Байқап отырғандарыңыздай, пейзаждық кескіндеменің көрнекті шебері Алексей Саврасовтың «Көктем. Бау-бақша» картинасы 1893 жылы жазылған. XIX ғасырдағы орыс бейнелеу өнерінің сөзсіз жауһары. Сол кезеңдегі орыс өмірін қаз-қалпында таспаға тартқандай, бәрі анық әрі бозғылтым. Мұның не ерекшелігі бар десеңіз, суретшінің жазу мәнері барынша шынайы, сағыныштың самалы есіп тұр.
Кенеп бетіндегі көрініс тым күңгірт, көңіліңізге көлеңке ұялатады. Десе де сонысымен бір сүйіспеншілік сыйлайтындай. Автор оқырманды қуантуға, ашық түстермен сәндеуге, тіпті ойын-сауыққа толы сюжет беруге тырыспайды. Қайта әлсіз бояудың әсерінен әшекейсіз әлемін паш етеді. Ол сол топырақтың перзенті екенін мақтанышпен айтып тұрғандай.
Негізінде аталған шығарма қылқалам шеберінің көркемдік ұстанымына сәйкес келеді. Оның қай картинасын алып қарасаңыз да, артық ештеңе жоқ. Бәрі сол қалпында, ақиқатшыл!
Қар қысымынан жартылай опырылып құлаған қоршау, ойпаттағы әлсіз ағаштар мен аласа бұталар кенептің алдыңғы қатарын құрайды. Сайда қар әлі толық еріген жоқ, дегенмен көктемнің лебімен жер лайсаң тартуда. Үй жануарлары күннің мерейіне шомылып тұр. Әсіресе тауықтар қардың астынан пайда іздеп, әбігерге түсуде.
Композицияның орталығында шаруа ауласы бейнеленген. Жалғыз тұрған үйден тек төбесі көрінеді. Мұржасынан жұқа түтін шығады. Тұрғын үйдің жанында орман белдеуін көруге болады. Мұндай белдеулер арқылы шаруалар егінді желден қорғаған. Алыстан шіркеуге немесе қоңырау мұнарасына ұқсас шағын ғимарат мұнартады.
Жұтаң боялған пейзаж арқылы суретші өзі қоныстанған мекеннің шексіздігі мен құстай еркіндігін көрсетіп тұр. Оны ештеңеге айырбастағысы келмейді. Түпнұсқа картинаны Пермь мемлекеттік көркем галереясынан көруге болады.