша жасалған алғашқы әрі батыл қадам. Ендігі жерде жергілікті шаруашылық дақылдарын сыртқа жөнелтпеуі керек. Өнім өзімізде дайындалса, тиісінше баға да біршама арзан болмақ. Бірақ ауыл шаруашылығы саласының ардагері Байболат Рахымжанов бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, жаңа цехтың ашылуы өңірдегі өсімдік майы бағасын тұрақтандыру мәселесін түпкілікті шеше алмайды.
– Әлеуметтік маңызы бар өнімдер жергілікті әкімдіктің назарында. Ендеше бағаны тұрақтандыру тетіктерін ойластыру қажет. Жәрмеңке өткізумен іс бітпейді. Меніңше, Шығыс Қазақстан облысындағы қайта өңдеу кәсіпорындарымен меморандум жасауға болады. Олар павлодарлық шаруалардан шикізатты арзан бағамен алса, сәйкесінше, өнімді де арзан бағамен сатуға тиіс. Екінші бір жол – мемлекеттік бағдарламалар аясында қайта өңдеу зауыттарын көбірек ашу. Шикізат жеткілікті болса, қорқақтаудың жөні жоқ. Өңірдегі өсімдік майы бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы – осы, – дейді Б.Рахымжанов.
Қысқасы, өсімдік майының бағасын тұрақтандыру үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын құрмаса болмайды. Шикізат жеткіліксіз болса, қайта өңдеу туралы әңгіме қозғамау артық болар еді. Шемішкеге «көміліп» жатып, қимылдамағанымыз құптарлық қадам емес. Күні кеше ғана ашылған бір кәсіпорын қай жыртығымызға жамау болсын...
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист
Павлодар облысы