Саясат • 20 Қаңтар, 2022

Әлеуметінің әлеуеті мықты Эстония

491 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтің әлеуетін жақсартып, ха­лық­тың қалтасын қалыңдатуды тапсырды. «Қаңтар қасі­ре­ті­нің» негізінен күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанына тоқталды. Қираған қаланы қалпына келтіру, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру қыруар шаруа екені түсінікті. Осы орайда, бізбен бір қатарда еге­мендігін алған мемлекеттер арасында бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен, әлемге үлгі елдер бар. Соның бірі – әлеуметінің әлеуетімен мақтанатын Эстония.

Әлеуметінің әлеуеті мықты Эстония

Балтық жағалауындағы ала­қан­дай мемлекет бүгінде төрт­күл дүниедегі дамыған ел­дер­дің біріне айналған. Мәселен, Эстонияның ішкі жалпы өнім көлемі 35,2 миллиард долларға тең. Жан басына шаққандағы көрсеткіші – 27 мың доллар. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, азаттығын қайта қал­пын­а келтір­ген тұста жо­ға­ры­да аталған көр­сет­­кіш небәрі 100 долларға әрең же­тетін.

Елде жүргізілген күрделі ре­­фор­­­ма­лардың нәтижесінде «Бал­­­тық жолбарысы» шар­тарап­тағы экономистердің зерт­­теу объектісіне ілікті. Бүгін­де Эстония Еуропалық одақ­қа мүше, Еуро аймаққа және Шенген аймағына кіре­ді. Еуро­па­лық ұжымдық ынты­мақ­тастық ұйымына, НАТО-ға, Дүниежүзілік сауда ұйымына енген. Сонымен қатар 2020-2021 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Ха­лық­аралық ұйымдар халықтың тұрмыс сапасын, білім саласын, қоғамдық қызметтерді цифрландыруды, технологиялық ком­па­ниялардың басымдығын жоғары ба­ға­лайды. БҰҰ Адам даму ин­дек­­сінде Эстония 189 елдің ішін­де 29-орынға тұрақтаған.

Небәрі 1,4 миллион халық мекендеген, аумағы ат шаптырым ғана ел 30 жыл ішінде мұн­дай жетістікке қалай жетті? Әлеу­ме­ті­нің әлеуетін жақсар­тудағы бас­ты кілті неде? Мұның басты себебі – халықтың да, биліктің де өзге­ріске ұмтылуы. Ел саясатын да­­мытудың даңғыл жолына ба­ғыттауда жатыр. Эстондар азат­ты­ғы қолына тие сала, күрделі экономикалық реформалар жасады. Дамудың үлгісі ретінде ба­­тыс­тық демокра­тия таңдалды. Эко­­номиканың еркіндігі, үкімет­тің ашықтығы бас­ты ұс­та­ным бо­­ла­тын. Сонымен қатар заң­ның үс­­темдігі де жоғары орынға қо­йыл­ды.

Осы орайда, артқа сәл шегініп, Эстония тарихына көз жүгіртсек артық етпейді. Екі ғасырға жуық Ресей империясының қоластында болған ел 1918 жылы 24 ақпанда тәуелсіздігін жа­риялады. Алайда азат елдің арманы ұзаққа созылған жоқ. Көп ұзамай-ақ патша әскері басып кірсе, одан соң нацистік Германия жаулауға тырысты. Қос бүйірден держава құру ниеті бар империялар қыспақтай берген соң, Эстония 1940 жылы КСРО құрамына кірген-ді. Сөйтіп 50 жылға жуық Кеңес өкіметі шекпенінде болды. Одақ құлар тұста елде жаппай «Әндеткен революция» басталып, халық азаттық туралы қызу талқылай бастады. Ақыры 1990 жылы 8 мамырда Эстония Жоғарғы кеңесі егемендікті қайта қалпына келтіру туралы заң қабылдады. 1991 жылы 20 тамызда тәуелсіздігін жариялады.

Азаттыққа аңсап жүріп қол жеткізген эстондықтар алдында екі жол бар еді. Біріншісі – Кеңес Одағы тұсындағы жүйеге аздаған өзгеріс енгізіп, соны жалғастыра беру. Екіншісі – бәрін жаңадан бастау. Эстония халқы екінші нұсқаны таңдады. Өйткені ескі жүйе ұшпаққа шығармайтынын жақсы түсінді. Сөйтіп, кеңестік дәуірде қызмет еткен, сол кезде жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғаларды саяси өмір­ден алшақтатуға кірісті.

