Экономика • 20 Қаңтар, 2022

Түрік компаниялары Қазақстанға инвестиция құюды тоқтатпайды

789 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Түркияның ірі компаниялары Қазақстанда бизнесін одан әрі өркендете бермек. Олар елімізде болған барлық қиындықтарға қарамастан, инвестиция құюды жалғастыра беретінін айтып, пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түрік компаниялары Қазақстанға инвестиция құюды тоқтатпайды

Рыфат Хисаржыклыоғлу, Түркия палаталар мен биржалар қауымдастығы және түрік сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы:

«600-ден астам қазақстандық капиталы бар компания Түркияда 1 млрд доллардан астам инвестиция салған. 3600-ге жуық түрік компаниясының Қазақстандағы жалпы инвестиция көлемі 5 миллиард доллардан асты. Біздің мердігерлеріміз 30 миллиард долларға жуық 500-ден астам жобаны сәтті аяқтады. Қазақстанның бейбітшілігі, тұрақтылығы мен тыныштығы – біздің басымдығымыз. Түркияның жеке секторы әрқашан Қазақстанның жанынан табылады».

Сани Шенер, Tav Airports holding атқару кеңесінің төрағасы:

«Алматы әуежайына қатты әсер етті. Терминал ғимараты материалдық тұрғыдан зардап шекті. Қазақстан билігінің қолдауымен, бірлесе отырып, біз қираған жерлерді тез арада жөндеп, әуе тасымалын қалпына келтірдік, рейстерді қайта бастадық.

Заманауи Жібек жолының маңызды тұрақтарының бірі – Алматының әлеуетін іске дұрыс пайдалану үшін біз жұмысымызды жалғастырамыз.

Біз шамамен 200 миллион доллар инвестициямен әуежайға жаңа терминал саламыз. Қазақстанның және Алматының болашағына сенеміз, жобаларымыз жоспарланғандай жалғасады».

Сердар Гөргүч, «Otokar автоматив және қорғаныс өнеркәсіптік» АҚ Бас менеджері:

«Билік пен халықтың парасаттылықпен әрекет етіп, өмірдің қалпына келе бастағаны бізді қуантады. Біздің компания өз қызметін үзіліссіз жалғастыруда. Жобаларымыз тоқтамайды».

Фатих Фуртун, «Мфа маска» директорлар кеңесінің төрағасы:

«Соңғы оқиғалар кезінде ешқандай материалдық шығын көрген жоқпыз. Қазіргі уақытта елордада орналасқан еркін экономикалық аймақта маска зауыты және еуразиялық логистикалық базасы құрылысымыз толық қарқынмен жалғасуда. Мұнда біз Ресейдің және түрік республикаларының, әсіресе Қазақстанның әртүрлі салалардағы тыныс алу органдарын қорғау құралдарына қажеттілігін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанда инвесторлар үшін көптеген мүмкіндіктер бар деп есептейміз».

Зия Чамоғлу, «Aselsan engineering Қазақстан» (KAE) фирмасының бас менеджері:

«Қазақстан және Түркияның серіктестігімен құрылған және мемлекеттік компания болып табылатын KAE зауытындағы қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін жүйелі өндіреді. Біз бұл саладағы жаңа жобаларға дайынбыз және жұмысымызды жалғастырамыз».

Левент Үркмез, BTM АҚ Басқарма төрағасы:

«Қазақстандағы зауытымызда машиналарымызды жақсартуға инвестицияларымыз бар еді. Біз бұл инвестицияларды тоқтатқан жоқпыз, жалғастырудамыз. Мен түрік бизнес әлемінің Қазақстанға сенгенін қалаймын. Біз 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан елге шексіз сенім артамыз».

Нейір Зейнеп Атабай, «Атабай фармацевтикалық өнеркәсіптік» АҚ директорлар кеңесі төрағасының орынбасары:

«Атабай Илач» фирмасының 30 түрлі өнімді Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінде лицензиялау, «Атабай» компаниясын құру, дәрі-дәрмек сату және Алматы өнеркәсіп аймағында дәрі-дәрмек шығаратын зауыт құру жобаларымыз жалғасуда. Оқиға түрік инвесторларының бетін қайтармауы керек».

Селчук Танрыверди, «NOBEL ILAC ҚАЗАҚСТАН» фирмасының бас менеджері:

«Қазақ достарымыз бізді бір сәтке де жалғыз қалдырған жоқ. Біз мұнда 20 жылдан бері дәрі-дәрмек шығарамыз және аз уақытта жаңа инвестициялық жоспарларымызды бастаймыз. Біз елдегі GMP компаниясының бірінші зауытын құру, экспортта көшбасшы болу және салық чемпионы болу сияқты мақтанарлық жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан – біз үшін екінші Отан»

Халук Каябашы, «KIBAR HOLDING» бас директоры:

«Түрік іскер әлемі ретінде біз өз міндеттерімізді орындап, осы ерекше жағдайда Қазақ еліне және қазақстандық іскерлер әлеміне  қолдаушы болып, жоспарланған инвестицияларды тоқтаусыз жалғастыруымыз керек. Біз туысқан еліміздің жанында болуымыз керек».

