Таным • 23 Қаңтар, 2022

Құлдырамайтын құндылық

1998 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жан баласына жақсылық жасаудан артық жүрекке жылылық ұялатар дегдар іс жоқ-ау, сірә?! Кеудеңе шәрбат құйғандай рухыңа тыныштық сыйлайтын да сол. Болмыста бар бұл қасиет бойда бұғып қалса көңіл кірлеп, ниет өзгере бастағанның белгісі бәлкім... Адамзат баласы аялдар тұсқа дейін тіршілікті арайға бөлейтін құлдырамас құндылық әлі де миллиард кеуденің тоңын жібітіп, өмірді нәрлендіре бермек.

Құлдырамайтын құндылық

Жақсылық жайлы айтудың өзі жанға жалау, көңілге мият. Қайырымдылық қанына сіңіп, қағидасына айналған халық ұрпағын да осы рухта тәрбиелеген. Қайсыбір қиын-қыстау кезеңдердің өзінде қасиет-қалыбынан жаңылмаған жұртымыз жығылғанға медеу, сүрінгенге демеу болғанын тарих-таразы айшықтап тұр. Қаңтардың қасіретті көріністерін еріксіз ойға оралтатын бейнежазбаларды шолып отырып, еңсеңді езетін эпизодтардан бір сәт санаңды жарық сәулеге қарай суырып алатын тағы да сол мейірімді жандардың жанкештілігі.

Қалың топтың тепкісінен бой таса­лау­ға тырысқан әскери жігітке сырт киі­мін ұсынған бойжеткеннің ниеті кө­ңілің­ді тербемей көрсін. Көзін тұман торла­ғандарға тоқтау айтып, «ұрмаңдар» деп ұран салған жігіт ағасы мен сапта тұрған сарбазға нан-су ұсынған ақсақал адамдықтың алғаусыз көрінісі. Сол се­кіл­ді сын сағатта жолдасын жолға тас­та­май иығына салып ауруханаға апар­ған курсанттың ісі ізгіліктің үздік үлгісі де­­мей көріңіз.

Көлігімен кездейсоқ өтіп бара жатып, жолайы кездескен жаралылардың жанын аман алып қалуға атсалысқан, одан соң да бірнеше адамды ауруханаға тасыған әйелдің әрекеті шүбәсіз азаматтық. Осы тұста Мұқағали жырындағы «қанша жан­ның жүзіне шуақ септің?» деген жолдар адамдық биігіне шақырған өмірлік маңызды сауал екенін аңғарасыз.

Алматыдағы алашапқында көпшілік­ке көмек қолын созғандардың бірі – Ілияс Сариев. Дүрбелең тыйылған тұста жолдастарымен бірге жараланғандардың жағдайын біліп, мұқтаждарға ас-су та­ратқан тәуелсіздіктің құрдасы шағын кә­сіпкер. Кәсіпкер болғанда да үйіліп-төгіліп жатқан ештеңесі жоқ. Адамға жақсылық жасау үшін кішкентай мейірім мен ниеттің өзі жеткілікті деген жігіттің жігері ризашылығыңды оятады.

– Біздің азаматтығымыз сын сағатта танылады. Президент шұғыл шешім қабылдап, халыққа «Күшіміз – бірлікте» деп үндеу тастады. Бұл сөз бәрімізге рух берді. Шынында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жоғары, оны құлатып алсақ бәрінен айырылатын едік. Сүйікті қа­ламыз тас-талқан болғанда жағдай­дың ушыққанын түсіндік. Мұның бәрін экраннан көріп отырып, біз де көме­гі­мізді тигізіп, бір адамға болса да жақ­сы­лық жасайық деген ойға келдік. «Елге көмек» қоры арқылы бұған дейін де қайырымдылық шараларына үлес қосып тұратынбыз. Достарымызбен бірге ауруханаларға барып, науқастарға рухани қолдау көрсеттік. Байыптап қарасақ олардың бәрі де өз бауырларымыз. Қаланы ретке келтірумен айналысқан көше қызметкерлеріне ыстық тамақ ұсындық. Жүздеген отбасына азық-түлік себетін үлестірдік. Мұны азаматтық борыш деп білеміз. Кешегі аталарымыз жесірі мен жетімін қаңғытпаған. Қолда барын мұқтаждарға бөліп берген. Солардың ұрпақтары біз де осы дәстүрді өлтірмеуіміз керек, – дейді І.Сариев.