Мұның жарқын мысалын 1992 жылғы парламенттік сайлаудан анық аңғарамыз. Халық 32 жастағы Март Лаарды премьер-министр етіп сайлады. Март мырзаның тұсында негізгі эко­но­ми­калық реформалардың ірге­тасы қаланды. «Торренс мәр­те­бесі» деп аталатын жыл­жымай­тын мүлікті тіркеу жүйесі, үй­ле­сімді салық салу секілді жа­ңа­шылдықтар енгізілді. Демо­кра­­тиялық құндылықтар мен сөз еркін­дігі қатты құрметтелді. Эстония шетелдік тауарларға салынатын бүкіл тарифтерді жой­ды. Сөйтіп, мұндай қадамға бар­ған әлемдегі тұңғыш мемлекет атанды.

Әлбетте, КСРО тарағаннан кейін оның құрамындағы мем­лекет­тердің ешқайсысына оңай тимегені түсінікті. Эстониядағы ахуал да басқаларынан өзгеше болған жоқ. Дүкендердің сөре­лері босап, халық ішерге ас, киерге киім таппай қалды. Тіпті жанар­май­дың болмауы себебінен көше­лер­де көлік те жүрмеген. Бірақ эстондар болашақтан үміт үз­ген жоқ. Ал ел тізгінін қолына ұс­та­ған­дар оны ақтай білді.

Эстония азаттық алған кезінде шетелге өндірген өнімінің 5 па­йы­зын ғана экспортқа шығаратын. Бү­гінде тауар айналымы айтар­лық­­тай өскен. Мәселен, импорт кө­лемі 16,2 миллиард еуроны құ­раса, экспорт 14,4 миллиард еуроға тең. Шетелге негізінен түрлі машиналар мен олардың қосалқы бөлшектерін, ағаш және қағаз, тоқыма, азық-түлік, жиһаз, ме­талдар мен химиялық өнімдер жібереді. Сондай-ақ жылына 1,5 миллиард мегаватт электр тоғын экспорттайды.

Бір қызығы, Эстония экономикасы өрлеуінің себептерінің бірі – еркін нарық енгізіп, мемлекеттің экономикаға араласуы азайтылды. Либералды өмір салтын қа­лып­тастыруға ден қойылды. Же­­ке­­шелендіру жүзеге асырылды. Осы­лайша, Еуропаға, жалпы Ба­тыс әлеміне оң көзқараста екенін аңғартты. Мұндай қадам дағдарысқа ұшыраған экономи­ка­ны қайта қалпына келтіру үшін қажет етеді. Нәтижесінде, еуро­па­лықтар топ-тобымен Эсто­ния­ға ағылып, миллиондаған доллар ин­вестиция салды.

Дамудың даңғыл жолына түсу үшін көршілес елдердің де ықпалы аз емес. Бұл тұрғыдан алғанда эстондардың жолы болған. Кеңес Одағы құрамына енген Литва мен Латвия да Эстониямен тағдырлас. Шағын үш ел де сыртқы күш­тер­дің шылауында кетуі мүмкін еді. Әрқайсысы этностық және тілдік тұрғыдан ерекше болатын. Бұл үштік жеке-жеке жүрсе жау алатынын түсінгендіктен, бірлесе әре­кет етіп, ортақ идеяларды жү­зеге асыруға көшті. Эстония көш бастаса, Латвия мен Литва ізін жалғады. Жұдырықтай жұ­мылғандықтан үшеуі де эко­но­ми­калық табыстарға қол жет­кізе бастады.

Тәуелсіздік алған тұста Эс­то­­ния­ның басты сауда әріп­те­сі Ресей ғана еді. Батысқа бет бұрғаннан кейін бұдан бас тартты. «Көршің жақсы болса – тынысың» демекші, Эстония қиын жағдайға келген кезде көршілес скандинавиялық мемлекеттер көмек қолын созды. Өзара тауар айналымы жолға қойылды. Соның нәтижесінде Финляндия бас­ты серіктесіне ай­налды. Қазіргі таңда аталған елге эстондар құны 2,29 мил­лиард доллар тауар экспорттайды. Сондай-ақ Швеция (1,56 мил­лиард доллар) және Латвия (1,42 мил­­­­лиард доллар) да экспорт жө­ні­­­нен жоғары орында тұр.