Явуз Юртгүдер, «HAMLE КОМПАНИЯСЫ – ÜLKER» фирмасының Орталық Азия және Ресейдегі жауапты бас менеджері:

«Біздің өндіріс орнымызға инвестиция салу жалғасуда. Біздің қазақстандық фабрикамыз Орталық Азия және Ресей нарықтары үшін өндірістік база ретінде, сондай-ақ Қазақстанның ішкі сұранысын қанағаттандыру қызметін жалғастыруда. Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция үшін ең маңызды және қауіпсіз ел».

Юсуф Зия Ақбұлұт, «ÇELKONSAN МАШИНА, ӨНДІРІС ЖӘНЕ САУДА АҚ»   директорлар кеңесінің мүшесі:

«Ұйымдасқан индустриялық аймақтағы жаңа зауыттық инвестициямыз жалғасуда. Сонымен қатар, тосқауыл өндірісі, болат конструкция өндірісі тоқтамайды. Осы аптада біз жаңа келісімшартқа қол қоямыз.

Үкімет дағдарысты өте сәтті шешті. Түрік кәсіпкерлеріне Қазақстанға еш алаңдамай инвестиция салуға кеңес береміз».

Юсуф Айдемир, «İSKEFE HOLDİNG» АҚ атқарушы кеңес төрағасы:

«Осы кезеңде желатин өндірісін құру бойынша жұмысымыз жалғасуда. Біз Қазақстанның Анкарадағы елшісі және оның командасынан көп қолдау көрдік. Жұмысымызды қарқынын бәсеңдетпей жалғастырамыз. Азияның орталығында орналасқан Қазақстан – өсуді және жаһандануды мақсат еткен түрік компаниялары үшін мүмкіндіктерге толы ел».

Жанан Тораман, «Қазақстан Ауыл шаруашылығы халықаралық банкінің» бас менеджері:

«Қазақстанның халықаралық нарықтармен интеграциялану деңгейі, оның шетелдік инвесторларды қамтамасыз ететін ережелері және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердегі сенімділігі артып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан түрік инвесторлары үшін маңызды нарық ортасы және біз алдағы кезеңде түрік инвестицияларының артуын күтеміз».

Хүсаметтин Мемиш, «BAŞHAN ауыл шаруашылық өнімдері АҚ» директорлар кеңесінің төрағасы:

«Қазақстанда қауіпсіздік тез қалпына келіп, бейбітшілік орнады. Біздің жұмыс барысы мен ондағы кеңсе сол күйінде жұмысын жалғастыруда. Түрік іскерлері ретінде біз бауырлас ел Қазақстанмен ынтымақтастықты жақсартуымыз керек».

Незих Барут, «ABDİ İBRAHİM» дәрі өндірісі АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

«Шетелдегі операцияларымызда өндіріске көшкен алғашқы ел болып табылатын Қазақстан Әбди Ибрахим үшін өте маңызды. Біз екінші отанымыз деп есептейтін Қазақстанда халықаралық саудамызды кеңейту бойынша маңызды стратегиялық мақсатқа қол жеткіздік. Біз Қазақстанға 30 миллион доллар инвестициямызды салуды бәсеңдетпей жалғастырамыз. Бұл инвестиция арқылы біз 3 жылдың ішінде елдегі жұмыспен қамтуды екі есеге арттыруды мақсат етіп отырмыз. Біз Қазақстанды аймақта өсуді жоспарлап отырған компаниялар тұрғысынан инвестиция салуға тиіс ел ретінде көреміз».

13456

Ердинч Гүзел, «Кока-кола сусыны (CCI)» Қазақстандағы бас менеджері:

«Біз Қазақстандағы 2 зауытымызбен, 750 қызметкерімізбен және 8000 адамнан тұратын жұмыс тобымен 18 миллион тұтынушыға кең өнім портфелін ұсынамыз. Қазақстан – біздің CCI-дегі ең ірі және табысты операцияларымыздың бірі. Бұдан былай да сол қалпында қызметімізді жалғастыратын боламыз. Бұл елде экономикалық және саяси тұрақтылық үшін барлық қажетті жаңдай бар екенін білеміз және біз жарқын болашаққа сенеміз».

Ахмет Чалик, «Чалык холдингі» директорлар кеңесінің төрағасы:

«Тұрақтылық пен татулықтың орнауы барша халқымыз сияқты мені де қуантты. Мен Қазақстанның басынан өткеріп жатқан осынау қиын үдерістен нығайып шығатынына шын жүректен сенемін. Біз Қазақстанмен барлық коммерциялық қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытамыз».

Гөненч Дирик,«Орхун медикал» директорлар кеңесінің төрағасы:

«Қазақстан дамыған сайын, барша жұртты тамсандыратын Еуразияның жұлдызы болып қала бермек. Қазіргі таңда 2 медициналық орталыққа инвестиция салуымыз жалғасуда. Сонымен қатар, биыл 2 қалада медициналық орталықтар ашуды мақсат етіп отырмыз. Менің ойымша, Қазақстан бірте-бірте барлық инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады».