Ілияспен бірге тағылымды істе табан­ды­лық танытқан Бағдаулет Құдайқұл, Естай Басекенов, Мерей Жолшы секілді азаматтарды да ерекше атауға болады. Балалы әйелдерді, қарт кісілерді тегін тасымалдаған алматылық такси жүр­гізушісі Жандос Әлімғожаның әрекеті де ерлікпен пара-пар. Нан тап­шы­лығы туын­дағанда өз қаржысына шет аудан­дардан нан алып, қала тазалығы қыз­меткерлеріне үлестірген мейірімді жан Беделбек Таласбай да қатардағы көлік жүргізушісі. Халық ішінен шыққан осын­дай қарапайым қаһармандар адам­гер­шіліктің нәзира үлгісін көрсетіп, ізгі­лік­тің бәсін биіктетті.

Ойда жоқ ойраннан Алматыдағы қаншама тарихи нысанның зардап шеккені мәлім. Мәселен, өртке оранған қала әкімдігі ғимаратын тазалауға 150 ерікті өз еркімен үлес қосты. Олардың ба­сым бөлігі студент жастар, арасынан мыңбояулы шаһардың зейнет жа­сын­дағы тұрғындарын да көзіміз шалды. Жүздерінен сүйікті қаласына деген аяныш пен махаббаттың, бекем бірліктің бейнесін байқадық. «13 қаңтар күні басталған тазалау жұмысына 660 адам жұмылған болса, оның 150-і­ еріктілер. Олар өз еркімен келді, бұл жұмыстарға қатысуға ниет біл­ді­ріп ха­барласқандар негізі бұдан да көп болды. Бұл қала тұрғындарының ын­ты­мақ-бірлігін, жақсылық жасауға бейіл тұратынын білдірді», дейді HAQ қо­ғамдық қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева.

Оның айтуынша, соңғы 3 күнде бір ғана Алатау ауданында тұратын 600 мұқтаж отбасына азық-түлік себеті берілген. Себетке күнбағыс майы, кеспе, күріш, ұн, картоп, сәбіз, алма секілді өнімдер тол­тырылған. Жомарт жандардың көме­гімен жүзеге асқан жобаға 60 волонтер жұмылды. Сол секілді жаппай тәртіпсіздіктен кейін қала көшелеріне тау-тау болып үйілген қалдықтарды тазалауға өз еркімен қол ұшын созған жігерлі жастардың ниеті не тұрады.

«Көп түкірсе көл» дегендей, қоғам­да­ғы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қайырымдылық қорлары да қомақты үлес қосып келеді. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған танымал азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлардың көмегімен қаншама отба­сының баспана жыры байыпты ше­шімін табуда. Бұл ізгілікте шекара бол­майтынының дәлелі.

Алматыда қайырымдылықпен үздік­сіз айналысатын азаматтар аз емес. Солардың тағы бірі – жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсету дәстүрін үзбей келе жатқан Сырымбек Тауұлы. Кәсіпкер таяу күндері ғана жүз отбасына ішіне азық-түлік толтырылған жақсылық жәшігін үлестірді. Жомарт жанның бұл жобаны бірнеше жылдан бері қолға алғанын білеміз. «Қазақта «бөліссең тоқ боласың, бөлінсең жоқ боласың» деген мәні терең сөз бар. Жағдайлы азаматтар барымен бөлісіп, жоқ-жітікке қарайласса ісі де ілгері басады. Бұл жаратылыстың бұлжымас заңы. Қиын-қыстау кезде халыққа, сол арқылы мемлекетімізге кө­мек көр­се­туі­міз керек. Ең бастысы, мұны жай ғана науқаншылдыққа айналдырмай, өмірлік мақсатымыз ретінде қарасақ сауабы да мол болмақ», дейді ол.

Қайырымдылық қанат қақса қандай жақсы. Жақсылыққа негізделген әрбір істің түпкі өзегінде жақсы үміт, игі се­нім, бауырмалдық пен береке бар. Жер бетінде құм түйіріндей ізгілік пен мейі­рім болмаса тіршілікте мән де қалмас еді. Басымызға төнген тұманды жағдай бірліктің, жақсылықтың, қайырым­ды­лықтың бағасын бұрынғыдан да биіктетті. Жалғыз Алматыда ғана емес, өңір-өңірлерде «Халық жасағы» деген атпен жақсылыққа бастамашы болған жандардың қай-қайсысы да зор құрметке лайық. Олардың бәрін бір мақсатқа жұмылдырған тұтастық пен тілектестік һәм ұлт рухының мызғымас беріктігі. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тік­кен қаһармандарды көпшілікке үлгі ету жақсылықтың арнасын одан сайын кеңіте бермек.