Еуропамен шекаралас орналасу да Эстонияға мол мүмкіндік сыйлады. Мемлекет эко­но­ми­каға араласпай, жекеше­лен­ді­ру­ге басымдық берген­діктен, ер­кін кәсіпкерлер табы пайда бол­ды. Мәселен, 1995 жылы жа­ңа­дан 10 мыңға жуық компания құрылған екен. Еуро­палық одақ­тың мүшелігі құрамына өту де ел дамуына мол мүмкіндік берді. Бас­тап­қы­да халық нәпақа іздеп қарт құрлықтың қалаларын аралап кетсе, жағдай түзелгеннен кейін елге орала бастады.

Эстонияны әлемге таныт­қан жаңа­шыл­дықтың бірі тех­но­ло­гияға байланысты. Егемен­дігін алған тұста кеңес­тің көнерген құралдарын пайдаланып жүрген олар көп ұзамай-ақ Еуропаның заманауи құрылғыларын қолдана бастады. Былайша айтқанда, технологиялық дүмпу болды. Мұндай серпіліс ха­лық­қа да оң әсер етіп, қоғамда жаңа тех­но­ло­гия­ға қызығатындар саны күрт артты. Соның арқасында XXI ғасырдағы цифрлы өнімдерге айтарлықтай үлес қосты.

Мәселен, эстон бағдар­ла­ма­шы­сы Яан Таллинн бастаған Blue­Moon Interactive компания­сы файл алмасуға арналған KaZaa бағдарламасын жасап шық­­­ты. Peer-to-peer технология­сы арқылы жұмыс істейтін KaZaa бір кездері әлемдегі ең көп жүктелген бағдарлама атанды. Эстон бағдар­ла­ма­шыларының жа­­­һан­дық технологияларға қос­қан үлесі ұшан-теңіз. Қазіргі таң­да шартараптың түкпір-түк­пі­­­­рінде қолданылатын Skype та ал­­ға­шқыда Таллиннің бұйығы кө­ше­­лерінің бірінде жасалған. Атал­ған бағдарламаны кейіннен eBay компаниясы 2,6 миллиард дол­ларға сатып алды. Содан кейін Microsoft компаниясы Skype-тың мен­шігін иелену үшін 8,5 мил­­­лиард дол­ларды шытырлатып са­нап берді.

Мұндай технологиялық табыс жаңа жобалардың көптеп ашылуына жол ашты. TransferWise, Ambient Sound Investment се­кіл­­ді әлемге белгілі компания­лар бірінен соң бірі әлемдік нарықты жаулап ала бастады. Starship Technologies компаниясы Таллинде, Бернде, Лондонда жет­кізу қызметімен айналысатын ро­боттар жасайды.

Эстонияның цифрлық дамуы мұнымен бітпейді. Жаңа технология күнделікті өмірге дендеп енген. Мысалы, елдегі бүкіл әлеуметтік қызметтер мен үкімет агенттіктері өзара байланысқан. Бүкіл мемлекеттік қызмет цифр­лы қол­таңба арқылы алынады. Салық төлеу жүйесі де толық авто­маттандырылған. Яғни бір­не­ше ми­нуттың ішінде атқа­ры­ла­ды.

Сондай-ақ Эстонияда электронды азаматтық енгізілген. Бұл жаңашылдық шетелдіктерге цифр­лы азаматтық алып, Еуро­па­лық одақта кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді. Бизнес бас­тауға рұқсат алу да қиын емес. Телефон арқылы айналдырған 5 минуттың ішінде қажетті құжат қо­лыңызда болады. Осын­дай жа­ңа­шылдықтың арқасында қыр­уар қаржы – ішкі жалпы өнім­нің 2 пайызына тең қаражат үнем­де­леді.

Бұдан бөлек, мүлікті электронды тіркеу, электронды денсау­лық сақтау жүйесі, электронды полиция, электронды мектеп секілді жүйелер енгізілген. Былай­ша айтқанда, Эстония цифрлы мемлекетке айналған. Тіпті дауыс беру жүйесі де онлайн өткізі­леді. Әлемде тұңғыш рет 2005 жылы интернет арқылы жергі­лікті сайлау өтті. Ал 2019 жылы парламенттік сайлауға қаты­су­шы­лар­дың 44 пайызы онлайн дауыс берген.

Қорыта айтқанда, Эстония даму­дың даңғыл жолына түсті. Ең бастысы – айтылған уәде­лер мен алға қойылған мақ­саттарды іске асыруда эстондар ыжд­а­­­һаттылық таныта білді. Кеңес­тік жүйенің шекпенінен шық­қан­дар­дан құ­тылып, тізгінді тың ойла­натын жас­тарға тапсырып, жарқын келешекке бірге аттана білгендіктен ғана әлеуметтің әлеуетін арттырды.