Сердар Башак, «LC WAIKIKI» фирмасының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстандағы жауапты менеджері:

«Қазақстанда 2000-нан астам қызметкеріміз және 48 дүкеніміз бар және 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміз. Орта Азиядағы басқа елдерді де осы орталықтан басқарамыз. Соңғы оқиғалар біздің көзқарасымызға әсер еткен жоқ. Бұл біздің флагманымыз және 180 миллион доллар айналымы бар ел. Алдағы 2 жылда біздің 10 жаңа дүкен және логистикалық қойма ашу инвестициялық жобамыз бар».

Роберт Юксел Йылдырым, «YILDIRIM компаниялар тобы» атқару кеңесінің төрағасы:

«Біздің кеніштердегі жұмысымыз бұрынғы қарқынмен жалғасуда. Біз өз жобаларымызда ешқашан бәсеңдеген емеспіз және ондай болмайды.   «Восход Chrome» елдегі ең ірі хром кенішіне айналды және біз өз инвестицияларымызбен бұл кеніштің өнімділігін арттырдық. Қазақстанға инвестициямыз 2021 жылдың қыркүйегінде негізін қалаған 400 миллион долларлық Qazaq Soda жобамызбен жалғасуда. Ол ТМД аймағындағы ең ірі бейорганикалық химия кешені болады».

Каан Кемал Экерман, «RÖNESANS INTERNATIONAL» бас директоры:

«RÖNESANS-тың елге салған инвестициясына оқиғалар әсер еткен жоқ, бірақ біз қатты қайғырдық. Біз Қазақстанда аурухана жобасын жасап жатырмыз және жалғастырамыз. Біз Түркияның іскер әлемін бауырлас Қазақстанды қолдап, бизнес көлемін арттыру мақсатында өзара ынтымақтастықты дамытуға шақырамыз».

Режеп Каан Машлак, «PANELSAN» шатыр, дуал жүйелері өндіріс және сауда АҚ бас менеджері:

«Әріптесіміздің жағымды жаңалығымен біз инвестициялау процесін тоқтаған жерімізден жалғастырамыз. Алматының ұйымдасқан индустриялық аймағындағы шамамен 20 миллион еуроны құрайтын сэндвич-панельдер өндірісінің инвестициясы басым инвестициялық санатқа енді. Түрік іскер әлемі Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыратынына сенімдімін. «Panelsan» алдағы жылдары қазіргі инвестициясына жаңаларын қосады.

 Юсуф Үге, «FEMAS» металл өндірісі және сауда АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

«Біздің қазақстандық жобалар тұрақтылықтың орнауымен жалғасады. Бір қадам артқа шегінбейміз. Мен түрік бизнес әлемін кеше болғандай бүгін де Қазақ мемлекетіне сенуге шақырамын. Біздің іскер адамдар аяқталмаған инвестиция жобаларын мүмкіндігінше тезірек аяқтауы керек».

Казым Чимен, «GLOBAL FLO MAGAZACILIK ОПЕРАЦИЯЛАР» бас менеджерінің орынбасары:

«Қазақстанның 15 қаласында 29 дүкеніміз бар. Жетекші аяқ киім сатушылардың біріміз. Қазақстан – біз үнемі инвестиция салатын нарық. Біз Қазақстандағы тұтынушыларымызбен тығыз байланысымыз бар және біз бұл байланысқа үлкен мән береміз. Бізде Қазақстанда жаңа дүкендер мен интернет-дүкендерді ашу бойынша инвестициялық жоспарларымыз бар және олар еш кедергісіз жалғасады».

 Жем Жиритчи, Түрік-Қазақ іскерлер қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:

«Өз туған жеріміздей көретін Қазақстан тезірек қалпына келіп, нығайып, бейбіт өмір сүре берсін деп тілеймін. Түрік инвесторлары Қазақстанның көптеген секторларында жұмыс істейді. Олардың ішінде тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, әуежай менеджменті, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, инфрақұрылым және сусындар секторларын көрсете аламыз. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын өндіру және мердігерлік секторларында түрік кәсіпорындары бар. Біз әрқашан жақсылықта да, жамандықта да Қазақстанның жанында болуымыз керек».

 Ахмет Будан, Мерсин қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы:

«Қазақстан оқиғалардан кейін қалыпқа келтіру үдерісін өте жылдам, сәтті және сенімді қадамдармен аяқтады. Қазақстан өте күшті және болашаққа ұмтылған мемлекет. Елде уақытша тоқтап қалған барлық секторлар қарқынды түрде ашыла бастады. Ел игілігіне, стратегиясына, экономикасына пайдасын тигізетін жобалар әлі де көбейе береді деп ойлаймыз. Түрік және  еуропалық кәсіпкерлер инвестициясын жалғастырғысы келетіндерін айтуда. Қазақстанның көптеген секторлары 2022 жылды 2021 жылға қарағанда әлдеқайда табысты өткізеді».